Ұлттық банктің бұрынғы басшыларының бірі кезінде халыққа депозитке салатындарыңызды үш валютаға бөліп салыңыздар деп кеңес бергені есімізде. Ал қазір мультисебет жайлы айтыла бермейді. Сарапшылардың басым көпшілігі АҚШ долларына басымдық береді.
Сарапшы Ерлан Ибрагимнің пайымдауынша, мұндай бағыт қор нарығы дамымаған және шикізатқа тәуелді елдерге тән құбылыс. Тіпті теңге бағамы қазіргідей қырық құбылып тұрған заманда еуроны да, юаньді де сақтық нұсқасы ретінде пайдалануға болады. Себебі бұл екеуінің құбылуы бірдей, әлемдегі бағасы тұрақты валюталардың қатарында. Қазақстандық банктерде осы аталған валюталардың кез келген түрімен депозит ашуға мүмкіндік бар. Бірақ еуро немесе юаньмен депозит ашу өте сирек кездесетін жағдай болғандықтан, Ұлттық банк бұл мәселеге ерекше тоқталып көрмепті.
Бүгін-ертең доллар күрт құлдырайды дегенге ешкім сенбейді. Доллар – әлемді билеп алған валюта. «Осы түсінік қор нарығының дамуына тежеу», дейді сарапшылар. Олардың пайымдауынша, АҚШ валютасы күн сөнгенше сөнбейтін, жерді топан су қаптағанша құнын жоғалтпайтын көшбасшы валюта деген көзқарас бар. Соған қарамастан оның іргетасы шайқала бастағаны, бұрынғыдай орнықты емес екені соңғы кезде көбірек байқалып жүр.
Валюталық эксперименттерге активтерді долларсыздандыру, жергілікті валюталар мен своптарды қолдану арқылы сауда-саттықты өткізу, жаңа банкаралық төлем механизмдері мен цифрлы сандық валюталар кіреді. Маусымда Қытай мен Ресей президенттері өз валюталарында екіжақты сауданы кеңейтеміз деп мәлімдеді. ЕАЭО елдері сауда-саттықты ұлттық валюталарымен жүргізуге келісті. Қазірдің өзінде Иран, Малайзия, Түркия және Қатар мемлекеттерінің басшылары криптовалюталарды, ұлттық валюталарды алтын мен бартерді саудада пайдалану мүмкіндігін талқылауда.
RUSI аналитикалық орталығының сарапшысы Том Китингтің айтуынша, әлемде моновалютаның дәурені аяқталып келе жатыр. Бұл басқа елдердің Американың қаржылық күшіне наразылық білдіруі емес, әрбір елдің ұлттық валютасының әлеуетін арттыру мақсатында қабылданған шешім.
Ресей өзінің қаржы жүйесінің бір бөлігін долларсыздандыруды 2013 жылы бастап кетті. Сол жылдан бастап Орталық банкі өзінің валюталық резервіндегі долларлық үлесті 40%-дан 24%-ға азайтты. Жақында Ресейдің Қаржы министрлігі өзінің егеменді қорындағы долларлық үлесті 125 млрд долларға азайту жоспарын жариялады. Орталық банкі басшысы Эльвира Набиуллина бұл қадамға АҚШ санкцияларының, сондай-ақ валюталық тәуекелді әртараптандыруға деген ұмтылысы себеп болғанын сезгендіктен барғанын айтты. «Біз біртіндеп көп валюталы халықаралық ақша жүйесіне көшудеміз», дейді Ресейдің бас банкирі.
Э.Набиуллинаның пікірімен Англия банкінің губернаторы Марк Карнидің ұстанымы ұқсас. Ол долларға бағдарланған жүйе тұрақсыз болатынын ашып айтты.
ING 2020 жылы ресейлік тауарлар мен қызметтер экспортының 62%-ы доллармен жасалады деп күтеді. 2015-2016 жылы бұл көрсеткіш 80% еді.
2013 жылы Қытаймен сауда-саттықтың барлығы дерлік доллармен жүрді, қазір оның жартысынан да аз. Ресейлік шенеуніктердің пікірінше, бұл өзгерістің себептерінің бірі – сауданы жеделдету. Доллармен жасалған төлемдер бірнеше аптаға кешігуі мүмкін, өйткені қаржы делдалдары санкцияларға тексеріс жүргізеді.
Қытайдың дүниежүзілік тұтынушылық қаржыландыру жүйесіне цифрлы платформалық компаниялары арқылы әсер ететінін көріп отырмыз. Кейбір жерде Alipay логотипі Visa сияқты жиі кездеседі. 2018 жылы Қытай Шанхай қор биржасында RMB фьючерстік келісімшартын енгізді. 2016 жылдан бастап Қытай Америкада тіркелген ірі компанияларды шақырғаны белгілі. Alibaba Гонконгта 13,4 млрд долларға қосымша листинг жасады. Бүгінде Қытайдың Орталық банкі жаңа цифрлы валюта бойынша қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр.
