Руханият • 27 Сәуір, 2020

Исраил Сапарбай. «Жүрегімнің түбінде шүкіранам...»

894 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ащылы-тұщылы өмір болған соң пешенелі пенденің басында әрқалай сын-сынақтар әр мезгіл-мезетте өтіп жататыны Хаққа аян. Бұл табиғи құбылыс па, әлде, кездейсоқ кесір-кесапат па, әліптің артын бағу бізге тән. Міне, күллі адамзат қауымы қазір дәл осыбір хал-ахуалды басынан кешіріп жатыр. «Қияметқайымды мен емес, пендемнің өзі жасайды...» деген  жалғыз ауыз сөз Алла ақиқаты ма, әлде, Хадис қағидаты ма, оны да кесіп-пішу біздің еншімізде емес. «.Жаппарқұлға жан нәсіп» демекші, ес жиып, етек басу әрекетіндеміз. Әрі қарай әуремізден тиылып, тәубемізге келіп жатсақ –  «Ештен кеш жақсы».  Кешелі-бүгін өмірге келген төмендегі өлең өрімі де осы көңіл күйді алға тартады...

 Автордан

Исраил Сапарбай. «Жүрегімнің түбінде шүкіранам...»

       Ауырма, ару Алматы!..

 Дәрмені жоқ,

Даты көп дімкәс қала,

Үнсіз қалған ұқсайды Үнтаспаға.

Көнбей жатыр әуенім «Әридайға»,

Келмей жатыр өлеңім ұйқасқа да.

 

Ауа тымық,

Ай сынық,

Дала сұлық...

Көк пен жердің алтықат арасы бұлт.

Обыр менен тобырды опасы кем

Алатаудан жіберсек ары асырып?!.

 

Хабар – қаңқу,

Сөз – өсек,

Тіл – ақпарат...

Көктен жұлдыз тұрғандай жылап қарап.

Іннен шыққан ІНДЕТІН кім жасырмақ?

Түннен туған КҮНӘСІН кім ақтамақ?

 

Күнәліміз!

Жылаңыз,

Қуаныңыз:

Жын-жыбырдың ұясы жыр-әніміз,

Құлақтарда бітелген бұлағымыз,

Жүраттарда жұтылған «жұмағымыз»...

 

Ал, індет пе?

Ал, індет кәміл дертте:

Жаның—көкте...

Тастай бер тәніңді өртке!

Залым көпте заманың Заруайым,

Зәнталаққа айта бер, зарың жетсе.

 

Дәрмені жоқ,

Даты көп,

Дімкәс қала,

Үнсіз қалған ұқсайды Үнтаспаға.

...Өзің кірер есікке еңсеңді бұр,

Өзің жүрер жолыңа күл тастама!..

 

                                                            22.03.2020.

 

                     Тәуба

 

Ұмай текті ұрығы ұлы ананың –

Жұттан қалған мен де бір жұғанамын.

Жанарыма мұң қонса, жаным жылап,

Балағыма бит қонса қуанамын.

 

Ит пен битте қадірсіз қазына бар,

Қадіріне жеткен жан қазып алар.

Жаратқанның «үф» еткен жалғыз демі,

Жарақаттан жаныңды жазып алар.

 

Дәрмен кетті,

Демеймін пәрмен жетті,

Әлі күнге ән-жырым әрленбепті...

Көңіліммен өлшеймін жер мен көкті,

Өміріммен өлшеймін бар мен жоқты.

 

Бауыр – бағбан,

Жүрек – гүл,

Өкпе – жетім,

Көкіректе шаруам жоқ көк керетін.

Ғаламды да көшірем көз аяма,

Адамды да кешірем жек көретін!

 

Бауырым ба?

Баракат: бүтін, аман...

Жүрегімнің түбінде шүкіранам.

Кәміл Иман иесі – Хақ тағала

Не салса да басыма,

Күтіп алам!..

                                                    22.03.2020.

 ьбь

                          Күн ашылса...

 

Күн ашылса...

