Қазақстан • 27 Сәуір, 2020

Әлемдік болат өндірісінің 54%-ы Қытайға тиесілі

350 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік банктің қаржы және институттар жөніндегі вице-президенті Джейла Пазарбасиоглудың айтуынша, коронавирус індеті адам денсаулығына қауіп төндірумен қатар, мемлекеттердің қаржылық мүмкіндіктерін тежеп, әсіресе, шикізатқа тәуелді елдердің жағдайын қиындатып отыр.

Әлемдік болат өндірісінің 54%-ы Қытайға тиесілі

̶ Бүгінгі саяси шешімдердің ішінде энергетикалық субсидиялау реформаларын жүргізудың қаншалықты маңызды екенін көріп отырмыз. Бұл реформалар қоғамның неғұрлым осал топтарын қорғау бағытталуы тиіс. Саясаткерлер сауда-саттық саласындағы шектеулері тоқтатып, азық-түлік қауіпсіздігіне мән беру керек, ̶  дейді Джейла Пазарбасиоглу.

Банк келтірген мәлімет бойынша, шикі мұнайдың қаңтар-наурыз айларындағы орташа бағасы 50 пайызға төмендеді. Сәуір айында қара алтын құны тарихи минимумға жетті. Десе де, жыл соңына дейін мұнай бағасы орташа есеппен барреліне 35 долларды құрайды деген болжам бар. Сонымен қатар, тұтастай алғанда энергия көздерінің (табиғи газ бен көмірді қоса алғанда) бағасы биыл орташа есеппен 40 пайызға төмен болады деп күтілуде. Дегенмен Дүниежүзілік банктің болжамы оптимистік көзқарасқа қарай ауысып, 2021 жылы баға біршама тұрақтайды деген пікірге саяды.

Әлемдік дағдарыс салдарынан биыл бағалы металдардың құны да құлдырап тұр. Әсіресе, мыс пен мырыштың бағасы арзандаған. Биыл жыл соңына дейін әлемдік өнеркәсіп саласы тұралап, металдар бағасы шамамен 13 пайызға қысқарады деп болжануда. Жалпы металға сұраныстың көп бөлігін Қытай қамтамасыз етіп отырғаны белгілі. Бұл елге тасымалданатын шикізат түрлері шекарада шектеліп, логистикалық тізбек уақытша «үзіліп» тұр. Автомобиль тасымалдарының тежелуі, порттардағы кептелістердің орын алуы Қытайдағы кіріс және шығыс саудасының тежелуіне әкеп соқты. Осыған байланысты өнеркәсіп пен құрылыс саласында шикізатқа сұраныс айтарлықтай төмендеген.

Лондон металдар биржасында мыс, никель және мырыш бағасы жыл басынан бері 9-14%-ға төмендеді. Темір кенінің 62% -ы ақпан айының басында бір жыл ішінде ең төменгі деңгейді көрсеткен болатын.

Сарапшылар эпидемия басталғанға дейін былтырғыдай темір кенінің бағасы 2020 жылы да жоғары болады деген болжам айтқан болатын. Алайда індетдің жаппай белең алауы инвесторлардың «ойын онға» бөлген сыңайлы. Қытай шикі болат өндіруде жетекші мемлекет. Өткен жылы әлемдік өндірістің 54%-ы осы елге тиесілі болған еді. Қытай металлургия өнеркәсібі қауымдастығының мәліметтері бойынша, былтыр елдің құрылыс секторы болатың 54 пайызын қолданған. Күншығыс еліндегі құрылыс саласы бүгінде тоқтаған. Бұл дегеніміз болаттың да сұранысы төмендеп кеткенін аңғартады. Сонымен қатар, автоөндіріс саласында жиі қолданылатын литий мен кобальт элементтерінің де бағасы құнсызданғаны анықталып отыр. Тағы бір айта кетерлігі,  Оңтүстік Кореяның Hyundai компаниясы Қытаймен бірлесіп, автобөлшектер шығарады. Қазіргі Қытайдағы жағдайдың салқыны аталмыш компанияға да кері әсер етіп отырғаны анық. Дегенмен, биыл Қытайда автокөлік сатып алушылар көлемі артуы мүмкін. Карантин кезінде қытайлықтар қоғамдық көлікке отырудан гөрі жеке көлікпен қатынау қауіпсіз екенін ескеріп, сұраныс артуы мүмкін. Бұл жағдайды алдын ала болжаған Қытай билігі эпидемия басталғанға дейін Қытай өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігі биылғы шілдесінен бастап электромобильдерге субсидия беру туралы шешімді кейінге қалдырыпты. Бұл жағдай тіпті,  аккумуляторлар үшін қолданылатын литий гидроксидінің бағасын 10% -ға артуына оң әсер етіп отыр. Айта кетерлігі Қытайда литий мен кобальт өңдеу зауыттарында қазіргі уақытта қор жеткілікті. Өткен жылы бұл элементтердің айтарлықтай деңгейде артылып қалғаны, биылға азық болуда.