Аймақтар • 27 Сәуір, 2020

Таласбаеваның тасасында кім тұр?

875 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы бұған дейін татулығымен көзге түскен мекеме болған екен. Онсыз да тағдырдың тауқыметін тартқан зағип жандар мен солардың жағдайын жасауға тырысқан қызметкерлердің ынтымағы жарасып, қақ-соқпен ісі болмай, күнделікті іс-шараларын өткізіп, жұмыстарын ықыласпен атқарып келген еді. Шағын ғана ұжымның осылай айрандай ұюына әрине, кітапхана директоры Айгүл Оразқұлованың оқырманға да, қызметкерлерге де жайлы болуы көп рөл атқарғаны анық.

Таласбаеваның тасасында кім тұр?

Енді осынау әп-әдемі ұжымның берекесі осыдан екі жыл бұрын Жанар Таласбаева деген азаматшаның осы мекемеге жұмысқа тұруынан кейін бұзылған көрінеді. Ақпараттық библиографиялық бөлімінің меңгерушісі болып жұмысқа кіріскен Таласбаеваның көп ұзамай-ақ көпшілікпен тіл табыса алмайтыны анық байқалған. Мейлі ғой, ұжым болған соң әртүрлі адамдар болады, жұмыс кезінде түрлі жағдайлар болады, қызмет барысында кім-кіммен ренжіспей жатыр дейсіз... Бірақ, Таласбаева өзінің дөрекілігімен, тілінің ащылығымен көзге түскен көрінеді. Содан бергі екі жылда ұжымда Таласбаеваны тәртіпке шақырған бірнеше жиналыс өтеді. Алайда, одан нәтиже жоқ. Ақырында Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұжымы мәдениет басқармасына, одан еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға арыз жазады. Редакцияға жолданған ол арыздың мәтіні мынандай:

«Құрметті Ақтоты Рахметоллақызы! Біз осы арызды Қазақ соқырлар қоғамының атынан жолдап, жан айқайымызды жеткізбекпіз. Арызда Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында қызмет істейтін Жанар Таласбаеваның шеттен шыққан теріс іс-әрекеттері туралы жазып отырмыз. Бұл қызметкер арнайы кітапханаға келіп, ақпараттық библиографиялық бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істегеніне 2 жылдың көлемі болды. Осы екі жылдың ішінде бұл ұжымда бірнеше мәрте тәртіп бұзушылық орын алды. Жанар Таласбаева кітапханада жұмыс істеп жүрген көз мүгедектері қызметкерлері мен зағип оқырмандардың қитығына тиіп, ауыр сөздер айтқан. «Соқыр», «шолақ», «басын унитазға тығу керек», «ажалдарың менен», «көздеріңнен қан аққызамын, пышақ сұғып өлтіремін» деген сияқты сөздер айтып қорқытқан, зағип азаматтарға телефон арқылы хабарласып, қысым жасаған.

Осындай іс-әрекетінен кейін бұл қызметкердің жүйкесінде ақау бар ма деген тұжырымға келдік. Өйткені, адамдармен қарым-қатынасы өте нашар, дөрекі, балағат сөздер айтады, адамдармен тіл табыса алмайды. Қызметкерлер арасында да үлкен-кішісіне қарамай ар-ұжданын таптайтын, анайы сөздерді көп айтады екен. Екі-үш мәрте қызметкерлер мен Қазақ Соқырлар Қоғамының ақсақалдар мүшелерімен біріге тәртіпке шақыру жиналысы өтіп, Жанар Таласбаеваның тәртібі қаралып, ескерту жасалды. Сол жиналыста сөзге қонақ бермей, өзінің қандай адам екенін іс-әрекетінен-ақ байқатты. Бірақ ескертуден еш нәтиже болмады. Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына оқырмандардың сұранысы бойынша арнайы кітапханада жұмыс істейтін зағип қызметкерлер Таласбаева Жанардың тәртібіне байланысты арыз жолдаған, бірақ, жауапсыз қалды. Ұжым қызметкерлерінің ішінде тифлология бөлімінің бөлім меңгерушісі Ж-ға балағат сөз айтып, өзін «жезөкше» деп айыптағаны үшін жеке басын қорғау мақсатында Таласбаева Жанарды сотқа берді. Зағип оқырмандар бүгінде арнайы кітапхананың қызметін қолдануға қорқатындарын айтты. Біз, зағип оқырмандар кітапханада дөрекі сөйлейтін, сыйламайтын, зағип жандардың ар-намысын қорлайтын азаматшаның жұмыс істегенін қаламаймыз. Осы жәйттерді ескере отырып, Таласбаева Жанардың теріс іс-әрекеттеріне шара қолданып, қызметінен босатылуын сұранамыз».

