– Жастар ұйымдары төтенше жағдай кезінде қандай қызметтер атқаруда?
– Коронавирус пандемиясы Түркияны да әбігерге салды. Еліміз бұл сынақты мейлінше аз шығынмен өткеруі үшін төтенше жағдайға ерте қамданып, вирусқа қарсы түрлі іс-шараны қолға алды. Ең алдымен, оқушылар мен студенттер онлайн оқуға көшіп, үйлеріне қайтарылды. Біздің жұмысымыз жастармен байланысты болған соң, біраз жоспарды кейінге шегеруге тура келді. Осы кезде жастар қауымы елге қандай көмегімізді тигіземіз деп, қолдан келер мүмкіндіктерімізді ұсындық. Түркиядағы жастардың әрбір ұйымы өз үлесін қосуға тырысты. Аз уақытта жоспарымызды дайындап, іске кірістік. Жастар ұйымдары министрлікпен байланысты болған соң бір-бірімізден хабар алып отыру да, бірлесе іс-қимыл жасау да ыңғайлы.
Төтенше жағдай ережесіне сәйкес, Түркиядағы 65 жастан асқан зейнеткерлер мен 20-ға толмағандарға далаға шығуға тыйым салынды. Оларды азық-түлік, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі азаматтық қоғам, жастар ұйымдарымен қоса мемлекеттік деңгейде назарға алынды. Жастар ұйымдары алғашқы күні-ақ қажетті бетперде, антисептик таратуға кірісті. Оған қоса діни құрылымдар өкілдері далаға шыға алмайтын азаматтарымыздың жалақысын банктен арнайы көлік алдырып, үйлеріне жеткізіп берді. Жастардың тағы бір тобы азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізумен айналысады. Жастар орталығында әлеуметтік дүкендер жасақталды. Бұл жүйе әр аймақта қалыптасқан.
Осындай кезеңде денсаулығын қатерге тігіп жұмыс істеуге мәжбүр болған азаматтарымызға: медицина қызметкерлері, дүкендегі сатушылар мен әскерилер, полицияларға бетперделер тараттық. Бір ғана Самсун қаласында бір күнде 1000-1200 бетперде таратылады. Осыған дейін 15 000 бетперде тігіліп, таратылды. Бұл да өзінше бір қолдау. Бір медицина қызметкерін дерттен аман алып қалу мемлекет үшін үлкен олжа. Өйткені қазіргідей науқас саны еселеп артып жатқан уақытта әр медицина қызметкерінің орны білінеді.
Қазіргі таңда мемлекет «Халық өмір сүрсе, мемлекет те өмір сүрмек» ұранымен жұмыс істеп жатыр. Яғни мемлекет үшін әр адамның орны маңызды. Сондықтан жоғарыда айтылған шешімді қабылдауға мәжбүр болды.
Медицина қызметкерлері де дамылсыз жұмыс істеп жатыр. Полиция мен әскерлеріміз де халыққа қызмет жұмыстарына жұмылдырылды. Олар да ауылдар мен қалалардағы тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз етуде. Карантинге байланысты туған күндерін тойлай алмай көңіл күйі түскен балалар туралы жиі айтылады. Осы орайда әскеріміз балақайларды туған күнімен арнайы барып құттықтап, көңілін көтерді. Осы сынды халықтың көңілін көтеретін акциялар да маңызды.
АҚШ, Ұлыбритания, Қытай мемлекеттері Түркиядан гуманитарлық көмек сұрады. Түркиялық инженерлер 14 күнде 5 000 өкпеге арналған жасанды желдеткіштер жасап шығарды. Әсіресе Ұлыбританияға үлкен көлемде көмек жеткізілді. Медицина құралдарын жеткізуге тасымалмен айналысатын 4 ірі компания атсалысты. Біздің медицинаның жоғары деңгейде екеніне көз жеткізгендей болдық.
– Әлеуметтік дүкендер туралы айтып өтсеңіз?
– Әлемде дағдарыс басталды деген әңгімелер тарап жатыр. Бұл дегеніміз халықтың өмір сапасының төмендейтінін білдіреді. Халықтың жағдайы қиындайтыны анық. Бүгінге дейін Түркия үкіметі 4 млн отбасыға ақшалай көмек тағайындады. Әлбетте бұл жоқты жамауға жеткіліксіз. Сондықтан волонтерлер кәсіпкерлермен бірлесе отырып әлеуметтік дүкен ашуды қолға алды. Жастар орталығындағы кітапхананы дүкенге айналдырдық. Кәсіпкерлер мен басқа да азаматтарымыз қолдарынан келген көмекті көрсете алады. Яғни бұл – альтуризмге негізделген жоба. Мемлекет тарапынан ешқандай қолдаусыз, азаматтардың бір-біріне деген жанашырлық сезімімен қолға алынды. Дүкеннен наннан бастап, дақылдарға дейінгі тамақ түрлерін таба аласыз. Онда келген әрбір қажеттілігі бар адам қалағанын ала алады, еш шектеу қойылмайды. Бұрын Осман империясында да «Садақа тасы» деген үрдіс болған. Яғни біз ата-бабамыздың дәстүріндегі танымды жаңарттық. Байлар әлгі тастың үстіне артылған тамағын қойып, қажет еткен адам сол жерден емін-еркін алатын болған. Рамазан айында бұл да отандастарымыздың сауап жинауына мүмкіндік беретін амал деп білеміз. Мұқтаждар да, көмек берушілер де әлеуметтік дүкендер ашылған күннен бері келіп жатыр.
