Таным • 30 Сәуір, 2020

Ер Мәліктің есімі институтқа берілсе, елдіктің белгісі болар еді

491 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жеңістің 75 жылдығына орай Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің Көкшетау техникалық институтына Кеңес Одағының Батыры, академик-жазушы Мәлік Ғабдуллин есімі берілсе, әлімсақтан ерлікті мұрат тұтатын Алаш баласы үшін ақжарылқап күн болар еді. Ұлттық құндылықты ұлықтаудағы себі зор бұл мәселе үш жылдан бері сағыздай созылып келе жатыр.

Ер Мәліктің есімі институтқа берілсе, елдіктің белгісі болар еді

Кеңес Одағының Батыры, запастағы гвардия полковнигі, КСРО Ғылым академиясының ака­де­мигі, филология ғылымда­рының докторы, профессор Мә­лік Ғабдуллиннің Ақмола об­лысындағы Зеренді ауданының Қой­салған ауылында дүниеге кел­гендігін көзіқарақты жалпақ жұрттың бәрі біледі. Батыр Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі қанқасап майданда ерен ерлігімен аты аңызға айналған панфиловшылар дивизиясының құрамында Мәскеу қаласын қорғауға қатысты. 1943 жылы 30 қаңтарда Мәлік Ғаб­дуллинге «Ленин» орденін және «Алтын Жұлдыз» медалін тапсырумен қатар, Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Асылында, жерлесіміз Мәлік Ғабдуллин екі жоғары атақ – Батыр әрі академик атағын алған жалғыз тұлға. Майдандағы ерлігі өз алдына, 1956 жылы КСРО Педагогика Ғылымдары академиясының толық мүшесі болып сайланды.

4

Мәлік Ғабдуллин – майдан даласындағы қаруластарының есімін мәңгі өлмес тарих бетін­де қалдырған, жан алып, жан беріскен қиян-кескі соғыс оқи­ғаларының толық хронологиясын жазған, табиғат сыйлаған дарынының арқасында доктор, профессор, академик ғылы­ми дәрежелерінің асқаралы шы­ңына шыққан талант иесі. Гуманизм мен азаматтықтың әдемі үлгісі болып табылатын қазақ халқының танымал ұлы үш мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған, педагогтердің тәлімгері атанған мемлекет қайраткері.

Бүгінгі заманда осындай тамаша тұлғаның майдандағы ерлігі мен бейбіт замандағы ғылымға қосқан сұрапыл еңбегін насихаттау кейінгі ұрпақ үшін парыз.

– Кезінде Парламенті Се­наты­ның депутаты болып жүрген кезімде 2012 жылдан 2015 жылға дейін даңқты жерлесіміз Мәлік Ғаб­дул­лин мұраларын кеңінен наси­хаттау, кейінгі ұрпаққа үлгі ету төңірегінде бірнеше де­пу­тат­тық сауал жолдадым, – дейді Парламент Сенатының V-VІ ша­қы­рылымындағы депутаты, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев, – бұл орайда бір­шама ойлар жүзеге асы­рыл­­ды. Мәселен, Мәлік Ғаб­дул­­линнің он томдық таң­дама­лы шығармалары жарық көрді. Көкшетау қаласының ор­та­лығында, көрнекі жерде Мәкеңнің ескерткіші бой көте­ріп, қала жұртшылығы мен қо­­нақ­тарының ерлікке тағ­зым ететін орнына айналды. Ендігі бір мәселе – облыс орталы­ғындағы техникалық институтқа бірегей тұлғаның есімін беру. Егер ойымыз оңынан оралса, жас ұрпаққа әскери-патриот­тық тәрбие беретін, жастардың бойына отансүйгіштік сезім дарытатын, олардың бойын­дағы елге, жерге деген махаб­бат отын маздататын маңыз­ды да мазмұнды іс болар еді. Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағ­дар­лама­лық мақаласын жүзеге асыру аясында Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің Көкшетау техникалық инсти­туты мен облыстық мәде­ниет басқармасы, Мәлік Ғабдул­лин мұражайы ұжымы бірле­сіп өткізген «Ғалым Мәлік Ғабдул­лин және жаңа қазақстандық патрио­тизм» атты бірінші рес­пуб­­ликалық ғылыми-тәжіри­белік конференцияда осындай ұсыныс айтылған болатын.

