Руханият • 29 Сәуір, 2020

Қамқорлықтан қағажу қалған емеспіз

162 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мен – І топтағы мүмкіндігі шектеулілер санатындағы жанмын. 2007 жылы жол апатына түсіп, бел омыртқама зақым келіп, ұзақ уақыт төсек тартып жаттым. Құсаға батып, өзіңді іштей кеміріп, жатсаң жата береді екенсің.

Қамқорлықтан қағажу қалған емеспіз

Ол кезде қылшылдап тұрған 25 жасқа енді толған шағым. Өзімді өзім қайрап күш жинап, екі аяққа тұрып кетуге талпындым. Бірақ бұл әрекетімнен түк шықпады. Ақыры тағдырдың маңдайға жазғанына көніп, мүгедек арбасына таңылдым. Басқа түссе баспақшыл, мойындағанмен моюға болмайды. Жігітке масылдық жараспайды, бойдағы бар жігерімді жанып, белсенді өмірге араласуға талпындым. Жалпы талпынған адам қандай жағдайда болмасын мұратына жетеді. Қазір мүмкіндігі шектеулілер қоғамының мүшесімін. Осы қоғамның жанынан ашылған «Жастар-2016» ЖШС басқарамын. Серіктестіктегі жігіттердің бәрі өнерлі. Темірді қамырдай илейтін ұста да, металды бір-біріне жымын білдірмей жапсыратын дәнекерлеуші де, шебер ағаш жонушы да бар. Карантинге дейін көп нәрсемен айналыстық. Тапсырыс бойынша шатыр да жаптық, қоршау, қақ­па­лардың неше түрін жасадық. Мек­тептерге арнап үстел, орындық, парта, киім ілгіш сияқты жиһаздар шығардық.

Жалпы елімізде мүкіндігі шектеулі жандарға мүмкіндік мол. Өз басым мемлекеттің қамқорлығын көп көрдім. Серіктестігіміз талай рет тығырыққа тірелді. Сол қиындықтардың бәрін үкімет қолдауының арқасында еңсердік. Мәселен, мемлекеттік сатып алу кон­курс­­тары кезінде ең бірінші кезекте бізге басымдық беріледі.

Қазір пандемия деген бәлекет келіп тіршілігіміз уақытша тоқтап, кәсібіміз тоқырап, аяққа тұсау түскендей болып қалдық. Облыс карантинге жабылды. Індетке іліккендер саны күн санап өсіп жатыр. Бірақ амал не? Бүкіл елдің басына түскен ауыртпалық, сондықтан карантин талаптарын сақтап, жұмысымызды тоқтатып қойдық. Бетпердемді тағып, инвотаксиге мініп күнара жұмыс орнына барып тұрамын. Жігіттерге қоңырау шалып, көңілдерін аулап, бірауық әңгі­ме­лесемін. Барлығы мемлекеттен қаржы­лай жәрдемақы алды. Қажетті азық-тү­лік­терін де тегін жеткізіп беріп жатыр екен. Өз басым ештеңеден тары­ғып, қам­қорлықтан қағажу қалып жат­қан жоқпын. Осыдан 10 шақты күн бұрын есепшотыма 50 мың теңге түсті. Оның сыртында азық-түлікке деп қо­сымша ақша аударып жатыр. Өзім­нің ай сайын алатын зейнетақым бар. Осы­ның барлығы мемлекет тарапынан мүм­кіндігі шектеулі жандарға жаса­лып жатқан ерекше қамқорлық деп бі­лемін. Әсі­ресе мүмкіндігі шектеулі жандар­ға деген елдің ықыласы ыстық, мемле­ке­ті­міздің қамқорлығы мол. Мені осы қуантады.    

 

Руслан БАЙҒАНИН,

Рудный қалалық мүмкіндігі шектеулілер қоғамының мүшесі

 

Қостанай облысы