Міне, ұжымның жанайқайы осы болатын. Бірақ, бұл хат министрге жетпеді. Басшының қысымынан кейін қызметкерлер хатқа қол қоюдан айнып шығады. Обалы не керек, бұл дауға Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бірден назар аударады. Бірақ, осы жерде жұрт күтпеген шешім қабылданды. Яғни, Жанар Таласбаеваның осынау қылығына шыдай алмаған кітапхананың директоры Айгүл Оразқұлова өз еркімен қызметінен босап, орнына зейнет жасындағы Жанат Айтжанова тағайындалады. Ал, Жанар Таласбаева тып-тыныш жұмысын жалғастыра берген. Яғни, бұлар ұжымның шырқын бұзған қызметкерді тәртіпке шақырамыз деп жүргенде көпшілікке болысып жүрген мекеме басшысы жұмысынан кетіп қалады. Амал жоқ, ашынған ұжым ақпарат құралдарының өкілдерін шақырып, осы мәселеге байланысты сұхбат береді. Бірақ, әлдебір күштер араласып, тілшілердің ешқайсысы бұл сұхбатты жарияламаған көрінеді. Яғни, кітапхана басшылығын ауыстыру дауды баспайды. Қайта өршіте түседі. Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ болып тұрған ұжымда осылайша қызметкерінің қылығы үшін басшы жұмысынан босайды.

Жазира МҮЛКІБЕКОВА, Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының бұрынғы қызметкері:

Мен 2019 жылдың 4-қарашасында Алматыдан Тараздағы осы кітапханаға ауысып келдім. Бұған дейін Алматыдағы «Сенім» қорында мүгедек жандармен бірге жұмыс істеген болатынмын. Бір аптадан кейін-ақ Таласбаеваның дөрекі мінездерін байқай бастадым. Алғашында үндемей жүрдім. 2009 жылдан бері осы салада жұмыс істеп келе жатсам да мұндай дөрекі қызметкерді бірінші мәрте көруім. Таласбаева тек қызметкерлерге ғана емес, іс-шараларға қатысуға келген зағип жандарға да дөрекі сөйлеп, «соқыр» деген сияқты мысқылдап отырады. Содан мәдениет басқармасының басшысына хат жаздым. Бірақ, бір айдан аса уақыт өтсе де жауап болмады. Амал жоқ, облыс әкімінің қабылдауына жазылмақшы болып едім, ол әрекетімнен ештеңе шықпады. Осы аралықта ұжымдағы жағдай тіптен, өршіп, Таласбаева дәлізде кетіп бара жатқан маған аяғын тосып, шалып құлатып, дене жарақатын алдым. Осыдан кейін шыдамым таусылып, облыстың бас еңбек инспекторына бардым. Ол кісі «Біз Таласбаеваның жеке басын ұстауына байланысты ешқандай шара қолдана алмаймыз» деп ашық айтты. «Қызметтік этика қайда қалды?» деп едім, ол «Бұл қызметтік этикаға жатпайды» деді. Содан Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұловаға хат жаздым. Бірақ, кітапхана директоры «Ойбай, арызды министрге берме, бәрін өзім реттеймін, жөндеймін» деп елордаға кеткен маған хабарласып, хатты бергізбеді. Директор тіпті, ұжымды үгіттеп, министрге жазылған хатқа қол қойдырмай тастады. Менің жанарым мүлдем көрмейді, екі көзімді де алып тастап, протез салған. Көзім көрмесе де көшеде, дәлізде келе жатқанда қарсы алдымда адамның тұрғанын түйсік арқылы сеземін. Жұмыста Таласбаеваның алдымда кесе көлденең тұрғанын бірнеше рет байқап, айналып өтіп жүрдім. Бірақ, бірде дәретханадан шығып келе жатқанда байқамай қалып, әдейі тосқан аяғына шалынып құладым. Сонда Таласбаева «Сенің көзің көреді, сен жұрттың бәрін алдап жүрсің, өтірікшісің» деп қолымен нұқып-нұқып жіберді. Тағы бір байқағаным, ол кісі лезде полиция, жедел-жәрдемнің дәрігерін шақырып алады. Келген дәрігердің «Сіздің қан қысымыңыз қалыпты, не төмен емес, не жоғары емес» деп айтқанын өз құлағыммен естідім. Сонда да жедел-жәрдем көлігінен түспей, солармен кетіп қалып, арада он-он бес минөт өткенде қайтып келіп жүрді. Ақырында мен өз еркіммен жұмыстан босап кеттім. Қазір Алматыдамын. Таласбаева жұмысын жалғастырып жатыр.

