Хамит Біржанұлы 1930 жылдың 2 мамырында Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданының Қаратал ауылында дүниеге келді. 1947 жылы орта мектепті күміс медальмен аяқтағаннан кейін Алматыдағы Шет тілдер институтында оқыды. Диплом алғаннан соң біраз уақыт айтулы білім ошағында ұстаздық етті.
Жаңалық атаулыға құштар жан. 1954 жылдан бері журналистика саласына мықтап ден қойды. Бірқатар аудандық, облыстық және республикалық басылым мен баспада еңбек етті. Солардың арасында «Социалистік Қазақстан» газеті де бар. Республикамыздың бас басылымында партия тұрмысы бөлімінің тілшісі және Қостанай облысындағы меншікті тілші қызметтерін атқарды. Өз кәсібіне адал азамат Қостанай өңірінде болып жатқан әр оқиғаны қаз-қалпында баяндап, өз мақалаларын оқырмандарға дер кезінде жеткізе білді. Сонымен қатар ол астықты аймақтағы тың бастамалар мен игі іс-шаралар, жағымды жаңалықтар мен жаңашылдықтар жайында тебірене жазып қана қоймай, шешімін таппай қордаланып қалған күрделі мәселелерді де өз назарынан тыс қалдырған жоқ.
– «Социалистік Қазақстанның» ардақты аты талай рет қысылтаяңда жол табуға көмектесті, – деп бастады өз әңгімесін Хамит Біржанұлы. – 1962 жылы Қостанайға Дінмұхамед Қонаев келді. Сол кездері Никита Хрущевтің солақай саясатының кесірінен Димекең республикамыздың бірінші хатшылығынан түсіп қалып, Министрлер Кеңесінің төрағалығына ығыстырылған еді. Осындай асыл азаматпен жүздесіп, сырласудың да сәті түсті. Бірде Қонаевтан көлік сұрауға бекініп, қабылдауына жазылдым. Газеттің беделі ғой, кабинетке еш бөгетсіз кіріп, Үкімет басшысына мән-жайды түсіндірдім. Димекең сөзге келместен, республикамыздың белді қос басылымының тілшілеріне «Волга» көлігін мінгізді. Сол кезде кең жүректі азаматтың, дана әрі дара басшының бойынан ізгіліктің исі аңқып тұрғанын анық сезіндім.
1965 жылы Алматыдағы Жоғары партия мектебін тәмамдағаннан кейін Хамит Біржанов Қостанай облысы Рудный қалалық партия комитетінің хатшысы, қалалық және облыстық кеңестерінің депутаты болып сайланды. 1971 жылы қызмет бабымен Алматыға ауысты. Әуелде «Социалистік Қазақстанда» насихат бөлімінің меңгерушісі, көп кешікпей «Қайнар» баспасының бас редакторы болды. Содан кейін 20 жылға жуық уақыт бойы Қазақ КСР Жоспарлау комитетінде бөлім және басқарма бастығы қызметін атқарды.
Хамит ағаның шығармашылық диапазоны да кең еді. Қарымды қаламгер баспасөз беттерінде мақала жазумен шектеліп қалмай, аударма ісімен де белсене айналысты. Марксизм-ленинизм классиктерінің еңбектерін, саяси және көркем шығармаларды, балалар әдебиетін қазақ тіліне тәржімалады.
– «СҚ»-да еңбек еткен жылдарды ерекше бір сағынышпен еске аламын. Сол кездері талай игі-жақсылармен етене араласып, сыйластым. Дінмұхамед Қонаев бастаған басшылар, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғали Орманов, Мәриям Хәкімжанова, Сырбай Мәуленов, Шыңғыс Айтматов, Тұрсынхан Әбдірахманова, Сайфи Құдаш және тағы басқа көптеген ұлы ақын-жазушы, көрнекті ғалым, Кеңес Одағының Батырлары және түрлі салаларда елеулі табыстарға қол жеткізген атақты адамдармен дастарқандас болдым. Осының барлығы да республикамыздың бас басылымының беделінің арқасы, – дейді ақсақал.
Бұл күндері 90 жасқа толған қарт қаламгер әлі де тың. Қазіргі кезде Біржан Хамитұлы Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі және Бостандық аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметтерін абыройлы атқаруда.