Қоғам • 28 Сәуір, 2020

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

1043 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Апатты кесел – COVID-19 қамтыған әлемнің барша елдері сияқты Қазақстан Республикасының аумағында карантин режимінің жарияланғанына да бір жарым ай уақыт болыпты. Осы мерзім еліміз үшін аса бір жауапты әрі сынақ кезеңі болғандығы ақиқат. Карантин режимінде отыру ел-жұртқа оңай тимеді, ал оның басқа да қосымша зардаптары ұшан-теңіз болғаны айтып ауыз жеткізгісіз.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Осыған орай биыл, 27 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына көптен күткен мәлімдеме жасады.

Президент елдің басына түскен ауыртпалыққа назар аудара отырып, «...қазіргідей күрделі кезде әрбір азамат біздің назарымызда болады. Мемлекет ешкімді қиындықта қалдырмайды», – деп астын сызып айтты.

Мәлімдемеде елде болып жатқан жағдайға байланысты қандай іс-шаралар жасалынып жатқандығы, осы тұрғыда халыққа, жұмысшылар мен шағын және орта бизнес өкілдері және басқа да түрлі әлеуметтік топтарға  берілген көмек пен бөлінген қаржы жөнінде қысқаша есеп беріліп, Тұңғыш Президент – Елбасы құрған «Біргеміз» қоры мен «Nur Otan» партиясы тарапынан болып жатқан көмек жайында айтылды.

Әсіресе, Президент Қ-Ж. Тоқаевтың «Елімізде азық-түлік тапшылығы жоқ», – деген сөзі, жақсылықтан үміт күткен көп адамның жүрегіне жылы тигені анық.

Осы тілсіз жаумен, көрінбейтін майданда арпалысып жүрген дәрігерлер қауымының өлшеусіз еңбегін атай отырып, оларға үкімет тарапынан беріліп жатқан ерекше қолдау жөнінде айтты.

Бұл үндеуде елдегі коронавирус жағдайында қозғалған мәселелер мен оны шешу жолдарының баршасы тілге тиек етілді десе де болады.

Мәлімдемедегі  Президенттің «Төтенше жағдай режимін биылғы 11 мамырға дейін ұзарту туралы Жарлық шығару жөнінде шешім қабылдау және соның негізінде Заңға сәйкес 11 мамырда Төтенше жағдай режимі аяқталады», – деуі, халқымызға қуаңшылықтан кейін келіп жауған, көпшіліктің көптен күткен игілікті жаңбырындай болғаны анық.

Әр нәрсенің бір қайыр болады, ел арқасы осы ізгі хабардан кейін бір кеңіп қалғандай әсер қалды.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, халық болып осы мәлімдемедегі Президент айтқан талаптар мен қарапайым ережелерді бұлжытпай орындап, қатерден аман шығу біздің – яғни, барша ұлттың өз қолында.

Сол себепті, бір жағадан қол, бір жеңнен бас шығара отыра, Президент үндеуін шамшырақ қып ұстап қиындықты бірлесе жеңіп шығатынымзға сеніміміз мол.

Бауыржан ЫДЫРЫСОВ,

Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері,

тарих магистрі