Қытайда БРИКС-тің басқа елдерімен (Бразилия, Ресей, Үндістан және Оңтүстік Африка) ортақ криптовалюта платформасын құру мәселелері талқылануда. Сарапшылардың айтуынша, Американың геосаяси бәсекелестері доллардың үстемдігінен аулақ болғысы келетіні таңғаларлық емес. Бірақ британдықтарды таңдандыратыны, оның одақтастары да долларсыздануды қолдайды екен.
2019-2024 жылдардағы манифестінде Еуропалық комиссияның жаңа президенті Урсула фон дер Лейен: «Мен еуроның халықаралық рөлін күшейткім келеді», деді. Ал оның бұрынғы мүшесі Жан-Клод Юнкер доллардың еуропалық энергетикалық саудадағы үстемдігін «кемшілік» деп атады, өйткені импорттың тек 2%-ы АҚШ-тан келеді.
Кез келген резервтік валютаның шынайы сынағы – қаржылық дағдарыс. Корнелл университетінің профессоры Эсвар Прасад «Доллар қақпаны» кітабында: «Дағдарыс кезінде доллар жеңіске жетеді. Америкадағы 2007-2009 жылдардағы дағдарыс оның қауіпсіз баспана мәртебесін біршама күшейтті. Әлемдік сауда, жинақ, несиелер мен резервтер көбіне бірдей валютада болған кезде бұл күштер бір-бірін нығайтады», деп жазған. Автордың пайымдауынша, дағдарыс кезінде басқа валюталардың бірде-бірі АҚШ долларымен теңесе алмайды. «Әлемдік сауда, жинақ, несиелер мен резервтер көбіне бірдей валютада болған кезде, әлемдік валюталар бір-біріне күш береді», дейді ол.
Бірақ сарапшылар доллардың дефольтын күту бос нәрсе екенін айтады. Оның дефольтқа ұшырағаны ешкімге де қажет емес. Сондықтан қаржының елу пайызын тек доллармен сақтаған жөн. Ал қалғанын теңгеге аудару керек. Теңгенің долларға шаққандағы құбылмалылығы 20%-ға дейінгі аралықта. Бұл көрші елдермен салыстырғанда үлкен көрсеткіш. Доллардың дефольтқа ұшырауы мүмкін емес болса, онда еуроның бір қалыпты бағаны ұстап тұруы да қалыпты жағдайға айналады. Сарапшылардың айтуынша, келер жылы еуроаймақ тағы да қаржылай қолдауға зәру болады. Еуропа елдерінде жүріп жатқан қаржылық көмектердің тым тереңдеп, тамырланып алған дағдарыстың бетін қайтара алмайтынын сараптай келе, кейбір сарапшылар еуропалық валютаның бұл шарықтауы алдамшы екенін баса айтуда.
Қазақстандық сарапшы Ілияс Исаев адамдардың долларға деген психологиялық тұрғыда тәуелділігі ұлттық валютаны бірте-бірте әлсіретуге апаратынын айтады. Өз елінде жолы болмаған теңгенің басқа елде бағаланарына ешкім сенбейді. Ал бізде халық сатып алатын затының бағасын алдымен доллармен бекітіп, оны теңгеге аударып жатады. Сыртқа шығаратын экспорты немесе шетелге жұмыс бабымен сапарға жиі шығатындар үшін доллар қажет. Қаражаттың белгілі бір бөлігін олар онсыз да доллармен сақтайды. Ал енді экспорттық бизнеспен айналыспайтындар, бизнесін ел ішінде жүзеге асыратындар не үшін жерді, көлікті, пәтерді доллармен бағалауы керек?», дейді ол. Долларға деген табынуды шынында да өзіміз қолдан тудырып отырғанымызды күнделікті өмірде жиі байқаймыз. Күнкөрістен артылған қаржыны долларға аударамыз. Сатып алған көлігімізді де доллармен есептейміз. Тіпті туған-туыстар арасында той-томалақ кезінде ауысып жүре беретін кәдесыйларымыздың да доллармен бағаланғанын тәуір көріп тұрамыз. Тіпті балаларға дейін көңілдеріне қонымды заттардың бағасын «Қанша бакс» деп сұрап жатады. Сол ұрпақ ертең ержеткесін ұлттық валютамызды АҚШ долларына деген тәуелділіктен алыстату үшін не істей алады? Жоқ, мұнай дәурені жүріп тұрған кезде «теңгеге күш беру үшін сендер не істедіңдер?» деп бізді кінәлай ма? Ол жағы белгісіз. Білеріміз, АҚШ долларына деген тәуелділік ұлттық валютамыздың ғана емес, ұлттық экономикамыздың да болашағына балта шауып жатыр. Қолы жеткендер көк қағазға қарап марқаяды. Қолы жетпегендер солардың байлығына қарап жаутаңдайды.
АЛМАТЫ