«Міндет – қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қызметкерлеріміз қаладағы 27 блок-бекет пен 41 мобильді бекетте карантин кезіндегі халықтың әрлі-берлі қатынауын қадағалайды. Еш себепсіз қалада жүріп-тұруға болмайтынын бұған дейін де айтқанбыз. Десе де тәртіпке бағынбайтындар әлі де табылуда. Қазіргі таңда 476-бап бойынша төтенше жағдай режимін бұзу жөнінде 1770 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 490 адам қамалса, қалған адамдарға айыппұл салынды немесе ескерту жасалды», – дейді Алматы қаласы Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұратәлиев.
Блок-бекеттерден бөлек, қала ішінде жұмыс істейтін мобильді жедел топтар шаhардың барлық аумақтарын, көшелерін тұтас қамтыған. Олар көліктің мемлекеттік нөмірін планшеттің көмегімен арнайы база арқылы тексеріп, жүруге рұқсаттың бар-жоғын анықтайды. Ал қаланың тыныс-тіршілігіне қатысы бар жүк және қоғамдық көліктер арнайы жолақ арқылы өтеді. Егер көліктің карантин кезінде жүруге рұқсаты жоқ болып, еш себепсіз шықса, транспорт арнайы тұраққа жеткізіліп, жүргізушіге қомақты айыппұл салынады.