Иә, кітапхана қызметкерлерінің айтуына қарағанда Жанар Таласбаеваның тәртібіне байланысты бірнеше мәрте акт толтырылған. Мысалы, 2020 жылдың 4-ақпаны күні Жанар Таласбаева арыз бойынша БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткізілген жиыннан кейін кітапхана басшысының рұқсатынсыз сағат 17-00-де жұмыс орнын тастап кетіп қалған. Ал, 2018 жылдың 20-желтоқсанында Ж. Таласбаева директордың кабинетіне кіріп, аузына келгенін айтып, директорға «Сен директор емессің, топассың», «бірді бірге қоса алмайсың», «бастықтың алдына барғанда мүләйімсіп қаласың» деген дөрекі сөздер айтқан. Қысқасы, Таласбаеваның үстінен бірнеше рет осында  акт толтырылып, ұжым мүшелері оған куә ретінде қол қойған. (Бұл актілердің көшірмесінің бәрін редакцияға жолдапты). Рас, Таласбаева кейіннен жұмыста болмаған кей күндеріне еңбекке жарамсыздығы туралы анықтама әкеліп өткізіпті.

Енді құрметті оқырман, ешқандай эмоцияға берілмей, осы бір дауды ақылға салып сараптап көрейікші. Бүкіл бір ұжымның жақсы болып, жұмысқа кейіннен келген бір адамның жаманы болуының астарында не жатуы мүмкін? Яғни, дәл осы жерде Таласбаеваға болысып көрейікші. Мүмкін Таласбаева мықты маман шығар. Шынында жұмыстағы кемшіліктің бәрін анықтап, оны көзге шұқып көрсетіп, ұжымның бетіне басқан болар. Оның бұл қылығын директор мен оның ықпалындағы қызметкерлер жаратпаған болар. Қол астындағы қызметкерлерді жатқызып-тұрғызып жүрген директорға кейіннен келген біреу бағынғысы келмесе, бар бәлені соның басын үйіп-төгіп тастайтын әдіс біздің басшыларда бар емес пе? Жасыратыны жоқ, біз бұл дауда Жанар Таласбаеваны дәл осылай ақтап алғымыз келген. Бірақ, Таласбаева еңбек еткен бұған дейінгі ұжымдарда да дәл осындай жағдайдың орын алғанын білгенде тіптен, не айтарымызды білмедік.

Таласбаева 2014 жылы Тараз қаласындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы көп балалы және аз қамсыздандырылған отбасы балаларына арналған мектеп-интернатында кітапханашы болып еңбек етіп жүрген кезде де осы білім шаңырағымен соттасқан екен. Қысқаша баяндасақ, жұмысқа себепсіз келмей қалғаны үшін мектеп директоры оны 2014 жылдың 18 шілдесінде қызметінен босатқан. Таласбаева сотқа жүгінеді. Бірақ, Тараз қалалық сотының судьясы А. Нұрлыбекова 2014 жылдың 4-желтоқсанында Таласбаеваның талабын қанағаттандырмай, мектеп директорының шешімін заңды деп тапқан.

Содан Ж. Таласбаева Тараз қаласындағы Д. Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасына жұмысқа кірген. Бұл жерде осы мекеменің қызметкері Мира Расуловамен соттасады. 2019 жылдың 16-қаңтарында шыққан сот шешімінде былай деп жазылған: «Жеке айыптаушы М. Расулова төмендегі мән-жайларға сүйене отырып, сотқа қорлағаны үшін Ж.Таласбаеваны ҚК-нің 131 бабының 1 бөлігімен жауапкершілікке тарту туралы жеке айыптау шағымымен жүгінген: 22 қыркүйек 2018 жылы сағат 10.00 мен 11.00 аралығында Тараз қаласы, «LL» дәмханасына қарама қарсы орналасқан аялдама жанында сенбілік кезінде сотталушы Ж.Таласбаева оған қатысты себепсіз былапыт сөздер айтып, оны қорлады». Сөйтіп Тараз қаласы N2 соты құрамында төрағалық етуші судья Н. Дауылбаев «Расулова Мира Алметовнаның жеке айыптау шағымы бойынша қозғалған қылмыстық ісі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзу туралы мәселенi шешу үшiн Тараз қаласының прокурорына жіберілсін» деген шешім шығарған. Алайда белгісіз себептермен бұл іс аяғына дейін жетпеген.