Бұлт көші тырағайлап,

Қан тараса тамырда тұлабойлап.

Жылан ирек жылымық жыра бойлап,

Бүлкілдесе бүйірде бұлақ ойнап.

 

Күн ашылса...

Жарытып нұрсәулені,

Кешпес ем-ау басымнан мұнша әурені...

Арық-тұрық дүние қамықтырып,

Жалықтырып жіберді құрсау мені!

 

Күн ашылса...

Абдырап алаң көңіл,

Жұтар ма едім жұпарша самал лебін.

...Пейіліме Періште аян беріп,

Сауық құрып жүреді санамда Өлім...             

 

Күн ашылса...

Күлімдеп гүлдің өңі,

Құтылар ма ем құрсаудан, кім біледі?

...Өлгенде де,

Өмірге келгенде де

Қалай қиып кетерсің бұл дүниені?..

 

Күн ашылса...

Саған да «әу» дер едім,

Аләзірге келмей тұр әурелегім.

Қағбамды ашып,

Қанша жыл  қаңғып жүріп

Қайта келген басыма дәурен едің...

           

Күн ашылса...        

Інімнен мен де шығып,

Желбегейді жеңілтек желге ұшырып,

Қара жердің буына буын босап,

Отырғызар едім-ау мен де шыбық...

 

                                                                23.03.2020.

 

                              Үйқамақ

                  /ностальгия/

 

«Шатпағымнан» жалығып шимайлаған,

Үйкүшіктей жабығып үйді айналам.

Өз алдына бір әлем ашылмаған

Көз алдыма келеді мидай Далам...

 

Көз алдыма келеді ауыл-аймақ...

Қара басып, отырмын қауіп ойлап.

Мені апат пен опаттан сол құтқарар,

Апай-топай кетпесе дауыл айдап!..

 

Көз алдыма келеді ауыл-аймақ,

Бәрі де айғақ:

Күн кешкен «ә, құдайлап».

Анашымның қолынан ала салып

Тандыр нанды жегенім сарымайлап.

 

Көз алдыма келеді ауыл-аймақ...

Жеңіл тартсам деп едім, ауыр ойлап.

Құлын даусы шығады ағайынның

Құлағымның түбінен «бауырайлап».

 

Көз алдыма келеді ауыл-аймақ,

Тар кезеңде табысқан Тәңір айдап...

Қара басым қашанғы қайғы ойламақ?

Қара қорым қашанғы қоңыраймақ?

 

«Шатпағымнан» жерініп шимайлаған

Өз үйіме, қайтейін, сыймай барам.

...Қорымжай мен қораға қолым жетпей

Мен пақыр да бір күні қиға айналам...

 

  1. 03. 2020.

олол

                 Көңіл ауаны

 

Көгімде емес,

Көрінбей жүрген іште

Көзіме оттай басылды бір Періште.

Қалай жиям есімді талып түскен?

Қалай қиям мен Оны күнкөріске?

 

Күнкөріс пе?

Жо-жо-жоқ!

Пенде емес Ол!

Пенделікпен өлгенше енді егесем!

«Пешенеме жазылған жазмышым» деп,

Пейіш жаққа періммен мен де көшем.

 

Шемен жүрек,

Шерлі өлең,

Шерменде жүк

Күннен-күнге барады кеудемді езіп.

Көкала үйрек көзмоншақ көлден ұшса,

Мен де кетем Пейішке елден безіп.

 

Ұйқы қашты...

Жоқ, безді ұйқы менен!

(Күндес қатын сияқты күйкілі Өлең),

Сылаңдайды,

Сыбырлап, сыр аңдайды

Сыған қызы сияқты сиқыр әлем.

 

Қылмойында зілмауыр жүк бар ма еді?

Жүгі батпан жүректі жұптар ма еді?..

Сүйген құлың мен болсам, ей, Жаратқан,

Қу тірліктің құлынан құтқар мені?!

 

                                                                  28.03.2020.

