Қоғам • 30 Сәуір, 2020

Абыройыңды сақтай біл, сақшы!

340 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қоғамда полицейлер туралы пікір мен көзқарас әр алуан. Жуырда бір апай «полицейлерді аяймын, өзімнің жалғыз ұлым бар, олар да сол сияқты әке-шешесінің аяулы перзенті, жұбайының арқа сүйер азаматы, бала-шағасының асыраушы әкесі емес пе? Мен жұмысқа кеткен ұлымды әртүрлі уайымдар жетегінде күтіп, ол үйге енгенге дейін дегбірім қалмайды, олардың да ата-анасының дәл мендей болып күтетіні анық. Бірақ халық сыйламайды, ауыздарына келгенді айтып, өжек­теп жатады. Тіпті соңғы кездері әбден жүні жығылып, сағы сынған полицейлер көшеде адамдарды, не көлікті қызмет бабында тоқ­тат­қанда ауыр сөз айта ма немесе ілік іздеп сәл нәрсені таудай етіп видеоға түсіріп, айдай әлемге жайып абыройды түсірер деп үрейлене ме, әйтеуір өздері қор­қып, жігерсіздеу сөйлейді, жал­тақ­тап-жасып тұрады. Тіпті полицей жаман дегеннің өзінде ертең өзде­рінің бала-шағасы арасынан ешкімнің сақшы болмауына кепіл­дігі жоқ қой олардың», деген еді күйіне.

Абыройыңды сақтай біл, сақшы!

Неге бұлай? Расында тәртіп сақ­­шысы болу жеккөрінішті қыз­мет пе? Сымдай тартылған сымбатты тұлғасына көрікті фор­масы, формасына көркем паго­ны жарасып, жан-жағына батыл­дығымен, әділдігімен, қайрат­тылығымен үлгі болуы тиіс сақшылар мұндай күйге қалай түсті? Кішкентай балаларға «өскенде кім боласың?» дегенде «полицей боламын!» деп ойланбай-ақ жауап беретін бұл қызмет, бұл мамандық тап-таза бала қиялдың қызығушылығына ие еді...

Негізі полицей де, полицейлік қыз­мет те жаман емес – олар қоғам­дық қауіпсіздікті қадағалаушылар, тәр­тіпті қамтамасыз етуші күш. Зәбір көрген мен жапа шеккеннің шағым айтып барар қорғаны, аққа жақ болып әділдікке араша түсер орын. Бірақ полицейлер дәл осы үдеден көріне алып жүр ме? Қоғам арасындағы әңгіме де, туындап тұрған мәселе де – осы жерде.

Бірақ елде лаңкестер лаң салған қиын кездерде елді аман сақтау үшін ең алдымен кеудесін оққа тосқан – полицейлер, өз өмірін өзі тәрк етіп көпірден не биік үйден секірмек болып бел буғандардың жанынан табылып, өз басын қатерге тігетін – полицейлер, ақжал толқынмен алысып суға батып бара жатқан адамды байқаса теңізге, алапат өртті көрсе жалынға қойып кететін – полицейлер. Көшедегі ұры-қарыны ауыздықтап, күні-түні көше бойлап тәртіпті талап етіп жүретін де – солар. Жол сақшылары қадағалап тұрмаса ерсілі-қарсылы ағылған көліктер арасында қандай бассыздықтар болатынын елестетіп көріңіз, себебі мыңдаған көліктердің тізгініндегілердің кімдер екенін ешкім білмейді...

Полицейлер арасында біреуді құтқарамын деп өзі ажал құшқан боздақтар аз емес. Тірісінде полицей болғаны үшін жер-жебіріне жететін халқы қайғылы кезде аянышпен қарап, азалы сөзін арнайды. Түсініксіз. Азаматтың көзі тірісінде қадірі жоқ, өлген соң бағалы. Сонда «полицей тек қызмет бабында қаза болса ғана құрметті бола ма?» деп ойлайсың.

Ел пікіріне сүйенсек, олар полицейлерге көбіне парақорлық үшін ренжиді екен. Жол бойында – ақша, қылмысты істі тергеу-ашу үшін – ақша, кез келген ісі түсіп барған адамның тағдырын, ісін пара шешеді деп қынжылады тұр­ғындар. Өкініштісі, пара­қор­лық, сыбайластық барлық салада бар. Егер бұл жаман әрекет ден­деп кетпесе мемлекетте сыбай­лас­тыққа қарсы күресетін білдей орган құрылып, білек сыбанып, бел­сене іске кірісер ме еді?! Алай­да осылай ренжитіндер бір­­жақты пікірге сүйенеді, себе­бі полицейдің бәрі парақор емес. Өз ісін адал атқарып, ел-жұр­ты­ның ықыласына бөленген, қайырымдылық істерімен елін сүйсінткен, қарапайым бауырға көмек қолын созып жүрген сақ­шы­лар аз емес. Жол бойында көлік қозғалысы ережесін бұзып өтіп параны өзі ұсынатын жүр­гі­зушілер де бар. «Алтын көрсе періште жолдан таяр» дегендей, тек полицей емес, оңай жерден түсіп тұрған олжадан, ойда жоқта сап ете қалған сыйдан бас тарту көп адамның қолынан келе бермейтін тірлік! Жол ережесін бұзбаған, ешқандай кінәсі жоқ жүргізуші-жолаушыдан қызмет бабын пайдаланып «темекіге ақша» сұраған полицей – өз қыз­ме­тінің мәнін түсіне алмай, алдына келгеннен алу керек деген ойдан әрі аса алмай қалған жартыкеш жауаптылықтағы жандар, полицейлік қызмет ондайлардың орны болмауы қажет.

