Қазақстан • 26 Сәуір, 2020

Елорда көшелерін нөсерлі су басудың алдын алу мәселесі қалай шешіліп жатыр?

213 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елорда әкімі Алтай Көлгінов «Жастар» шағын ауданында коллекторларды қалпына келтіру мен тазарту құбырларының құрылыс барысымен, сондай-ақ,  А. Тоқпанов пен Б. Момышұлы көшелерінің қиылысындағы нөсерлік су кәрізінің құрылысымен танысты.

Елорда көшелерін нөсерлі су басудың алдын алу мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Мемлекет басшысы нөсерлі жаңбыр су жиналуының алдын алу үшін кәріздерді салу жұмыстарының қарқынын арттыруды тапсырды. «Жастар» шағын ауданындағы жаңа құрылыстардың қуаты тәулігіне 42 мың текше метрден асады. Бұл нөсерлік су канализациясының өткізу қабілетін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді: бөгетсіз жинауды, жер үсті ағындарын бұруды және тазартуды қамтамасыз етеді.

Тазарту құрылғылары Ташенов, Бараев, Уәлиханов, Иманбаев және Республика даңғылдарының жаңбырлы су басуын болдырмауға мүмкіндік береді. Тазарту құрылғылары жер астында орналасқандықтан, құрылғы үстіндегі аумақта абаттандыру жұмыстарын жүргізу, шағын сәулет нысандарын орнату қарастырылған.

Құрылыс жұмыстарын 2021 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Екінші нысан Б. Момышұлы және Тоқпанов көшелерінің қиылысындағы нөсерлі су кәріздік тазарту құрылғысының құрылысы болды. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бес ұңғыма учаскелерінде су ағызу және су деңгейін төмендету жұмыстары орындалды, 130 метрден астам магистралды коллектор және т. б. салынды.

Қазіргі таңда елорданың нөсерлік су кәріз жүйесі 15 тазарту құрылғысынан, 3 жинағыш тоғаннан, 390 км магистральды коллектордан, арық желісінен, 64 сорғы станциясынан, шамамен 20 мың жаңбыр суларын қабылдайтын құдықтан тұрады. 2019 жылы Мыңжылдық аллеясы аумағында екі учаскедегі нөсерлік су кәрізінің мәселесі шешілді.