 

                   Талқармау

 

Басым қырау...

Ғазауат ғасыр мынау.

Бас білмеген асау ем, басылдым-ау.

Күмәні жоқ күнәға баттым білем,

Тағдырым-ай, тарыдай шашылдың-ау?!

 

Тағдырым-ай,

Тағдырым,

Талмабойым,

Қалай сені қанқасап қарғамайын:

Жетегіме көнбесе жетпегірім,

Етегіме сүрінсе жалбағайым?!

 

Тағдырым-ай,

Тағдырым,

Талмабойым,

Таусылды ма «Әридай», «Арман-айың»?

«Жақсы менен жаманды айыра алмай...»

Абайды да зарлатты-ау «арлы» ағайын...

 

Қараша үйдің шайқалып шаңырағы,

Қоражайда қозы-лақ жамырады.

«Құдай болғым келеді, құдай болғым» -

Адамзаттың әзелгі «әнұраны»!!!

 

Көкте біреу,

Жердегі «құдай» қанша?

Құптар ма едік шырқымыз шырайланса.

Өзге түгіл, өзіңді таба алмассың:

«Өтеріңде дүние шыр айналса...»...

 

Көкте біреу,

Жердегі «тәңір» қанша?

Сорымызға сол қайғы...тамырланса.

«Бар әлемді билеймін, илеймін!..» деп,

Қара жерді жастанған қабыр қанша...

 

Басым қырау...

Ғазауат ғасыр мынау.

Бас білмеген асау ем, басылдым-ау.

Тәңірімді танымай жүрген басым,

Талқармауда тарыдай шашылдың-ау...

 

                                                                    30.03.2020.

 попрн

                      х х х

 

Іріп кетсін індеттен ішім, мейлі,

Түсінбейді мені ешкім, түсінбейді:

Өмірімді азалап өлеңіммен,

Көңілімді «Көктаспен» мүсіндейді.

 

Түкіргенім бар менің «Көктасыңа»!

Мықты болсаң:

Жатсынба, жат қасыма.

Пешенемде жан білмес жазуым бар

Пенделіктің сыймаған ноқтасына.

 

Иә, солай,

Ноқайым,

Намақұлым...

Қияндағы қыранға қанаты мұң.

Түсіп жатыр жанымның жапырағы,

Ішіп жатыр қанымды қара түнім.

 

Түсіп жатыр жанымның жапырағы,

Қуаң тартып құбажон атырабы.

Қыр астында қызыл Күн қызықтырып,

Күн астында Күнікей шақырады...

 

Өшіп=жанып өнбойда өжет сенім,

Көкжиекке көз салам, тез өтсе күн.

Ақ шам,

Көк шам,

Қызыл шам қылымсиды

Көлгірсіген көзіндей Жезөкшенің...

 

                                                                 01.04.2020.

 

               Өлі күндер...

 

Өтіп жатыр елеусіз өлі күндер...

Басқан білем желбуаз желігін де ел.

Бойлап отыр қиялым тұңғиыққа,

Ойлап отыр екен деп мені кімдер.

 

Жел үптердей жетпегір желігімді,

Не көрінді көзіме?

Не бүлінді?

Аңсарымды аударып құладүзге,

Саусағыммен санаймын өлі күнді.

 

Өлі күннің өлшемі бола ма деп

Жөн сұрағым келеді Молаға кеп.

Бәлкім, Баукең ақырып шыға келер,

«Ей, идиот, молаға жолама!..» деп.

 

Үйден шықпай..,

Қам жасап Қарабайлап,

Бар малымды тоғытсам қораға айдап,

Бәлкім, Қаскең қабағын қарс айырар

«Жарамайды, әй, мұның, Дарагөй...» деп.

 

Арманыма көз салып арықтаған

Тағдырымды танудан қалып барам.

Мен адамнан қорқамын торықпаған,

Мен адамнан қорқамын қамықпаған...

 

Құзырына Құдайдың құлақ аспай,

Құладүзді қуып жүр мына бәшпай...

