9 млн теңгеден астам қаражатты құрайтын жеке қорғаныс құралдары «СҚ-Фармация» компаниясына тапсырылды. Айта кетейік, төтенше жағдайды жою жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімімен «СҚ-Фармация» гуманитарлық көмек таратудың бірыңғай операторы ретінде анықталған болатын.
«Бүгін бізге «Хуавей Текнолоджиз Казахстан» компаниясынан гуманитарлық көмек келіп түсті. Алынған жеке қорғаныс құралдары қазіргі уақытта ең мұқтаж медициналық ұйымдарға таратылатын болады», - деді «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Берік Шәріп.
Оның айтуынша, Бірыңғай дистрибьютор барлық келіп түскен гуманитарлық көмекті қабылдайды, медициналық ұйымдар арасынан тапсырыс қабылдайды және бизнес өкілдерінен келіп түскен тауарларды елдің барлық медициналық ұйымдарына жеткізуді қамтамасыз етеді.
Қазіргі таңда елге АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия және БАӘ елдерінен гуманитарлық көмек көрсетілді. Сондай-ақ қазақстандық компанияларда отандастарымызға барлық көмектерін көрсетіп жатыр.
«Біз Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен COVID-19 бен күресуге бағытталған #бізбіргеміз акциясын толығымен қолдаймыз. Қазіргі таңда үлкен жұмыс атқарып жатқан медицина қызметкерлеріне қолдау көрсету өте маңызды, сондықтан біз оларды қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуге өз үлесімізді қосуды жөн көрдік. Біз бәрін бірге жеңеміз», - деді «Хуавей Текнолоджиз Казахстан» компаниясының бас директорының орынбасары Лю Ди.