Қазақстан • 30 Сәуір, 2020

Ұлттық болмысты ұлықтаған кәсіпкер

457 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Рүстем Ермекбайдың есімі өз кәсібін өрге дөңгелетіп, тыңнан түрен салған жас кәсіпкер ретінде жұртшылыққа жақсы таныс. Әсіресе, жастар ол негізін қалаған «Sabyrzhanayrin» деген атпен белгілі отандық киім брендін жылы қабылдады. Он сегіз жасында тарихи отанына оралған қандасымыз орда бұзар отызында білдей холдингтің тізгінін ұстап, алпыс азаматты жұмыспен қамтып отыр. Қатарластарына үздік үлгі көрсеткен Рүстем былтыр «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанды.

Ұлттық болмысты ұлықтаған кәсіпкер

Біз ауыз толтырып айтып отырған толағай табыстардың тасасында таудай талаптан бөлек, талмай еңбектену мен табанды ізденіс жатыр. «Мақсат жолында тынымсыз тер төкпесем, жетістікке жете алмаған болар едім» деген болашақ бизнесменнің басынан ешкім сипай қойған жоқ. Қарапайым отбасында тәрбиеленген талапты ұлдың тілегін қолдағанымен, ата-анасы мен туыстарында бизнес бастауға деп бере қоятындай қаржы да болмаған. Бала жасынан бейнетпен белдесіп, қара жұмыстың шарығында қайралған Рүстемнің өз сө­зімен айтқанда, кәсібін «нөлден» бас­тапты. Бүгінгі қиындықтарды еңсеру, бо­лашақ игіліктердің басы еке­нін жіті сезінген мақсаткер жанның алдынан көлденеңдеп кездескен кедергілер де аз болмаған.

Қалай да арманға құрық салу керек. Қағылез жігітті қия­ға жетелеген де осы сенім. Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында магистрлік білім алып, беделді компанияға жұмысқа тұрды. «Жалақым жаман болған жоқ. Алайда, осы компанияда жұмыс істей берсем, алдағы 10 жылда қандай деңгейге жететінім туралы ойландым. Мүмкін бір бөлімнің жетекшісі болар ма едім? Бірақ менің арманым алыста еді.  Қалай да өз ісімді ашуым керек деген ой бір сәтке де тыным бермеді. Абай сөзімен айтқанда: «Ең­бектенгенді Құдай да құр тас­тамайды». Бұл мақсатыма да жеткізді», – деген Рүстем үш айдың ішінде ағылшын тілін сауатты меңгеріп,  2013 жылы өзі ойлап тапқан авторлық әдістемесінің негізінде ағыл­шын тілін үйрететін курс ашты.

– Сайт ашып, ағылшын тілі курсына адам қабылдау үшін алғашқы тегін шеберлік сағатын өткізетінім туралы хабарладым. Кеңсені жалға алу, жиналысты ұйымдастыру үшін шамамен 15 мың теңге қаражат кетті. Алғашқы те­гін сабаққа 60-қа жуық адам келді. Оларға өзім қол­дан­ған тіл үйрену әдісін түсін­діріп, бір аптадан соң курс басталатынын, алдын ала тө­лем жасайтындарға 50 пайыз жеңілдік қарастырылатынын айттым. Келушілердің жартысы алдын ала төлемге ақ­ша қалдырды. Жиналған қаражатқа бір аптаның ішінде сабақ өткізетін кеңсе жалдап, оқулықтар мен керек-жаб­дықтарды алып үлгердім. Келушілердің саны күн санап арта берді. Тіл үйрететін тағы да бір нүкте аштым, – дейді кейіпкеріміз.

Араға жеті ай салып бар-жоғы 15 мың теңгемен бас­таған дайын бизнесін 33 мың долларға саудалапты. Оған себеп – өзіне жоғары талап қоя білетін Рүстем бұдан да та­быс­ты кәсіпке көшуді көздеген.

Осылайша, ол отандық  жеңіл өнеркәсіп саласын өр­кендете жүріп, өзінің жеке киім брендін қалыптастырды. Ізденімпаз кәсіпкердің тың бастамасы жеміс беріп,  үш жылдың ішінде еліміздің 14 қаласында 22 дүкен желісі мен Алматы қаласында үш тігін фабрикасы жұмысын бас­тады.