Құлазыған, қуарған түрім мынау

Құз басынан құлаған қу ағаштай.

 

Өлі күннің өлшеулі аржағы мұң...

Жарғақ үнім,

Ішімде жалбарыным.

Алла түгіл ауылға анау тұрған

Амалым не, жетпей тұр қарға адымым.

 

...Өтіп жатыр өлшеулі өлі күндер,

Еркем де жоқ жанымда «Елігім...» дер.

Өткен-кеткен етжақын Елкезерлер,

Ене бермей түсіме, көрініңдер!!!

 

Төрден көріп,

Жүргенмен көрден көріп

Кете қояр жайым жоқ сендерге еріп.

Одан гөрі...

Ағзасын Жер-Ананың

Елес болып,

Ел болып емдер ме едік?!

 

                                               02.04.2020.

 

ег

                  Мен ауылға барғанда...

 

Жауын қайда кешегі, жауын қайда?

Жауыннан соң жайқалған бауым қайда?

Жай оғынан жарыған буаз бұлт,

Желіні ісіп, жер сызып бауырлай ма?..

 

Дауыл қайда кешегі, дауыл қайда?

Тарпаң мінез, тағы күш тау ырғай ма?!

Салқам басып, сал желген Сәуірімнің,

Сауырынан қара тер сауылдай ма?

 

Ауыл қайда кешегі, ауыл қайда?

Арқа=жарқа ағайын, бауыр қайда?

Білгім келіп..,

Бірін де таппаған соң,

Жүрек сазып, жан сыздап ауырмай ма?

 

Қазым қайда кешегі, Қазым қайда?

Сәуірімнің бауыры жазылмай ма?

Дарабозды шалғынға қоя беріп,

Қаракөзге айтатын назым қайда?

 

Тырнам қайда кешегі, Тырнам қайда?

Қаракөзге сыйлайтын сырғам қайда?

Жұлдыз сорғып төбеден, Ай ауғанша,

Айтылмайтын арада сыр қалмай ма?!.

 

Аққу қайда кешегі, Айдын қайда?

Қаңғып келген қара бұлт Айды ұрлай ма?..

Қаракөзім қалаға кеткеннен соң

Қара басым қан жұтып қайғырмай ма?

 

«Қорым қайда,--демеймін,--Қорым қайда?»

Мен баратын Қорымға орын қайда???

Орамылым суланып қайтар жолда,

Сорам ағып көзімнен, сорым, қайна...

 

                                                                   02.04.2020.

 

              Ажалмен арбасу

 

Елсізде...

Екі кештің арасында

Егестім Мен Онымен, нанасың ба?

 

Құзғындай құз, жартаста құсып өлген

Онсыз да талай-талай түсіме енген...

 

Тақырды пақырменен табыстырған

Тар жерде талай шөлмек қағыстырғам...

 

Қарамай қара суық, қатқан мұзға

Шалжиып саз, балшықта жатқанбыз да!

 

Азғырып «алтын» деген жалған аңыз

Суға да батып кете жаздағанбыз.

 

Қып-қызыл шыққанда да өрттен аман

Денеме у тілінен дерт тараған.

 

Лағып айдалаға атқан оғы,

Сыртымнан қанша сыбап, даттамады?..

 

Амал не, асыра алмай сан айласын,

Тау-тасқа соққаны бар талай басын.

 

Көрсе де, көрмесе де көзбен атып,

Жүргені ту сыртымнан сөз боратып.

 

Кім білсін, Әзәзілдің әмірі ме:

Қапталдан шыға келді тағы, міне!

 

Жан беріп, жан алысқан жекпе-жекте,

Жаратқан, жауға мені шөккелетпе!!!

 

...Сезінді-ау алысқанмен ала алмасын,

Қынапқа қайта сұқты ақ алмасын.

 

Көңілге қош келе ме мұндай Ғаріп?

Заматта ғайып болды түнге айналып!..

Исраил САПАРБАЙ                                                                

10.04.2020.