Спорт • 29 Сәуір, 2020

Дэйна Уайт: Аралда да айқасуға әзірміз

133 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде коронавирус дерті жер жаһанды жайлап тұрғанына қарамастан UFC президенті мамыр айында төрт турнир өткізуді көздеп отыр. 

Дэйна Уайт: Аралда да айқасуға әзірміз

Алғашқы жарыс 9 мамырда өтеді. АҚШ-тың Флорида штатындағы Джексонвилл қаласында орналасқан VyStar Veterans Memorial аренасында шымылдығы түрілетін турнирде Тони Фергюсон мен Джастин Гэтжи арасындағы жекпе-жектен бөлек, Генри Сехудо мен Доминик Круз, Франсис Нганну мен Жаирзиньо Розенструйк, Алексей Олейник пен Фабрисио Вердум, Дональд Серроне мен Энтони Петтис сынды жұлдыздардың айқасын тамашалаймыз. Одан кейін UFC басшылығы 13-23 мамыр аралығында тағы үш дүбірлі дода үйымдастыруды жоспарлауда. Бұл бәсекелерде Энтони Смит пен Гловер Тейшейра, Алистар Оверим мен Уолт Харрис және тағы басқа саңлақтар күш сынасады.

- Ең бастысы, Флорида штаты басшылығының рұқсатын алып, барлығы заңды түрде бекітілді. Бір өкіншітісі, бұл жекпе-жектер көрерменсіз өтеді. Бірақ одан жарыстың қызығы еш кемімейді. Теледидар немесе ғаламтор арқылы тамашалайтын көрермендердің қатары мол болатынына сенімім зор. UFC турнирлері одан кейін де жалғасады. Егер қажет болса, біз сол бәсекелерді алыстағы аралда да өткізуге әзірміз, – дейді Дэйна Уайт .

Кейбір дереккөздерге сенсек, UFC ұйымы осыдан біраз уақыт бұрын АҚШ-тың маңындағы аралдардың бірін сатып алған екен. Дэйна Уайт соның жағалауында октагон орнатып, жарыс ұйымдастыруды көздеп отырған көрінеді.