Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»
Болат өндірісінің жартысынан астамы Қытайға тиесілі
Дүниежүзілік банктің қаржы және институттар жөніндегі вице-президенті Джейла Пазарбасиоглудың айтуынша, коронавирус індеті адам денсаулығына қауіп төндірумен қатар, мемлекеттердің қаржылық мүмкіндіктерін тежеп, әсіресе шикізатқа тәуелді елдердің жағдайын қиындатып отыр.
– Бүгінгі саяси шешімдердің ішінде энергетикалық субсидиялау реформаларын жүргізудің қаншалықты маңызды екенін көріп отырмыз. Бұл реформалар қоғамның неғұрлым осал топтарын қорғауға бағытталуы тиіс. Саясаткерлер сауда-саттық саласындағы шектеулері тоқтатып, азық-түлік қауіпсіздігіне мән беру керек, – дейді Джейла Пазарбасиоглу.
Банк келтірген мәлімет бойынша, шикі мұнайдың қаңтар-наурыз айларындағы орташа бағасы 50 пайызға төмендеді. Сәуір айында қара алтын құны тарихи минимумға жетті. Десе де, жыл соңына дейін мұнай бағасы орташа есеппен барреліне 35 долларды құрайды деген болжам бар. Сонымен қатар тұтастай алғанда энергия көздерінің (табиғи газ бен көмірді қоса алғанда) бағасы биыл орташа есеппен 40 пайызға төмен болады деп күтілуде. Дегенмен Дүниежүзілік банктің болжамы оптимистік көзқарасқа қарай ауысып, 2021 жылы баға біршама тұрақтайды деген пікірге саяды.
Әлемдік дағдарыс салдарынан биыл бағалы металдардың құны да құлдырап тұр. Әсіресе мыс пен мырыштың бағасы арзандаған. Биыл жыл соңына дейін әлемдік өнеркәсіп саласы тұралап, металл бағасы шамамен 13 пайызға қысқарады деп болжануда. Жалпы, металға сұраныстың көп бөлігін Қытай қамтамасыз етіп отырғаны белгілі. Бұл елге тасымалданатын шикізат түрлері шекарада шектеліп, логистикалық тізбек уақытша «үзіліп» тұр. Автомобиль тасымалдарының тежелуі, порттардағы кептелістердің орын алуы Қытайдағы кіріс және шығыс саудасының тежелуіне әкеп соқты. Осыған байланысты өнеркәсіп пен құрылыс саласында шикізатқа сұраныс айтарлықтай төмендеген.
Лондон металдар биржасында мыс, никель және мырыш бағасы жыл басынан бері 9-14%-ға төмендеді. Темір кенінің 62%-ы ақпан айының басында бір жыл ішінде ең төменгі деңгейді көрсеткен болатын.
Сарапшылар эпидемия басталғанға дейін былтырғыдай темір кенінің бағасы 2020 жылы да жоғары болады деген болжам айтқан. Алайда індеттің жаппай белең алуы инвесторлардың ойын онға бөлген сыңайлы. Қытай шикі болат өндіруде жетекші мемлекет. Өткен жылы әлемдік өндірістің 54 пайызы осы елге тиесілі болған еді. Қытай металлургия өнеркәсібі қауымдастығының мәліметтері бойынша, былтыр елдің құрылыс секторы болаттың 54 пайызын қолданған. Күншығыс еліндегі құрылыс саласы бүгінде тоқтаған. Бұл дегеніміз болаттың да сұранысы төмендеп кеткенін аңғартады. Сонымен қатар автоөндіріс саласында жиі қолданылатын литий мен кобальт элементтерінің де бағасы құнсызданғаны анықталып отыр. Тағы бір айта кетерлігі, Оңтүстік Кореяның Hyundai компаниясы Қытаймен бірлесіп, автобөлшектер шығарады. Қазіргі Қытайдағы жағдайдың салқыны аталған компанияға да кері әсер етіп отырғаны анық. Дегенмен биыл Қытайда автокөлік сатып алушылар көлемі артуы мүмкін. Карантин кезінде қытайлықтар қоғамдық көлікке отырудан гөрі жеке көлікпен қатынау қауіпсіз екенін ескеріп, сұраныс артуы ықтимал. Бұл жағдайды алдын ала болжаған Қытай билігі эпидемия басталғанға дейін Қытай өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігі биыл шілдеден бастап электромобильдерге субсидия беру туралы шешімді кейінге қалдырыпты. Бұл жағдай тіпті, аккумуляторлар үшін қолданылатын литий гидроксидінің бағасын 10%-ға артуына оң әсер етіп отыр. Айта кетерлігі, Қытайда литий мен кобальт өңдеу зауыттарында қазір қор жеткілікті. Былтыр бұл элементтердің айтарлықтай деңгейде артылып қалғаны, биылға азық болуда.
Арпа-бидай ас екен...
Егер астықтың тоннасы кенеттен мұнай тоннасымен салыстырғанда артық бағаланса, онда әлемдік шикізат пен азық-түлік нарығы тұрақсыздыққа тап болғанын көрсетеді.
Дүниежүзілік банк келтірген мәліметте әлем бойынша биыл жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімдерінің қоры жеткілікті болып, жалпы баға тұрақты деңгейде сақталады делінген. Азық-түлік бағасында тұрақтылық сақталғанымен салада кем-кетік мәселелер орын алу бек мүмкін. Мысалы, тыңайтқыштардың жетіспеуі, иә болмаса жұмыс күшінің қолжетімді болмауы күтілуде. Бұдан бөлек, логистика саласында бірқатар мәселенің туындауы дамушы елдердің нарығына жіберілетін гүлдер, жемістер мен көкөністер сияқты тез бұзылатын өнімдердің экспортын тежейді.
Пандемия мен оған қарсы күрестің салдары аграрлық өнім өндірушілер үшін де, тұтынушылар үшін де әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, Германияда шекараның жабылуы маусымдық ауыл шаруашылығы жұмысшыларына кедергі келтіріп отыр. Неміс шаруа одағының (DBV) басшысы Йоахим Руквидтың айтуынша, негізгі азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесінде қиындықтар болуы мүмкін емес, бірақ көкөністер мен жемістерге қатысты кейбір дақылдардың тапшы болуы кәдік. Өз кезегінде өнімнің жетіспеушілігі бағаға әсер етеді.
Ал негізігі азық саналатын азиялықтардың күріші алдағы жоспарланған уақытқа жетпей қалуы да ықтимал. Биыл күріш бағасы Таиландта алты жылдан астам уақыт ішінде ең жоғары деңгейге дейін көтерілген. Вьетнам үкіметі 25 наурыз күні халықты қамтамасыз ету және резервтер жинау үшін күріш экспортына уақытша тыйым салды. Індетке дейін Вьетнам мен Тайланд әлемдік нарыққа күрішті экспорттап отырған көшбасшы елдер санатына жатқызылып келген еді.
Әлемдык нарыққа бидай экспортын тұрақты жүргізіп отырған Ресей 1 сәуірден бастап Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) шегінен тыс елдерге негізгі дәнді дақылдар – бидай, қара бидай, арпа, жүгері экспортына шектеу енгізді. Бұған дейін біздің ел де бидайды сыртқа шығаруға тыйым салғанын білеміз. Кейін квота арқылы, яғни шектелген көлемде экспортталатыны белгілі болды. Ауыл шаруашылығы министрлігі шекарадан шығаруға тыйым салынған ауыл шаруашылығы тауарларының толық тізімін жасап, қарақұмық, қант, картоп, сәбіз, қызылша, күнбағыс майы сынды өнімдер квота арқылы экспортталып отыр.
БҰҰ індеттің соңы тыйылмаса, әлем бойынша азық-түлік жетіспеуі орын алып, тіпті осы жылдың соңына қарай жер жаһандағы 265 млн адам ішер асқа жарымай қалуы мүмкін екенін айтып дабыл қағуда. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының басшысы Максимо Торероның айтуынша, ауыл шаруашылығы дамыған елдерде егін жақсы болғанымен, бұл салада қызметкерлер саны жетіспеуі мүмкін.
– Бұл жағдай бағаға әсер етіп, тарифтер қымбаттайды, әр ел алдымен өз халқын қамтамасыз ету үшін өнім экспортына шектеу енгізеді. Жағдай күрделенсе, Үкіметтің азық-түлік ағынын шектеуі мүмкін. Еркін сауда ағыны енді бақылауға алынады. Бұл жағдай елдер арасындағы нарыққа таластың тууына, түйткілді мәселелердің орнауына алып келуі мүмкін. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз етумен қатар, өнім өндірушілердің дағдарысқа ұшырамауын қадағалау да аса маңызды. Әсіресе одақтас елдер өз өнімдерін көрші елдерге көптеп өткізуге тырысуы мүмкін. Түптеп келгенде шиеленістен қашып, әлем бойынша азық-түлік ағынын қорғайтын уақыт жетті, – деді БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының басшысы.