Әлем • 27 Сәуір, 2020

Йеменде тыныштық орнар түрі жоқ

276 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен аптада Йемендегі атысты уақытша тоқтату келісімі аяқталды. Осыған байланысты Сауд Арабиясы бейбітшілік жөнінде жаңа келіссөздер жүргізбек. Алайда хуситтер жағы ұсыныстан бас тартты.

Йеменде тыныштық орнар түрі жоқ

Коронавирус пандемиясы мен мұнай құнының құлдырауы Сауд Арабиясына оңайға тиме­гені анық. Сондықтан Эр-Рияд билігі Йемендегі бес жылдан асқан азаматтық соғысқа ықпал етуін барынша төмендетпек. Осы мақсатта Сауд Арабиясы хуситтермен мәмілеге келуді жөн санап отыр.

Естеріңізге салсақ, Йемен­дегі қарулы қақтығыс 2014 жыл­дан бері жалғасып келеді. Осы уақыттан бері шииттердің «Ансар-Алла» қозғалысына жататын хусит көтерілісшілері үкімет әскерімен соғысып жатыр. Сауд Арабиясы сунниттердің басын қосып, коалиция құрып, 2015 жылғы наурыздан бастап азаматтық соғысқа араласқан-ды. Үкімет әскеріне болысқан олар талай мәрте хуситтерге қарымта соққы жасады.

Алайда хуситтер 2014 жылы Йемен астанасы Сананы басып алып, үкіметті Сауд Арабиясына қашуға мәжбүрлеген-тұғын. Содан бері қарулы қақтығыстар сәл саябырсығанымен, мүлдем тоқтаған жоқ. Халықаралық қоғам­дастық хусит көтеріліс­ші­лерін Иран қолдайды деп айыптады. Алайда оны Тегеран да, хуситтер де жоққа шығарды.

Өкінішке қарай, БҰҰ-ның бейбіт келісімге келу жөнінде әре­кеттері нәтиже берер емес. Бү­гінге дейін осы елде мың­даған адам қаза тауып, мил­лионға жуық йемендік босқынға айналды.

БҰҰ тарапы ұсынған бей­біт келісім жасасуға бұған дейін екі тарап та ынта таныт­па­ған. Жоғарыда айтып өт­кені­міздей, мұнай бағасының құл­дырауы мен коронавирус Сауд Арабиясының көзқара­сын өзгертті. Әйтсе де хуситтер өздері қойған талаптар орын­дал­ғанда ғана үстел басына отыратынын жеткізді. Мәселен, көтерілісшілер өздерінің қара­мағындағы Йеменнің солтүс­тік бөлігінен блокаданы алып тастауды талап етіп отыр. Сон­дай-ақ Санамен арадағы әуе қа­тынасын қайта қалпына кел­тіруді сұрады.

«Біздің талабымыз өте қара­пайым. Елімізден кетіңдер, блокаданы алыңдар, бомбалау­ды доғарыңдар», дейді көтері­ліс­шілер басшыларының бірі Мұхаммед Әли әл-Хуси.

Сонымен қатар хуситтер Йеменде шетелдік күштердің болмауын, коалицияға мүше мемлекеттер қираған үйлерді, зауыттарды және дүкендерді қалпына келтіру шығынын көтеруді, жұмысшылардың жалақысын 10 жыл бойы төлеп тұруды сұрап отыр. Сонда ғана көтерілісшілер Эр-Риядқа келіп, келісімге қол қоймақ. Бұған дейін хусит басшылары мәміле жасасу тек шетелде жүзеге асатынын мәлімдеген еді.

Сауд Арабиясы мен Йемен үкіметі БҰҰ-ның ұсынысын қабылдап, елде тыныштық орнатуға мүдделі екенін біл­дір­ді. Алайда көтерілісшілер ұйым­ның ұсынысына мүлдем қарсы. Жоғарыда айтылған талаптардан бөлек, хуситтер Сауд Арабиясын Йеменнің үкімет басшысы Мансур Хадиді қолда­мауы тиіс деп есептейді. Дегенмен, көтерілісшілер Иранмен арадағы байланысты үзуге құлықты емес.

Халықаралық қоғамдас­тықтың Йемендегі азаматтық соғысқа қатты алаң­дауының тағы бір себебі – коронавирус пандемиясы. Әзірге елдегі жағдай беймәлім. Сәуірдің ба­сында бір адамның вирус жұқ­тырғаны анықталды деген ақпарат тараған. Кейін оның сау екені белгілі болды. Алайда COVID-19 жұқтыр­ғандар туралы нақты мәлімет айту қиын. Алда-жалда вирус эпидемиялық сипат алса, ел билігі оны бақылай алмай қалуы әбден мүмкін. Өйткені Йемендегі ауруханаларда маман жетіспейді, құрал-жабдықтар жоқтың қасы. Тіпті кей кезде электр жарығы өшіп қалады. Қысқасы, Йемендегі жағдай мәз емес.

Хуситтердің талабын ха­лық­­­аралық қоғамдастық та, Сауд Арабиясының да қанағат­тан­дыруы екіталай. Бірін­шіден, елге әке­лі­нетін тауарлар мен мұнай өнімдері порттар арқы­лы кір­гізі­леді. Яғни блокада бар деген сылтау шындықтың ауылы­нан алыс жатыр.

Екіншіден, Йемен үкіметін халықаралық қоғамдастық мойындаған. Әділ сайлау ар­қылы сай­ланған. Егер үкі­метті қол­дауға келген шетел­дік әскер ел­ден кетсе, бұл БҰҰ-ға да, халық­аралық қоғам­дастыққа да, Сауд Арабиясына да сын болар еді.

Мұны хуситтер де, Сауд Ара­биясы да жақсы түсінеді. Wall Street Journal-дың па­йымдауынша, көтерілісшілер мүмкін емес талап қою арқылы келіссөздерге ынтасыз екенін аңғартты.