Ел тарихында үрдіс болып қалыптасқан Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауы біз – жастар үшін де үлкен маңызға ие. Дүние жүзін жаһандық дағдарыс еңсіретіп жатқанда, егеменді еліміз еңсесін биік ұстап, даму стратегиясын жүзеге асыруда. Әрине, қиыншылықтар да кездесті, бірақ әрбір мәселе өз қолдауын, өз шешімін табу үстінде. Соның бір айқын дәлелі ретінде ақылы топта үздік оқитын студенттердің грантқа ауысуын атап айтуға болады.
Биылғы Елбасының Жолдауы бізді тағы бір мәрте жаңа бастамаларға, жаңа мүмкіндіктерге жетелейтіні сөзсіз. Себебі, бізге жүктелген міндеттер де айқын. Біз деп отырғаным, бұл болашақтың берік кепілі – жастар. Жаһанды қаржылық қиыншылық шалған кезде, жастар мемлекет тарапынан қолдауға ие болды. Қаржылық тапшылыққа қарамастан, еліміздің мыңдаған студенттері жоғары білімдерін жалғастыруға, дипломдарын қолдарына тигендері жұмысқа тұруға мүмкіндік алды. Енді біз де артылған сенімді ақтап, алдымызға қойылған міндеттерді мүлтіксіз орындауымыз керек.
Елбасының онжылдыққа жасаған стратегиялық қадамы елімізді талай толағай табыстар мен жаңа биіктерден көрсетудің мүмкіндігі деп білемін. Бүгінде еліміз дүниежүзілік аренада өз орнын тапты. Оның айқын дәлелі – еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, Еуропаның төріне шықты.
Мемлекет алдында ашылып жатқан жаңа мүмкіндіктер біз үшін қуантарлық жағдай. Елбасының биылғы Жолдауында инновациялық-индустриялық даму мен экономиканы әртараптандыру басты назарға алынған. Ал бұл жастарды ғылым мен білімге одан әрі бет бұруға, жаңа инновациялық жобаларды жасауға және кәсіпкерлікпен айналысуға жетелейтіні сөзсіз.
Мемлекеттің халықаралық беделі мен байланыстары жас кәсіпкерлер мен ғалымдар үшін үлкен мүмкіндік. Өзге мемлекет кәсіпкерлерімен тәжірибе алмасып, еліміздегі бизнестің дамуына жаңашыл бағыт бере алатын болсақ, онда отандық өндірістің алға басқаны. Сол секілді, алған білімімізді зая кетірмей, еліміздің гүлденуі мен өркендеуі үшін жұмсайтын болсақ, онда бізге жүктелген міндеттердің ақталғаны деп есептеймін.
Стратегиялық жоспарлар мен салиқалы саясаттың арқасында бүгінде мемлекетімізді әлем мойындап отыр. Ал осы саясаттың басты негізі жыл сайынғы ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы екені сөзсіз.
Бұл келешектің кемел кілтін иемденетін жалынды да жігерлі жастардың үзік ойы ғана. Ал қоғамдағы отаншыл идея иелерінің берер бағасы мен саралар ойы бұдан да биік.
Гүлнұр МАШТАҚОВА, “Жас Отан” ЖҚ мүшесі.
Батыс Қазақстан облысы.