Әлем • 28 Сәуір, 2020

Қазақ балалары әлем жеткіншектерімен қосылып ән шырқады

633 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің оқушылары Алдияр Тумашинов пен Абулхаир Қуаныш Анкарадағы бас Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы ұйымдастырған 23 сәуірдегі Ұлттық егемендік және балалар мерекесін атап өтуге қатысты. Биылғы жылы осынау дәстүрлі мерекенің ерекшелігі – Түркия Парламентінің 100 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуінде болып отыр.

Қазақ балалары әлем жеткіншектерімен қосылып ән шырқады

Айрықша мереке биыл бес құрлықтан 100-ден астам баланың басын қосқан онлайн конференция форматында өткізілді. Онлайн трансляцияны бір сәтте Түркия және Әзірбайжан елдерінің Білім министрлері, 50 елдің өкілетті елшілері, сондай-ақ, әлемнің түкпір-түкпірінен 150 мыңға жуық көрермен тамашалады.

Халықаралық мектептің 4 «А»  сынып оқушылары Алдияр Тумашинов пен Абулхаир Қуаныш 23 елдің балаларымен қосылып «Hayat Bayram Olsa» атты түрік әнін шырқады.

Осы орайда елордамыздың төрінде отырып, күллі әлемге тебірене ән шырқаған зияткерлеріміз қуанышымен бөлісіп, пікір білдірген еді:

– Мерекеге орай әлемнің әр еліндегі өзіміз секілді балалармен ән айту туралы ұсыныс түскенде қатты қуандым. Бірден келісімімді бердім. Түрік тілі қазақ тіліне ұқсас болғандықтан, әннің мәтіні еш қиындық туғызған жоқ. Әрі бұрыннан таныс әніміздің сәтті шығатынына кәміл сендім. Көптеген мемлекеттің балалары онлайн конференцияда бас қосады, Қазақстанымыздың бір нышаны байқалып тұрсын деп ұлттық нақыштағы кеудешемді киіп алдым, – дейді Алдияр Тумашинов.

Ал Абулхаир Қуаныштың айтуынша, мұндай әлемдік деңгейдегі үлкен шараға қатысу – шаттық сыйлап қана қоймайды, жауапкершілікті де талап етеді:

– Онлайн өтетін конференцияға үлкен жауапкершілікпен дайындалдым. Әннің сөзін бірнеше мәрте қайталап, музыкасына салып шырқап та көрдім. Сонымен қатар, қатысушы ретінде өзімді қалай таныстыратынымды ойластырдым. Жаныма егемендігіміз бен тұтастығымыздың символы көк туымызды қойып, күш-қуат алғандай болдым. Нәтижесінде, әнді бәріміз бірге сәтті шырқап, балалар мерекесін атап өтуге үлесімізді қостық, – дейді зияткер.

Бұл Халықаралық мектептің Нұр-Сұлтан қаласындағы Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы ұйымдастырған ауқымды шараларға алғаш қатысуы емес. Себебі, білім ордасы бұған дейін де Халықаралық бакалавриат бағдарламасы аясында бірлесіп жұмыстар атқарған. Бұл жөнінде Халықаралық мектептің бастауыш сынып мұғалімі Адия Увалиева ой бөліскен болатын:

– Юнус Эмре институтымен біз өткен жылдан бері байланыс жасап келеміз. Былтырғы оқу жылында Халықаралық бакалавриат бағдарламасының «Әлем халықтарының салт-дәстүрлері» юниті бойынша институтқа балалармен арнайы барып, түрік халқының мәдениетімен, әдет-ғұрыптарымен, тарихымен танысқан болатынбыз. Балалардың бүгінде әлемдік деңгейдегі шараларға қатысып, өзге елдің тілі мен мәдениетін сыйлауы, түптеп келгенде мектеп қабырғасында берілетін терең білім мен тәрбиенің нәтижесі екендігі анық. Біздің мектебіміз – жоғары адамгершілік құндылықтары қалыптасқан, өз елінің мәдениетін бағалай білетін және өзгелердің мәдениетін құрметтейтін, өмір бойы білім ала отырып, әлемді өркендетуге үлес қосуға дайын, дені сау, зияткер, шығармашыл, табысты тұлғаны тәрбиелеу миссиясын қалтқысыз орындап келеді деп сеніммен айта аламын дейді, – ұстаз.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Юнус Эмре институты түрік мәдениет орталығының ресми бөлімшесі болып табылады. Бүгінде аталмыш орталықтың шетелдерде 50-ге тарта мәдени институттары бой көтерген. Институт білім беру орталықтарында түрік тілін үйретумен қатар, әр елдегі мектептермен, білім ошақтарымен академиялық ынтымақтастық орнатып, әлемдік деңгейдегі шаралардың ұйымдастырылуына мұрындық болып келеді. Оны дәлелі – бүгінгі Ұлттық егемендік және балалар мерекесі.

 

 

 

АЛМАТЫ