Бүгінде «Sabyrzhanayrin» өнімдері өрісін кеңейтіп отыр. Сапалы киімдерге тапсырыс беретін тұтынушылардың қатарында өз елімізден бөлек  АҚШ, Қытай, Еуропа елдері, Мысыр, Ресей секілді алпа­уыт мемлекеттердің өкілдері бар. 2016 жылы қазақстандық кәсіпорындардың эконо­ми­калық көрсеткіштерінің қоры­тындысы бойынша «Sabyrzhanayrin»  «Сала Көш­­басшысы 2016»  сый­лығын иеленгенін білеміз. Қазір де Рүстем Ермекбай мемлекеттік қолдаумен дамып жатқан «Atameken Academy» және «Jas kásipker» бағдарламаларында белсенді спикерлердің бірі. Сонымен қатар өзі басқарып отырған Ayrin Online ЖСШ IT-жобасында 1200-ден астам отандасымызды дайын бизнес­пен қамтамасыз етіп отыр. Іскер азаматтың мақсаты – жеке бизнесімен айналысқысы келетін әрбір жанға  әлемдік Uber, AirBnB секілді онлайн- платформа арқылы мүмкіндік беріп, Қазақстанның шағын және орта бизнесіне қолдау көрсету.

– Маған әр күн сайын әртүрлі адамдардан  «шағын бизнесім бар, бірақ қалай дамытарымды білмеймін», «дипломым бар, жұмысым жоқ» деген сынды хабарламалар көп келіп жатады. Осы тұрғыда менің жауабым: бойыңдағы қабілеттерді дамытып, оларды табыс көзіне айналдыра білсең, қосымша білім алып өзіңді жетілдірсең, жұмыссыз қалмайсың. Ең бастысы, өз өміріңе жауап­кершілік тек өзіңде екенін түсіне білуің керек. Шағын бизнесті дамытудың қара­пайым болса да көпшілік мән бермейтін қағидалары бар. Мен оны Асан мен Үсен есімді кейіпкерлер арқылы түсіндіріп көрейін. Асан да, Үсен де енді ғана оқу бітірген, бойлары энергияға толы, бірақ жұмыссыз, «бірдеңе бас­тау керек» деп жүрген жас жігіт­тер. Қанша іс  бастағысы кел­генімен түсініксіз себептер, түрлі сылтаулар мақсатына кірісуге кедергісін тигізеді. Бір нәрсе ұстап тұрған сияқты көрінеді, бірақ сол арада екеуінде екі түрлі түсінік қа­лыптасады. Асан бір жерде тұралап тұрғанын қабілеті жетіспейтіндігінен, өзінен көрсе, Үсен таныстарсыз іс тынбайтынын алға тартып, өз кемшілігін мемлекеттен, не басқадан іздейді. Асан қате­ліктерін түсініп, түзеу үшін кәсіптің әртүрлі салалары бо­йынша танымын жетілдіреді. Өнім, дизайн, маркетинг, сату, қаржы, заң, таргет, тіпті қарапайым келіссөздер жүргізуден бастап, адамдармен қарым-қатынас жасау тетігіне дейін меңгереді. Алғашқы офлайн дүкенін кейіннен онлайнға айнал­дырып, тоқтамай өзін дамытып, табыс тауып, мақ­сатына ұмтылады. Шетел­дерге барып, жаңа көзқарас қалыптастырып, өз еліне ке­ліп енгізе бастайды. Ал дәл сол уақытта бұрынғы  Үсен, әлі сол қалпы өзінің өмі­рін үкі­метке, қоршаған орта­сына табыстап әрі соларды кінәлап, өзі қаламайтын жұмыс­та аз айлыққа жұмыс істеп жүреді. Бұл жай ғана шындыққа жанастырылған мысал болғанымен, өмірде де солай.  Осы қарапайым алго­ритмді  түсініп, әрі қарай өз өмі­ріңді қолға алып әрекет етсең, сөзсіз табысқа жетесің. Ең бастысы өзіңнің біліміңді арттырып, қабілетіңді көте­руің керек. Көп жыл өзге ел­де тұрған азамат ретінде туған халқыма деген махаббатты жақсы түсінемін. Біз өз кәсібімізді дөңгелете жүріп, ұлтымыздың мәйекті мәдениетін дәріптеуге тиіспіз, – дейді Рүстем Ермекбай.

Қазіргі әлемдік дағдарыс жағдайында жеңіл өнеркәсіпті өрге сүйреудің маңызы зор. Көңілімізге медет сыйлаған бір нәрсе, Рүстем қалыптастырған отандық өнімдерде ұлттық болмысымыздың исі бұр­қырайды. Өзге елден өзім деп келген қандасымыз қа­зақы құндылықтардың қай­нарынан қанып ішіпті. Ол тіккен киімдерде Абай, Шә­­кә­рім, Махамбет секіл­ді ұлы тұлғалардың бейне­сі бедерленіп, қасиет-қалы­бымыздан сыр шертетін  ою-өрнектеріміз үйлесімді көрініс тапқан. Мұндай ерекше киім­дерге туристер тарапынан да сұраныс жоғары көрінеді. Кәделі кәсібін ұлтымызды танытуға ұластырып жүрген бауырымыздың ісі берекелі болғай!

 

АЛМАТЫ