Тарих • 30 Сәуір, 2020

Байөлкеліктердің майданға көмегі

683 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыс басталған сәтте Моңғол Халық Республика­сының Мемлекеттік Кіші құрылтайы кезектен тыс сессиясын шақырып, фашис­термен шайқасып жатқан Қызыл Армияға қаржылай һәм мүліктік көмек көрсету туралы шешім қабылдап, халық арасында «Екінші дүние­жүзілік соғысқа көмек» акциясын бастайды. Оған малшы араттар (халықтар) қолындағы жылқысын, сандығындағы алтын-күмісін, қой терісі­нен жасалған жылы тондарын, ет-май, құрт-ірімшік, сүт өнімдерін ұсынады.

Байөлкеліктердің майданға көмегі

Алғашқы көмекті 1941 жылдың қараша айында жолдайды. Бұл жолы 15 мың тері тон, 3 мың бума азық-түлік, барлығы 1,8 млн сомның дү­ние­сін жөнелтеді. Келесі көмек 1942 жылдың соңын ала майданға 4 составқа бөлінген 236 вагонға әрқай­сысы 30 мың дананы құрайтын: тері тон, жылы пима, жеңсіз жүн бешпет, оның сыртында 600 тонна азық-түлік, 27 мың киік еті, 2,5 млн төгрөг, 100 мың америкалық доллары, 300 кило алтын жөнелтілді.

Жоғарыдағы қаржы көмек «Внеш­торг­банк» есепшотына аударылып, ол қолма-қол танк шығаратын зауыттарға жіберілді. Оған  53 танк жасалады. Оның 32-сі – «Т-34» маркалы жаңа танк. Нәтижесінде, «Революциялық Моңғолия» атты танк колоннасы пайда болады.

1943 жылы тағы да қарапайым араттар тапқан-таянғанын жинап-теріп,
2 млн сомға «Моңғол арат» атты ұшақтар эскадрильясын жасақтайды. Ұшақтарды Смоленск облысындағы «Вязовая» стансасында орналасқан 322-ші жойғыштар дивизиясының 2-ші гвардиялық полкына табыс етеді. Осы моңғол ақшасынан жасалған ұшақтарға отырған кеңестік ұшқыштар арасынан – Н.Пушкин, А.Майоров, М.Рябцев секілді Кеңес Одағының Батырлары шыққан екен.

Қысқасы, 1941-1945 жылдары Моң­ғолия халқы кеңестік Қызыл Армияға 53,5 млн сом ақша, 300 килоға жуық алтын, 6 дүркін 11 эшелон азық-түлік, жылы киім-кешек, 498 мың жылқы, 500 мың тонна ет, тоңмаймен көмектескендігі туралы мәліметтер бар.

Мұндай жалпыхалықтық науқан­нан Байөлкенің қазақтары қалай тыс қалсын?! Олар да ел қатарлы азық-түлік өнімдерін жинап тапсырған. Аймақтық архив қорында сақталған мәліметтерге қарағанда, 1941-1942 жылдары аймақ халқы 702 899 сомның дүниесін жинап, майдан даласына 4791 күлік жіберген. 1943 жылы 376 370 сомды ақшалай табыстап, оған қосып 2629 жылқы берген. 1944 жылы 103 768 сом жинап, тағы да 791 ат дайын­даған. 1945 жылдың басында 1071 ат берген екен (Аймақтық архив қоры, ф-4, хд-3).

Осылардың ішінде Ойғыр сұмыны­ның халқы Ильяс Оралбайұлы 1 киіз үй, 60 ат, Пұшатай Оралбайұлы 240 ат, Д.Қопатай 113 ат сыйға тартқан. Сол кездегі ахуалды бастан кешкендердің айтуына қарағанда ет, жүн, тері, май салығы қатаң түрде жиналып, тапсырылып отырған. Халықтан осылай жиналған ақша, азық-түлік, киім-кешекті үкіметтік арнайы комиссия, жауапты адамдар майданда шайқасып жатқан әскери бөлімдерге жеткізіп беріп, оларға материалдық және рухани жағынан көмектесіп отырған. Мәселен, 1943 жылы қара­шада аймақ әкімінің орынбасары қыз­метіндегі Қашқынбай Мәлікұлы көмек жеткізу комиссиясының құрамында болған. Ол делегацияны маршал Х.Чой­балсан басқарып барған. Олар Калинин майданының шебіне «Баян-Өлгий» атты танк колоннасы мен азық-түлік, киім-кешек жеткізіп берген екен.

Қашекең осы сапары жайында 1985 жылы Жеңістің 40 жылдық мерекесі қарсаңында «Өмір өрнектері» дейтін көлемді естелік жазып қалды­рыпты. Осы естеліктен үзінді келтір­сек: «…1942 жылдың күзінде мені Ұлан­-батырға шақырды. Қызыл Армия­ға көмек апаратын топтың құрамына енгізіпті. Делегацияны маршал Х.Чойбалсан бас­тап жүрді. «Төңкерісшіл Моңғолия» атты танк колоннасына сыйға тарту үшін 1942 жылы қараша айында жолға шықтық. 1943 жылы 12 қаңтар күні Мәскеу маңындағы Наро-Фоминский дейтін шағын қалашықта моңғол жұртының қаражатына жасалған 53 танкті полковник М.Т.Леонов басқарған 112-ші Қызыл тулы танк бригадасына тапсыру рәсімі өтті. Мен қабырғасына «Баян-Улгей» деген үлкен жазуы бар танкті экипаж командирі Резковқа тапсырдым. Ол мені танкке отырғызып, әрі-бері алып жүрді. Байөлкеліктер жинап берген азық-түлік, киім-кешекті солдаттарға үлестіріп бердім. Жиын соңында бригада командирі: – Біз бұл танкілермен Берлиннің көшесін таптаймыз, – деді».

Жоғарыдағы 112-ші танк бригадасы туралы моңғол баспасөзінде көп жазылыпты. Моңғол елі сыйлаған 53 танктің он шақтысы 5375 шақырым жол жүріп, Берлинге дейін барған. Бір таңғаларлық жағдай, «Баян-Улгей» атты танк те  аман-есен Берлинге тұмсық тіреп тоқтапты. Осы танк бригадасынан соғыс жылдары 16 Кеңес Одағының Батыры шығыпты. Соғыстан кейін бригадаға Сүхе-батор есімі беріліпті.

 

Суретте: Мәскеу маңындағы Нарофоминский атты елді мекенде Қызыл Армияға Байөлке халқы атынан майданға жолдаған сыйды тапсыруда. 1943 жыл, 12 қаңтар.