Экономика • 27 Сәуір, 2020

Шикізат пен азық-түлік балансы теңесуі мүмкін

16 реткөрсетілді

Егер астықтың тоннасы кенеттен мұнайының тоннасымен салыстырғанда артық бағаланса, онда әлемдік шикізат пен азық-түлік нарығы тұрақсыздыққа тап болғанын көрсетеді.

Дүниежүзілік банк келтірген мәліметте әлем бойынша биыл жыл соңына дейін ауылшаруашылығы өнімдерінің қоры жеткілікті болып, жалпы баға тұрақты деңгейде сақталады делінген. Азық-түлік бағасында тұрақтылық сақталғанымен салада кем-кетік мәселелер орын алу бекмүмкін. Мысалы, тыңайтқыштардың жетіспеуі я болмаса жұмыс күшінің қол жетімді болмауы күтілуде.

Бұдан бөлек, логистика саласында бірқатар келелі мәселелердің туындауы дамушы елдердің нарығына жіберілетін гүлдер, жемістер мен көкөністер сияқты тез бұзылатын өнімдердің экспортын тежейді.

Пандемия мен оған қарсы күрестің салдары аграрлық өнім өндірушілер үшін де, тұтынушылар үшін де әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, Германияда шекараның жабылуымаусымдық ауыл шаруашылығы жұмысшыларына кедергі келтіріп отыр. Неміс шаруа Одағының (DBV) басшысы Йоахим Руквидтың айтуынша, негізгі азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесінде қиындықтар болуы мүмкін емес, бірақ көкөністер мен жемістерге қатысты кейбір дақылдардың тапшы болуы мүмкін. Өз кезегінде өнімнің жетіспеушілігі бағаға әсер етеді.

Ал негізігі азық саналатын азияттықтардың күріші алдағы жоспарланған уақытқа жетпей қалуы мүмкін. Биыл күріш бағасы Таиландта алты жылдан астам уақыт ішінде ең жоғары деңгейге дейін көтерілген. Вьетнам үкіметі 25 наурыз күні халықты қамтамасыз ету және резервтер жинау үшін күріш экспортына уақытша тыйым салды. Індетке дейін Вьетнам мен Тайланд әлемдік нарыққа күрішті экспорттап отырған көшбасшы елдер санатына жатқызылып келген еді.

Әлемдык нарыққа бидай экспортын тұрақты жүргізіп отырған Ресей 1 сәуірден бастап Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) шегінен тыс елдерге негізгі дәнді - дақылдар-бидай, қара бидай, арпа, жүгері экспортына шектеу енгізді. Бұған дейін біздің ел де бидайды сыртқа шығаруға тиым салғанын білеміз. Кейін квота арқылы яғни шектелген көлемде экспортталатыны белгілі болды. Кейін ауылшаруашылығы министрлігі шекарадан шығаруға тыйым салынған ауыл шаруашылығы тауарларының толық тізімін жасап, қарақұмық, қант, картоп, сәбіз, қызылша, күнбағыс майы сынды өнімдер квота арқылы экспортталып отыр.

БҰҰ-ны індеттің арты тиылмаса, әлем бойынша азық-түлік жетіспеуі орын алып, тіпті, осы жылдың соңына қарай жер жаһандағы 265 миллион адам жерер асқа жарымай қалуы мүмкін екенін айтып дабыл қағуда. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының басшысыМаксимо Торероның айтуынша, ауылшаруашылығы дамыған елдерде егін жақсы болғанымен, бұл салада қызметкерлер саны жетіспеуі мүмкін.

̶ Бұл жағдай бағаға әсер етіп, тарифтер қымбаттайды, әр ел алдымен өз халықын қамтамасыз ету үшін өнім экспортына шектеу енгізеді. Жағдай күрделенсе, Үкіметтің азық - түлік ағынын шектеуі мүмкін. Еркін сауда ағыны енді бақылауға алынады. Бұл жағдай елдер арасындағы нарыққа таластың тууына, түйіткілді мәселелердің орнауына алып келуі мүмкін. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз етумен қатар, өнім өндірушілердің дағдарысқа ұшырамауын қадағалау да аса маңызды. Әсіресе, одақтас елдер өз өнімдерін көрші елдерге көптеп өткізуге тырысуы мүмкін. Түптеп келгенде шиленістен қашып, бүкіл әлем бойынша азық-түлік ағынын қорғайтын уақыт жетті, ̶  деді БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының басшысы.

 

Соңғы жаңалықтар

Азияда COVID-19-дан өлім неге аз?

Коронавирус • Кеше

Ұқсас жаңалықтар