– Қазақстандық студенттердің елге қайтуына атсалысыпсыздар...
– Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан сияқты бауырлас елдердің жастарын қолдаумен айналысатын, Жастар министрлігіне қарасты сенім ұйымы бар. Біз шетелдік студенттердің репатриациясына көмектестік. Алғашқы медициналық тексеріс, ақпарат алу, қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету секілді жұмыстарға жұмылдық. Жалпы, шетелден келген кез келген адамды карантинге жатқызу қолға алынған. Олардың барлық шығыны мемлекет тарапынан өтеледі.
Осыған дейін Ыстанбұл әуежайында шетелде жазасын өтеп жатқан 1000-ға жуық африкалықтың қалып қойғаны туралы ақпарат келді. Оларды өз мемлекеттері де қабылдай алмайтынын хабарлады. Содан біздің еліміз оларды Карабүк облысына жеткізіп, өз қарауына алды. Оған да жастардың волонтерлік штабтары көмектесті.
– Мемлекет онлайн байланысқа көшті, осы орайда басқа қандай шаралар қолға алынды?
– Жастар онлайн бағдарламаларға жұмылып, түрлі бағдарламаларды жүргізіп жатыр. Үйдегі азаматтардың жағдайына да көңіл бөлдік. Жастар ұйымы ретінде жастардың уақытын тиімді өткізуге қатысты бағдарламаларды бастадық. Бүгінде барлық республика бойынша түрлі онлайн жарыстар, марафондар өтіп жатыр. Үздіктеріне сыйлығымыз да бар. Бапкерлер арнайы видеолар дайындап әлеуметтік желідегі түрлі топтар арқылы таратып, сол арқылы жастардың денсаулығын да назардан тыс қалдырған жоқпыз. Бұл кезеңнің өтері сөзсіз, алайда жаңа кезеңге дені сау жастармен аяқ басуымыз маңызды. Олардың психологиялық денсаулығына да көңіл бөлдік. Арт-терапияны негізге алып, музыкаға ден қойдық. Түрлі курстар жүргізіліп жатыр. Бұл сабақтар республикалық арналардан тікелей эфирде көрсетіледі. Оған қоса отбасымен сапалы уақыт өткізуге қатысты педагогтар жасаған бағдарламалар таратылуда. Яғни оқушылар мен студенттер тек оқу бағдарламасымен шектеліп қалмауы үшін таңдау мүмкіндігін ұсындық.
Рамазан айында республика бойынша Құран оқу курсын бастадық. 4 адамнан құрылған топтар бірдей уақытта Құран оқиды. Ережеге сәйкес, 1 ай ішінде бір топ Құранды толық оқып бітіруі керек. Мен тұрып жатқан Самсун қаласында 16 топ Құран оқуда.
Сонымен қатар облыстағы 81 жастар ұйымы, республиканың қай аймағында қандай шара болып жатқанынан оңай ақпарат ала алатын бағдарлама жасап шығардық. Оны шетелде де қолдана аласыз, жүктеп алып, барлық бағдарламаға қатысу мүмкіндігіне ие боласыз. Онда мектеп бағдарламасын оқытудан бастап, тіл үйрену, түрлі аспаптарда ойнау, спорт үйірмелері де бар. Бұл да жастардың әлеуметтенуіне жол ашады. Бағдарламаға 1000 түрлі іс-шара қосылған. Кішкентай балақайларға ертегі оқу бағдарламасы іске қосылды. Күніне жарты сағат түрлі ертегі оқылады. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар азаматтарға хабар тарату да қарастырылған. Яғни әр бағдарламаның сурдо аудармасы бар.
Жастардың мемлекет үшін маңызды кезеңде көмек көрсете алуы жақсы мүмкіндік. Бұл кезеңді тек бірлесіп, ережелерді сақтау арқылы жеңетініміз анық. Әр жас өзін мемлекетке керек екенін сезініп, көмек бере алатынын түсінген кезең болды дей аламын. Бұл бірлігімізді нығайтып, жастардың ой ұшқырлығын дамытуға жол ашты. Тек төтенше жағдай емес ел болашағына үлкен үлес қосатын жобаларға жұмылатын күн алыс емес деп сенемін!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Cветлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»