Қолымызға Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Ж. Таласбаеваға қатысты облыстық әкімдікке берген анықтамасы түсті. Анықтамада жазылған мәліметтерге қарағанда 2018 жылы Ж. Таласбаева Д. Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында жұмыс істеп жүрген кезде осы мекеменің директоры Г. Инкарбекованың үстінен бірнеше мәрте арызданады. Бұл арыз бойынша облыстық еңбек инспекциясы, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тексеру жүргізген, бірақ, арызда жазылған мән-жайлар дәлелін таппайды. Одан сол жылы осы кітапхананың ұжымы Таласбаеваның үстінен арызданып, оның тарапынан ұжымның қызметкерлеріне қатысты дөрекі сөйлеу және ар-намысына тиетін сөздер айту фактілері бойынша шара қолдануды өтінеді. Бірақ, басқарма мұндай фактілер бойынша тексеру жүргізу құзіретіне кірмейтінін, тек сотқа арыздану керектігін айтқан.

2018 жылы Таласбаева директор А. Оразқұлованың атына өтініш жазып, Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасына бөлім меңгерушісі болып ауысады. Бір жылдан кейін яғни, 2019 жылдың желтоқсан айында ол «Мені балалар және жасөспірімдер кітапханасынан көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасына заңсыз ауыстырған» деп басшысы Оразқұлованың үстінен еңбек инспекциясына арыз жазады. Инспекция жан-жақты тексеріс жүргізгенімен арызда жазылған дүниелер дәлелін таппайды. Енді кітапхана ұжымы Таласбаеваның үстінен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына арызданып, оның себепсізден себепсіз балағаттап, ар-намыстарына тиетінін айтады. Басқармадан келген комиссия Таласбаеваның мінез-құлқына байланысты ұжым мүшелерінен түсініктемелер алғанда оның осы мекемедегі қызметкерлердің 90 пайызына дөрекі сөйлеп, ар-намыстарына тигені анықталады. Осыған орай ұжымда арнайы жиналыс ұйымдастырылып, кітапхана директоры А. Оразқұловаға ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды қалпына келтіру үшін тиісті шаралар қабылдау ұсынылады. Оразқұлова тиісті шаралар қабылдайды, бірақ, ол нәтиже бермейді.

Енді Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында жұмыс істейтін Ж. Таласбаева 2019 жылы осы мекеменің қызметкері Ж-мен соттасады. Нақтырақ айтсақ, тифлология бөлімінің бөлім меңгерушісі Ж. өзін балағат сөз айтып «жезөкше» деп айыптағаны үшін Таласбаева Жанарды жеке басын қорғау мақсатында сотқа берген. Сот жарты жылға созылып, өткен аптада ғана судья Ж. Таласбаеваға 50 500 теңге айыппұл салу туралы шешім шығарады. Рас, сот шешімі әлі күшіне енген жоқ.

Осы мақала жарияланар алдында Жанар Таласбаеваның өзіне хабарласып, мән-жайды білмек болдық. Амандық-саулықтан кейін редакцияға келген арыз туралы айтып, «Жазира Мүлкібекова дегенді танисыз ба?» деп сұрағанбыз.

  • Жоқ... – деп қалды алғашында Ж. Таласбаева.
  • Бірге жұмыс істепсіздер ғой...
  • Ой, ол бәле бізде жұмыс істеп кеткен... Сөйтіп жұмыстан қашып кеткен.
  • Арызда Мүлкібекова сізді аяғымнан шалып құлатты, өте дөрекі адам деп жазыпты.
  • Жоқ, ол қыз жұмыстан кетіп қалған. Директор шығарып жіберген. Соның кесірінен директор жұмысынан босап кетті. Мен сізге ол қыздың қалай жұмыстан шыққаны туралы бұйрықты жіберейін. Қазір карантинге байланысты үйде отырмын, 4-мамыр күні жұмысқа шығамын. Сол қыздың кесірінен 11 жылдан бері отырған директорды жұмыстан шығарып жіберді. Сөйтіп, ол қыз бәле екен. Директор да соның кесірінен жұмыстан шықтым деп қатты ренжіді...

Қысқасы, Жанар Таласбаеваны қанша әңгімеге тартсақ та бұдан артық ештеңе айта алмады.

Енді өзіңіз ойлап көріңізші, Таласбаева еңбек еткен ұжымның бәрі немесе ол қызметтес болған жандардың барлығы  бәлеқор, арызқой, соттасқыш болуы мүмкін бе? Біз әрине, Жанар Таласбаеваны бастан-аяқ қаралаудан аулақпыз. Біз тек болған жайтты ғана айтып отырмыз. Біз емес, сот шешімдерінің өзі көп нәрсені айтып отыр емес пе? Бұл сот шешімдерінің барлығы қолымызда бар. Ендеше Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бұл істе неге солқылдақтық танытып отыр? Әлде басқарма басшылары бұл істе батылдық танытуда әлдебіреулерден сескене ме? Шынында Таласбаеваның тасасында кім тұр? Ал, бұл даудан Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың хабары бар ма? Мүгедек жандар, бүтіндей бір ұжым қашанғы сергелдеңге түседі? Осы істің төрелігін айтатын жан бар ма?