Руханият • 28 Сәуір, 2020

Құлқыны бүлкілдеген қоғам

649 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бір көкемнің: «Құздан құлап бара жатса да адамның құлқыны бүлкілдеуін қоймайды», дегені бар. Сонда мен іштей: «шыбын жаны қиылғалы тұрған сәтте кім құлқынының қамын ойлай қояды дейсің...», деп оның айтқанымен келісе қоймағанмын. Кейін ойлап қарасам, әлгі көкем мен ойла­ғандай емес, кейбір адамдардың қандай жағ­дайда болсын жемсауын толтыруды бірінші кезекке қоятынын меңзеген екен ғой...

Құлқыны бүлкілдеген қоғам

Бүгінде елімізде төтенше жағдай жария­ланып, қоғамымыз қалыптасқан ахуалға көндігіп, уақытша қиындықпен хал-қаде­рінше күресіп, игі істердің, патриоттық іс-қимыл­дың жарқын үлгісін көрсетіп жатыр. Алайда қалың ел осылайша қам-қарекетін жасап жатқанда, кейбір пенделер қой терісін жамылған аш қасқырдай жемсауын толтырып әлек.

Елімізде төтенше жағдай енгізілгелі түрлі қылмыс, жол-көлік оқиғалары азайды деген ақпараттарды естіп жүрміз. Бірақ сыбайлас жемқорлық пен парақорлық түріндегі өрескел әрекеттердің «тағынан» түсіп, айылын жиды деген хабар құлағымызға шалынар түрі жоқ.

Ел басына қатер төніп, вирустан қандас­тарымыз көз жұмып, талай отандасымыз карантинге қамалып жатқан бүгінгі үрей-дүрей шақты өзінің жеке қалтасын толтыру мүм­кіндігі ретінде пайдаланатындардың көп­теп кездесуі ойлантпай қоймайды. Әсіресе олардың елге бағыт-бағдар беруі тиіс шенеу­ніктер арасынан шығуы көңілді тұқыр­та түседі. Бұдан біз елімізде жемқорлық пен пара­қорлықтың тоңы тым шектен шығып кеткенін, имандылықтан алыс, бетіне көн жамап алған шіркіндерге дауа жоқ екенін ұғамыз.

Төтенше жағдайда құқықтық тәртіпті, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге міндетті кейбір шенеуніктеріміздің қалыптасқан ахуалды өздерінің жеке мүдделеріне пайдалануын ақтап алу мүмкін емес. Мысалмен сөйлейік, Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімі аппаратының екі бас маманы Қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-бөлігі бойынша тергеуге алынған. Дәлірегі, соттың санкциясымен күдікті ретінде қамалған. Олар белгіленген карантин режімінде тосқауыл бекеттегі кезекшілік кезінде тұрақты түрде Алматы қаласының тұрғындарынан қалаға кедергісіз кіріп-шығу үшін 280 мың теңге көлемінде жүйелі түрде пара алған көрінеді. Қаржылай алыс-беріс «Каспий голд» картасы арқылы жүргізілген. Тағы бір мысал, Алматы қаласында төтенше жағдай кезінде 10 жүк көлігінің еркін жүруі үшін 330 мың теңге көлемінде пара алған Алматы қаласындағы Көліктік бақылау инспекциясы РММ басшысы әшкере болып, уақытша ұстау изоляторына жабылған. Осылайша, бұлар «өз еріктерімен» жұрттан бөлініп, «қауіпсіз аймаққа» кіріп алды.

Бұл аз десеңіз, тағы біреуін келтірейік. Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мем­лекеттік кірістер департаментінің кеден орган­дарының бірқатар лауазымды тұлғалары да алдын ала келісу бойынша бақылау-өткізу бекеті арқылы халық тұтынатын тауарларды кедергісіз өткізу үшін кәсіпкерлерден бірнеше рет пара алыпты. Семей қаласында да бір шенеунік жоғарыдағы мысалдағы жағдайларға ұқсас әрекет жасаймын деп әшкереленіп отыр.

Қылмыстық кодекстің 54-бабының 1-бө­лігінің 11-тармағының негізінде төтенше жағ­дайда қылмыстық құқық бұзушылық жасау қылмыстық жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән-жай ретінде танылатынын жақсы білетін әлгі шенеуніктерге не айтуға болады?.

Сыбайлас жем­қорлық та жұқпалы дерт көрінеді. Сондықтан ондай­ларды қоғамнан оқшаулау өте маңыз­ды. Оларды оқшауламаса айна­ласындағылар «Ол қарық болып жатқанда мен неге қарап тұрмақпын?» деген сұраққа жа­уап іздеймін деп жүріп «парақорлық дертін» өзіне «жұқтырып алуы» әбден мүмкін.

Бүгінде медициналық бетперделерге қа­тысты да заң бұзушылықтар тіркеліп жатыр. Алматы қаласында мемлекеттік органдардың тиісті рұқсатынсыз, құны 174 миллион теңге тұратын 1,5 миллион дана бетпердені заңсыз сату әрекеті белгілі болған. Олардан қосымша 500 мың бетперде табылып, тәркіленіпті. Шымкент қаласында да 5 млн-ға жуық теңгенің 26 500 дана бетпердесін заңсыз сатудың 3 әрекеті тоқтатылған.

Біз бұл арада тек індетке қарсы күрес аясындағы парақорлық пен пайдакүнемдік фак­тілерінің бірсыпырасын сөз еттік («Ұсталмаған ұры емес» деп өздерінің жымысқы тірліктерін жалғастырып жатқан жарықтықтардың қанша екенін Құдай біледі). Ал жалпы, төтенше жағдай енгізіліген сәттен бастап 251 сотқа дейінгі тергеу амалдары тіркелген.

Иә, арамыздағы кейбір пақырлардың Алладан елінің, отбасының амандығын тілеп, азаматтық танытудың орнына қалтасын томпайтуға ден қойып, пендешілікке салынуы кісіні қыжалат қылатын іс. «Құдайдан қорықпағаннан қорық!» деген осындайда айтылса керек.