Аймақтар • 28 Сәуір, 2020

Жарнамасы жер жарған жалған ұтыс

2076 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Күні кеше Алматы полициясы әшкерелеген ақылға сыймастай алаяқтық әрекетті көріп жағамызды ұстадық. Экономикалық тергеу департаменті мен полиция қызметкерлері әлеуметтік желіде ұтысы жоқ жалған лотерея ойынын ұйымдастырғандарды  анықтады. Олардың арасында есімі көпке мәлім эстрада әншісі де бар. Азаматтық этикетке сай, жеке тұлғаның атын атамауды жөн көрдік.

Жарнамасы жер жарған жалған ұтыс

Қазір әлеуметтік желілерді парақтай қалсаңыз «Небәрі он мың теңгеге көлік ұтып ал», «Бес мың теңгеге билет сатып алып баспаналы бол» деген сыңайдағы жарнамалардан көз сүрінеді. Әсіресе бұл істі заң шеңберінде жүзеге асыруға болады дегеннен бері лотерея ойнатып пайда табуды мақсат еткендердің жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейгені көпке мәлім. Олардың көш басында есімі елге белгілі өнер адамдары мен танымал блогерлер бар. Уақыт өте келе оңай бизнеске бой үйреткен ұйымдастырушылар, ұтыс билеттерін елге белгілі адамдардың атынан жариялап, жарнамасы үшін оларға қомақты қаражат төлейтін болған.

Дамыған мемлекеттерде бұған дейін-ақ өрісін кеңге жайғанымен, бастапқыда біздің қоғам үшін бұл көрініс таңсық боп көрінгені рас. Жарнамасы жер жарған мұндай ұтыс ойындарына жұрт үдере қатысып жатты. Арманы таусылмайтын қай адам оңай олжаға қарық болуды қаламасын. Қоғамда жаппай белең алған бұл үрдіске қарсы үн қатқан бірді-екілі азаматтар «байдың асын қызғанған байқұс» болып шыға келді. Қысқасы,  миллиондаған аудиториясы бар блогерлер мен жұлдызды әншілер мұндай сыни пікірлерге дес бере қойған жоқ.  Дін қызметкерлері де мұның шариғат рухына теріс әрекет екенін жарыса жазып, айтудай-ақ айтты. Бірақ нәтиже болмады.

Жоғарыда тілге тиек еткен, оқиғаға оралайық. Құзырлы орынның баспасөз қызметі мәлімдегендей, аталған топ биылғы жылдың 23 ақпаны мен 23 сәуірі аралығында құнды ұтыс сыйлықтарын - яғни 4 автокөлік (2 седан және 2 жол талғамайтын джип), Алматы қаласында бір бөлмелі пәтер және басқа да тұрмыстық техниканы ойнатпақ болып, жалған лотерея ойынын ұйымдастырған. Алайда, жоғарыда көрсетілген құнды сыйлықтар болмаған. Олар бағын сынамақ болған бұқараны   сендіру үшін төрт бірдей  автокөлікті жеке тұлғалардан жалға алғандығы белгілі болды. Ең сорақысы, әлеуметтік желілерде жүргізілген жарнама арқылы құны 9 900 теңге тұратын 20 мың данадан астам ойын билеті сатылған. Инстаграм парақшадағы тікелей желі арқылы көптің көз алдында  өрбіген ойында ұйымдастырушылар алдын ала белгіленген ұтыс билеттері енгізіліпті.

«Алматыда 12 адам бір ғимаратқа жиналып ұтыс ойынын ұйымдастырған. Лотерея ойынын өткізгендер төтенше жағдай шектеуін бұзғаны үшін  Әкімшілік кодекстің 476-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Жиналғандар онлайн трансляция жүргізген. Қазіргі таңда, Қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-бөлігі 1-тармағы бойынша (алаяқтық, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы) бірқатар азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады Алматы қалалық экономикалық тергеу департаментінің баспасөз қызметі.   

«Аңқау елге арамза молда» болғандар заң алдына жауап бере жатар. Аталған мәселеле қоғам талқысына тасталғанда «қайырымдылық мақсатты көздедік» деп ақталатындар аз емес. Дегенмен, біржақты пікір айтудан аулақпыз. Әділі Аллаға мәлім. Алайда  мұндай арзан іске әуестенгендер заңға да, арға да сүйенсе дейсің.