Ал қазақ тәмсілінде айтылатын «Бір қарын майды шірітетін бір құмалақты» өзге салалардан да кездестіруге болады. Бір қызығы кеше жұмыссыз кезінде пара алатындарды сынап-мінеп отыратындардың әлдеқалай «бармақ жалататыны бар» жұмысқа орналасса – жалап-жұқтауды қалай тез меңгеріп кететіне таңғаласың. Осыған қарап қызметті, тіпті жаман да болса пара алуды сынайтындардың арасында адалдық, әділдікке араша болушы шынайы жандармен бірге, көре алмаушылықтан, қызғаныштан, пайдакүнемдіктен асыра сөз айтып, күйіне ызаланатындар да бар деуге болады.

Жуырда Маңғыстауда тәртіп сақшыларының қызметіне сын болып, абыройларына дақ салатын­дай оқиға тіркелді. Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті об­лыстық прокуратурамен бір­лесіп, Маңғыстау облысы Полиция департаментінің лауа­зым­ды тұлғаларының заңсыз әре­кетін әшкереледі. Яғни, олар Ақтау қаласында карантин кезін­де «жұмыс істеуді» жал­ғас­тыр­ған жезөкшелер ордасының заңсыз әрекетіне полицияның «қам­қор­лық» жасағанын анықтады.

Бұл туралы Маңғыстау облы­сы­ның Қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті Тергеу басқармасының басшысы Бауыржан Баймырза мәлімдеді.

Бауыржан Серікұлының айтуынша, облыс аумағында карантин жарияланғанына қарамастан полиция қызметкерлері құқық­бұзу­шылық әрекеттерді тоқтату шарасын қолға алмаған. Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы қызмет тәртіп са­қ­шы­лары коронавирус инфек­циясын жұқтырған адамның жез­өк­шелікпен айналысатын шетел азаматшаларымен байланыста болғаны туралы ақпаратты жасырып қалған деп тұжырымдап, полиция осы туралы мәліметті «құпияда ұстады» деп жариялады.

 – Аталған мәліметтерге сай, пара алу, қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану, жезөкшелікпен айналысуға арналған орындарды ұйымдастыру және оларды жасыру, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағ­дайларды жасырып қалу фак­ті­лері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, – деді ол.       

Сақшыға жараспайтын өрес­кел әрекет, өздері қызмет ете­тін, қорғап-сүйенетін заңға қара­ма-қарсы тірлік. Бірақ сол үшін бүкіл полицейге күйе жаға алмайсың, мысалы, бір мұғалімнің, бір жолсеріктің, бір дәрігердің немесе кез келген бір адамның әрекеті бүкіл ұжымының, әріп­тестерінің айнасы емес, бір жур­налистің пікір-пайымы барша журналистер қауымының уәжі емес.

Осылайша қызметін орын­сыз, тіпті теріс бағытта пайда­лан­ғандардың кесірінен онсыз да халық арасында беделі көтерілмей келе жатқан тәртіп сақшыларының қызметі сынға ілікті. Кінәлілер жазаланатыны анық, алайда олардың қателігінің «қолтаңбасы» сақшыларға деген сенімді сұйылта бере ме деген ой туындайды. Елімізде төтенше жағдай енгізіліп, карантиннің шектеу-шаралары күшейген шақта қызметтері бірнеше есеге артқан, індеттен бұрын да кездескен қиындықтарда да саптан жоғалмаған сақшылардың өзіндік орны бар. Жол жиегінде қызмет атқарып тұрған поли­цей­лерді көлікпен қағып өту, оны «челлендж­ге айналдырса» деп келеке ету – өрескелдік. Полицей де – адам, отбасын асырау үшін нәпақа тауып, мемлекетке қызмет етіп жүрген азамат. Полицейлерге деген құр­мет­сіздік, анайы сөздер мен тіл­деу­лер олардың да жүйке­сін жұқа­ртып, «күні-түні тыным таппаса да басы­нан сөз кетпейтін» қызметтен өз еркімен кетуіне мәж­бүр етеді.

Өз бауыры түгіл басқаны «Өкпе­­ге қиса да өлімге қимайтын» халқымыз сақшыларды сынаса да сыйлағаны жөн, ал олардың өміріне қауіп төндіруге ешкімнің хақы жоқ! Халықтың сыны – тәртіпсізді тезге салар қалып, бірақ тек орынды болса. Қазақтың даулар мен әртүрлі мәселелерді шешетін би-шешендерге қазы­лар­ға, ақсақалдарға жүгінуі елдің үнін тыңдау, жұртшылық сотын мойындауы жөн-ақ, бірақ бүгінде әлеуметтік желіде отырып орынды-орынсыз пікірлерді жаудыру – батырлық-билік, азаматтық емес екені белгілі. Мінді түзету үшін сынның өзі орынды, терең толғаныстан туындаған көшелі уәждерден құрылатын философиялық шешім болуы тиіс. Сондай-ақ сақшылар да жөнсіз әрекеті өзінің ғана емес, тұтас саланың, барша әріптестің абы­ройын аяқасты етер істерден сақ, аттарына кір келтіретін істер­ден аулақ болып, ел-жұртына сүй­кімін кетірмесе екен!

 

Маңғыстау облысы