«Туған жер» бағдарламасында айтылған жүрек тебірентер тамаша ұғым талай жанның көңілінің терең бір түкпірінде қалғып кеткен сезімдерді оятқаны анық. Бір бүйірінде елге деген сарытап сағыныш бұғып жатқан қаншама азаматтар өз ауылына, атамекеніне көмек қолын созып, көркеюіне атсалысып жатыр. Мәселен, өткен жылы облыста 583 әлеуметтік бастама көтеріліп, білім мен экология, елді мекендерді абаттандыру, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіріп, мәдениет ошақтарын салу және жөндеу бағытында 5,3 млрд теңге қаржы игерілді. Бұл ел дегенде ет жүрегі елжіреп тұратын абзал ниетті азаматтардың туған жерінің көркеюіне қосқан қомақты үлесі.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, Көктерек ауылының тумасы, облыс орталығында тұратын, ісі оңынан оңғарылған кәсіпкер Жұмағұл Жолдықов өткен жылы кіндік қаны тамған Көктерек ауылын көркейтуге 10 млн теңге қаражат жұмсапты. Бұл бір жолғы қолғабысы. Аталмыш бағдарлама қабылданбай тұрып, 4-5 жыл бұрын ауыл іргесіндегі киелі жер санатындағы Әулиетасты қоршап, маңайын абаттандырып, бітеліп қалған бұлақ көздерін ашқандығын білуші едік. Осы жолы да 5 млн теңге қаражат жұмсаған.
Әуелі Әулиетас туралы бір ауыз сөз айта кетелік. Ауылдың тап іргесіндегі, қозыкөш жерде семіз жылқының қартасы тәрізді бұйра-бұйра сандық тастары бір-біріне жымдаса қаланып, үйіріле көтерілген Әулиетас тұр. Ықылым заманнан бері қасиет дарыған, кие біткен жер санатында. Тек соңғы жылдары ел жадынан сол бір қасиеті ұмыт бола бастағандай. Келген адам босаған бөтелкені, темекінің тұқылын, азық-түліктің қалдығын тастап ыбырсытып жіберген. Жолсапарға шыққанда көріп, құлаққағыс еткенбіз.
– Осы жай жаныма тыныштық бермеді, – дейді Жұмағұл Жолдықов, – бір күні таң алдында көлігіме міндім де, Әулиетасқа бардым. Көп ойландым-толғандым, келесі күні өз кәсіпорнымның жұмысшыларын, қыруар техниканы әкелдім де, тазалап шықтым. Шоқының етегінде бұрын бұлақ болатын, кейін кеңшардың сауын сиырлары тұрды да, бұлақ көзі бітеліп қалды. Сол жерді тракторға ашқызып едім, мөп-мөлдір бұлақтың суы атқылай жөнелгені. Мұндай қуанбаспын.
Қазір бұл бұлақ ел жайын ойлаған кәсіпкердің құрметіне «Жұмағұл бұлағы» деп аталады екен. Ауылдың ақсақалдары солай шешіпті. Ауыл адамдары ауыз суын осы жерден алады. Су құрамын тексерткен. Тап-таза. Ел игілігіне әбден жарап тұр.
Бағдарлама бойынша жалпақ жұрттың ішінде ізгі ой, ізетті пікірдің төңірегінде топтасу басталғанда, кәсіпкер жергілікті әкімдікпен тиісті меморандумға қол қойса керек. Жүрек қалауымен, ішкі сезімдердің ұлағатты бағытқа итермелеуімен. Сөйтіп туған ауылды абаттандыруды өз қолына алған. Ауыл іргесінде кешегі кеңес заманынан қалған мал шаруашылығы фермасы болатын. Кейін төбесі бұзылып, қабырғасы құлап, ауылдың сұрқын кетіріп тұр еді. Кәсіпкер қираған үйінділерді тазалап, жайнатып қойды.
Көктерек – көркем сурет тәрізді әдемі ауыл. Аты айтып тұрғандай, көкке бойлаған көктерегі, мәңгі жасыл қарағайлары, қолдың саласындай ақ қайыңы осы өлкенің таусылып бітпес байлығы, мақтанышы. Бүгінде Жұмағұл бастаған ауыл азаматтары осы бір жер жәннатының табиғатын, туған ауылының ажарын сақтап қалуға тізе қосып кіріскен. Неше жылдан бері тазаланбаған, бей-берекет шашылған қоқыстың бәрін жинап, ауыл көшесін жөндеп, көгалдандырған. Осы шаруаға өткен жылы кәсіпкер 10 млн теңге өз қаражатын жұмсапты.
Алда бір той бар. Ол той шоқ жұлдыздай шағын ғана Көктерек ауылының іргетасы қаланғанына тоқсан жыл толуы. Бұл мереке Ұлы Отан соғысының 75 жылдығымен орайлас келейін деп отыр.
– Бала кезімде осы ауылдың берекелі шағын көріп едім. Елде ұйытқы болатын ақсақалдарымыз қандай еді. Жұмыс жылдың қай кезінде болсын қайнап жататын. Сол сурет көкірегімде сақталып қалыпты, – дейді кәсіпкер, – алдағы уақытта да сол болмысымен ауылды сақтап қалу азаматтарына сын емес пе?
Айтса айтқандай, әркім өзінің туған жеріне қарайласса, қаншама ауылдың ажары кіріп қалар еді?!
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы