Коронавирус • 29 Сәуір, 2020

CoronaApp – коронавирусты онлайн диагностикалау сервисі

147 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

BTS Digital компаниясы әзірлеген қазақстандық Aitu мессенджерінде CoronaApp сервис-боты пайда болды. Онда айтулы кеселге байланысты барлық өзекті мәліметтерді табуға, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының әдіснамасы бойынша жедел диагностикадан өтуге, ауру жөнінде не білетініңізді тексеріп, пайдалы ресурстарға сілтемелер алуға болады. Сервис дертке қатысты дәйекті ақпараттандыру және медицина мекемелеріне түсетін салмақты жеңілдету мақсатында құрылды.

CoronaApp – коронавирусты онлайн диагностикалау сервисі

Қазіргі уақытта коронавирус жайында сенімді ақпарат алуға арналған жекелеген шешімдер мен ресурстар көптеп табылады. Кесел жөніндегі толыққанды көрініске ие болу үшін қазақстандық пай­даланушының бір мезгілде бірнеше дереккөзді шолуына тура келеді, олар: Telegram-дағы статистика, интернеттегі сырқат белгілері, электронды үкімет порталындағы ауру жұқтырғандар картасы, ДДҰ сайтындағы нышандар мен қорғану әдістері. Оған қоса, кейбір ресурс­тар көбіне-көп компьютер мониторы арқылы қарауға  есептелген, телефоннан көруге ыңғайсыз. Осы және басқа да себептер аталған сервисті әзірлеу идея­сын қолға алуға себепші болды.

Сервисті бот түрінде іске асыру идеясы халықаралық тәжірибеге негізделген. Microsoft-тың коронавирус жөніндегі ботын 18 млн-нан астам адам пайдаланды. Финляндияда CoronaBot көмегіне екі апта ішінде 73 мың адам жүгініп, олар 1,5 млн хабарлама жолдады. Осы шешімдер мейлінше танымалдыққа ие болып, бот пайдаланушыларын алдын ала тестілеу нәтижелеріне сүйену арқылы ауру жұқтырғандар санының күрт артуын болжауға мүмкіндік берді.

CoronaApp-тың басты ерек­ше­лігі – боттың толық қолданба ретіндегі атқарым жүйесінің кеңдігі. Статистика және жұқтырғандар картасы бойынша қажетті барлық ақпаратты алудан бөлек, пайдаланушылар ДДҰ-ның алдын ала диагностикалау әдістемесі бо­йынша байқалған ауру нышандары негізінде скринингтен де өте алады. Тест нәтижесі бойынша дербес кеңестер беріледі. Сонымен қатар сервис ресми дереккөздерден алынған өзекті жаңалықтарды ұсынып, ауру белгілерімен қан­шалықты таныс екеніңіз жөнінде тесттен өтуге көмектеседі. Әрі бот ішінде коронавирусқа қатысты түрлі пайдалы ресурстарға сілтемелер орналастырылған. Мәселен, дәрігерден онлайн кеңес алуға болатын қолданбаға сілтеме.

«Кесел жөнінде адамдар неғұрлым көбірек білген сайын, соғұрлым көбірек өздерін және жақындарын қорғай алады, – дейді Aitu жобасының жетекшісі Александр Денисенко. Біз осындай қысылтаяң шақта сіздердің және жақындарыңыздың денсаулығын сақтауға көмектесетін пайдалы да маңызды сервистер әзірлеудеміз».

Бір айта кететіні, Қазақстанда бұл секілді сервистер осыған дейін жасалмаған. Аnti-corona.kz қазақстандық сайты бар, бірақ ол тек веб-нұсқада. Телеграмдағы боттар болса, олардың жаңалық оқу немесе диагностикадан өту жағынан алғанда атқарым аясы тар. Ал мобильді қолданбалар арасында CoronaApp-қа ұқсас сервистер Қазақстанда жоқ.

CoronaApp секілді көп­функ­циялы сервистер – заманауи технологиялардың соңғы тренді. Aitu бот-сервистерін құру кезінде қолжетімді UI(user interface) компоненттердің мол жиынтығы мессенджер ішінде бүтін бір интернет-дүкенді оп-оңай құруға мүмкіндік береді, түрлі цифрлы шешімдердің басын біріктіреді және бірнеше қолданбаны пайдалану қажеттілігінен арылтып, адам өмірін жеңілдетеді. Мысалы, Aitu-дағы ең танымал сервистердің бірі – баспана алуға арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша бот-көмекші «7-20-25» пайдаланушыларға олардың бағдарлама талаптарына сай келетінін анықтауға, ай сайынғы төлем мен несие бо­йынша артық төлемді есептеуге, анағұрлым ыңғайлы өтеу кестесін, тұрғын үй кешендері мен бағдарламаға қатысушы серіктес-банктерді таңдауға және қажетті құжаттардың толық тізімімен танысуға көмектеседі. Енді 10-15 қолданбада отырудың қажеті жоқ. Барлығы бір ортада қолжетімді.