Бірінші республикалық ғы­лыми-тәжірибелік конфе­­­­рен­циясының пленарлық және секциялық жұмыстар­ды қорытындылай келе, қарар қабыл­­данған. Үкімет жанын­да­ғы ономастика комиссия­сына ұсынылатын тарихи тұл­ға­лар тізіміне Кеңес Одағы­ның Батыры Мәлік Ғабдул­лин­­нің есімін кіргізу мен өзге­рістер енгізуге ұсыныс бері­ліп, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинді ұлықтау мақ­сатында Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің Көкшетау техникалық институтына Мәлік Ғабдуллиннің есімін беру туралы Ішкі істер министр­лігіне қолдау хат жолданған. Одан кейін де тиісті орындарға ел тілегін арқалаған қаншама өтініш хаттар тоғытылған. 

Міне, осыдан бері үш жыл уақыт өтті. Мәселе әлі шешімін табар емес. Дегенмен батыр есі­мін ұлықтау шаралары атал­­мыш институтта жүргізілуде және кең көлемді, тыңғылықты қо­л­ға алынуда. Ер Мәліктің есі­мі әр кур­санттың жүрегінен орын тауып, ізгі нұрын шашып тұр.

–Техникалық институтта батыр бабамыз туралы көркем әдебиеттер мен ғылы­ми туындыларды оқыту арқылы болашақ офицерлердің көкірегін рухани байлықпен көріктендіріп, олардың бойларына ерлік пен өрліктің, батырлықтың бас­тау көзі саналатын балау­са сезімдерді сіңірудеміз, – дей­ді институт бастығының ғылы­ми жұмыс бойынша орынбасары, полковник Кендебай Райым­беков, – батырдың ту­ған күні ескерткішіне гүл шо­ғын қоямыз, мұражайына барып ерлік дәстүрлерімен танысып, ғылымдағы ұшан-теңіз еңбегінің тәлімін ұғамыз. Институттың өзінде ер Мәліктің ерлігі үлгі шашу үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жас офицерге кеңес» жобасы әзірленген. Кеңес Ода­ғының Батыры Мәлік Ғабдул­линнің «Сұрапыл жылдар» кі­табындағы материалдар негі­зінде бұл күнде қанатты сөздерге айналған ой түйіндері жинақталып отыр. Мәселен, кеңес парақшасында «Шындық қандай қатал болса да, оған ашық қарау қажет», «Ұрыс басталмас бұрын қорқу – бұл мерзімінен бұрын жеңілу», «Әр адамның борышы – жолдасын қайғыда қалдырмау» тәрізді болашақ офицерлерге темірқазықтай айнымас жол сілтейтін, астарында атан түйеге жүк болар парасат түйіні сомдалған сөздері жазылған.

Осылайша институтта ер Мәліктің ерлігін кейінгі ұрпаққа насихаттау және сол арқылы бойларына ізгі қасиеттерді дамыту барысында ұлан-ғайыр жұмыс атқарылуда. Институтта Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинге арналған «Батыр – тағдыр, ғылыми – ғұмыр» атты ғылыми-танымдық семинар өткізіліпті. Аталған іс-шараның қорытындысы бойынша инс­титут оқытушылары мен курсанттары батыр жайлы толық мағлұмат ала келе, өздерінің оқу орындарына ер Мәліктің есімін беру туралы бірауыздан пікір білдірген.  

Жас толқын ғана емес, ел ақсақалдары, ардагерлер де бұл мәселені қос қолын көтеріп қолдап отыр.  

– Облыстағы 112 мың ардагер, оның ішіндегі 39 Екінші дүниежүзілік соғыстың қатысу­шылары мен мүгедектері Кеңес Одағының Батыры, КСРО Педагогика ғылымдарының академигі Мәлік Ғабдуллиннің есімін техникалық институтқа беруге өтініш білдіреді деп айтуға толық болады, – дейді об­лыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл.

Сөз соңын шиырып айт­қанда, батыр есімі еліміздегі еш­бір жоғары оқу орнына беріл­меген. Рас, көше, ауыл аттары бар. Өздерінің қызмет бары­сындағы іс-әрекетімен үнемі қауіп-қатердің ішінде жү­ретін техникалық институт  сарбаздары өздерінің оқу ор­нын­дағы Алаштың бірегей тұлға­сының есімімен аталатынын мақтаныш тұтып, ерлік мектебінде оқыса, елдік те нығая түспес пе?! Үш жылға созылған ұсыныстың сәті Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында соқса, барша ұлтжанды азаматтардың көкірегін қуаныш кернері сөзсіз. Бұл бір шын мәніндегі ақ түйенің қарны жарылған күн болар еді.

 

Ақмола облысы