Бүгінде коронавирус індетіне шалдыққандар саны дүние жүзінде 3 млн-ға жуықтады. Медицинасы дамыған ел деп бағаланатын АҚШ, Еуропа елдерінің жағдайы да мәз емес. Ал Қазақстандағы жағдай әлем мемлекеттерімен салыстырғанда барынша тұрақты. Алайда елімізде вирус жұқтырғандар саны артып келеді. Бірақ індет жұқтыру динамикасы әлдеқайда төмен. Сондықтан Президент тарапынан қабылданып жатқан шараның барлығы да дұрыс дер едім. Төтенше жағдай мерзімін созуымыз қажет. Неге? Себебі төтенше жағдай мерзімін ұзартқан сайын елімізде ауруға шалдыққандардың саны азаяды.
Төтенше жағдай режімін ең алдымен ауылдық, аудандық деңгейде қатаңдату қажет деп санаймын. Олай деуге себеп – вирустың Қазақстанның аймақтарына таралып кетуінде болып отыр. Осы мәселеге қатаң назар аудару керек деп білемін.
Мемлекет басшысы атап өткендей, 12 мамырдан бастап төтенше жағдай режімі тоқтатылады. Бірақ бір нәрсеге қазірден бастап үйренуіміз керек. Коронавирусқа вакцина табылғанша бізге осы індетпен қатар өмір сүруімізге тура келеді. Бұл аса қауіпті мәселе. Алайда қолдан келер одан өзге қайран жоқ. Сондықтан адамдар санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтауды және тұрғындар арасындағы қарым-қатынас мәдениетін өзгертуді, сонымен қатар жеке басының, қоршаған ортаның қауіпсіздігін сақтауды үйренуі тиіс. Сол кезде барып елімізде вирус жұқтырғандар саны азаяды.
Төтенше жағдай режімі кезінде мемлекет тарапы да халыққа бейжай қараған жоқ. Отандастарымызға тиісті көмек көрсетіліп жатыр. Президент мәлімдемесінде атап өткендей, халыққа көмектесу, яғни азаматтар мен бизнесті қолдау үшін 6 трлн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл – халыққа аса үлкен көмек. Мәселен, көршілес Ресей, Өзбекстан сынды мемлекеттердің бірде-біреуі өз халқына осындай қолдау жасап жатқан жоқ. Сондай-ақ еліміздегі төтенше жағдай режімінің созылуының өзі халықтың денсаулығын сақтауға деген мемлекеттің көңілі деуге болады. Осыны есте сақтауымыз керек.
Қазіргі ең негізгі мәселе – отандастарымыздың төтенше жағдай режімі кезінде де, төтенше жағдай режімі аяқталған соң да тәртіпті сақтай білуінде. Өз мәдениетімізді өзгертуіміз қажет. Сондықтан елімізде қабылданып жатқан іс-шараның барлығы да тұрғындар үшін ауадай қажет әрі дұрыс деп білемін.
Ерлан САИРОВ,
саясаттанушы