Негізі айтулы жарыстың жалауы Нью-Делиде желбіреуге тиіс еді. Алайда Үндістан жағы АИБА-ның алдындағы өздерінің қаржылық міндеттемелерін орындай алмады. Енді олар 500 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлеуге тиіс.
Бұл Белградтың тарихындағы екінші әлем чемпионаты. 1978 жылдың 6-20 мамыр аралығында екінші әлем чемпионаты дәл осы қалада өткен болатын. Сол кезде жалпы командалық есепте Куба құрамасы алдына жан салмады. Бостандық аралының өкілдері 5 алтын мен 3 қоланы олжалады. 3 алтын, 1 күміс және 2 қоланы иеленген КСРО құрамасы екінші орынға табан тіреді. Сол команда сапында 67 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен алматылық Валерий Рачков алтын тұғырға көтерілді. Осылайша, оның есімі Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы ретінде тарихта қалды.