![Дәрігер жанын да, жүрегін де, білімін де аямайды](/media/2020/04/28/4-2.jpg)
Бұл, әрине көп ойларға жетелейді. Осындай сәтте кең-байтақ елімізде ертеде, өткен ғасырларда орын алған, халықты қынадай қырған жұқпалы індеттермен (оба, сүзек, шешек, тырысқақ, көкжөтел, көкала және т.с.с.) күрескен дәрігерлердің қайсар да қажырлы істері еріксіз еске түседі. ХІХ-ХХ ғасырларда еңбек еткен қазақтан шыққан алғашқы дипломды дәрігерлер Мұхаметжан Қарабаев, Мәжит Шомбалов, Әміре Айтбақин, Халел Досмұхамедұлы, Санжар Асфендияров, Әбубәкір Алдияров, Дәулетшах Көсепқалиев, қазақтан шыққан әйел дәрігерлер Гүлсім Асфендиярова, Аққағаз Досжанова, Рақия Шагабудинова-Ермекова және басқа да аты аталмаған, тізімге есімдері енбеген дәрігерлер мен фельдшерлер ауыр тұрмыс-тіршіліктің тауқыметін тартқан, ашаршылықтан күйзелген және оған қоса мезгіл-мезгіл бас көтерген инфекциялық ауруларға шалдыққан адамдарды емдеп, алдын алу шараларын жүргізіп, санитарлық-ағарту ісіне араласып, халқымыздың ортасында денсаулық сақтау ісінің қалыптасуына үлкен үлес қосқанын естен шығармаймыз.
Иә, елді күйзеліске ұшыратқан ауыртпалық кезеңдер елімізде аз болмаған. Сол кездері өмір сүрген адамдар оны жеңу үшін бастарын біріктіріп, ортақ ойға келіп, әртүрлі іс-шаралар жүргізіп, қиындықтарды жеңе білген. «Біз не көрмедік?! Аштықты да, тоқшылықты да...» деп күрсініп отырушы еді ертеректегі көне қариялар. Шынында, әр адам басына түскен іске көнеді, сынаққа төселеді, тайсалмай бойына күш-қайрат жинап, әйтеуір бір шешімін тауып, қиындықтарды жеңеді. Бұл – өмір философиясы.
Президент сондай-ақ ақ желеңді жандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдап, мәселенің анық-қанығын зерттеп, бұған жол берген басшылардың жауапкершілігін қарау керек екенін баса айтты. Мұндай жағдайларға жол бермеу қажет. Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаған жөн. Онсыз болмайды. Елімізде жарияланған төтенше жағдай, өңірлер мен қалаларда карантиндік тәртіп көпшілікті қажетті нұсқаулардың талаптарын қатаң орындауға шақыруда. Әттең, әлі де тәртіпке селқос қарап, төтенше жағдай режімін бұзушылар кездесуде. Өзгені ойлап, инфекцияның тарап кетпеуіне жол бермеу мақсатында өз өмірлерін қауіпке тігіп жүрген ақ халатты жандар медицина қызметкерлері блок-бекеттерде, санитарлық пункттерде, аурухана мен емханаларда күн-түн демей тер төгіп еңбек етуде. Тіпті қауіп сейілгенше үй-жайына бармай, бала-шағасын апталап көрмей, жөнді ас-су ішпей арнайы дайындалған пансионаттар мен жатақханаларда тұрып жатқандары аз емес. Бағалай білсек, бұл – ерлік.
Кейде «Дәрігердің еңбегін өмірде немен салыстыруға болады?» деген сұрақ қойылады. Немен салыстыруға болатынын білмеймін. Бірақ дәрігерге артылатын жауапкершілік өте үлкен. Өйткені оған адамның бойындағы ең қымбаты – денсаулығы тапсырылған. Ауыр халдегі науқасты аман алып қалғанда, адамдар «бірінші Құдайға шүкір, екінші аман алып қалған дәрігерге рахмет» деп айтып жатады. Енді осындай жағдайда Құдайдан кейін, екінші дәрігердің аты айтылып отырғанынан-ақ осы мамандық иелеріне қандай ауыр жүк артылатынын түсіну қиын емес. Әсте барлық мамандықтардың ішінен дәрігер еңбегі аса үлкен жауапкершілікті қажет ететін, ел-жұрт сыйлайтын мамандық. Қайтіп науқасты ажал тырнағынан арашалап қалам деп дәрігер жанын да, жүрегін де, білімін де аямайды.
Қазір Аллаға шүкір, медицина қарқынды дамыды, диагностикалық мүмкіншілік артты, жүргізілетін ем-дом шипа болуда, тіпті ағзаларды алмастыру оталары өмірімізге батыл енгізілді. Көптеген қатерлі инфекциялық аурулар елімізде мүлдем жойылды. Өйткені қазіргі дәрігерлер ол аурудың шығу себебін, зерттеу жолдарын, клиникалық белгілерін, емдеу тәсілін және профилактикалық іс-шараларды жақсы біледі. Бұл күндері елді дүрліктіріп тұрған қауіпті коронавирус инфекциясына да жақын мезгілде тұсау түсеріне сенемін. Коронавирус эпидемиясы қазіргі адамдар алдында, мемлекеттер алдында тұрған үлкен бір сынақ, уақытша, өткінші қиындық деп қабылдағанымыз жөн. Оны жеңуге әркім атсалысуы керек. Қазақта «Түн артынан күн шығады» деген қанатты сөз бар. Аман болсақ, бұл індет те жойылады. Президент айтқандай, елдің қамы үшін бастаған ісіміз қайырлы болады деп сенеміз!
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор
ТАРАЗ