03 Сәуір, 2010

ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІНЕН ҮМІТ МОЛ

627 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанынан Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі біртұтас үйлестіру кеңесін құру бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі. Кәсіпкерлік мәселелері жө­нін­дегі біртұтас үйлестіру кеңесі Мемлекет басшысының Прези­дент жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің жалпы отырысында үстіміздегі жылдың 26 ақпанын­да берген тапсырмасын орындау мақсатында құрылғалы отыр. Аталмыш кеңесуші органды құру арқылы ортақ шешімдер қалыптастыру және маңызды мем­лекеттік бағдарламаларды жү­зеге асыру мақсатында мем­ле­кет пен бизнестің бірлесуі үшін тиімді алаңқай пайда бол­мақшы. “Атамекен” одағы, Қазақ­стан кәсіпкерлері форумы, Сау­да-экономикалық палата өкіл­де­рі, қаржыгерлер, экономистер бір­­лес­тіктері және бірқатар са­ла­лық бизнес қауымдастықтар құ­рыл­ға­лы отырған үйлестіру кеңе­сінің жұмысына белсенді атса­лы­суға дайын екендіктерін білдірді. Талқылау қорытындысында К.Мәсімов қысқа мерзім ішінде кеңес құру жөніндегі Үкімет қаулысын әзірлеп, алдағы аптадан бастап жаңа кеңесуші органның алғашқы отырысын өткізу жөнінде тапсырма берді.