Руханият • 30 Сәуір, 2020

Кітапхана – көркем ойымыздың кепілі

111 реткөрсетілді

Әлемдік өркениетте кітапхананың алатын орнын ешкім де жоққа шығара алмайды. Осы орайда еліміздің еңселі қара шаңырағының бірі Ұлттық академиялық кітапхананың бүгіні мен болашағы турасында айта кеткіміз келеді.

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Тарих қойнауына тереңдеп бармай-ақ, бүгіннің биігінен қарағанның өзінде елімізде кітапхана ісінің кең қа­нат жайып келе жатқанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Ең бас­тысы, қалың көпшіліктің кітап оқуға деген ынта-ықыласы арта түскені бай­қалады. Статистикаға жүгінсек, соңғы бес жылдық көрсеткіш бойынша ұлттық кітапхананың оқырмандар саны жыл сайын тұрақты түрде 1000-2000-ға өсіп отырады екен. Мәселен, 2019 жылы 20411 оқырман тіркелсе, биылғы 2020 жылдың екі айында ғана тіркелген оқырман саны 21064-ке жеткен. 2019 жылдың есебі бойынша оқырмандар саны 52004-ке жетіп отыр. Бұл соңғы 5 жылда кітап оқушылар санының екі есеге өсіп отыр­ғанын аңғартады.

Қазірде жастар кітапханаға бармайды дейтін пікірлер жиі айтылып жатады. Керісінше, бүгінде жас та, жасамыс та, бала да, қария да кітап оқуға ден қоя бастаған. Тіпті оқырмандардың басым бөлігін жастар құрап келеді. Кітапханада таңертеңнен қара кешке дейін отыратын оқырмандар аз емес. Мәселен, былтыр оқырмандар арасында кітапхананың жұмыс уақытына байланысты сауалдама жүргізген уа­қытта, сауалдамаға қатысқандардың арасында кітапхананың аптасына жеті тәулік бойы 24 сағат жұмыс істегенін қалайтындар көп екені анықталды. Ондай оқырмандар аз болғанымен, кітапхана олардың да пікірін елеп-ескеруге тырысады.

Дәл қазіргі уақытта Ұлттық ака­де­миялық кітапхана қашықтық ре­жімінде оқырмандарға онлайн қыз­мет көрсетуде. Бұл орайда Қазақстанның Ұлттық электронды кітапханасы күн­­­делікті жұмыс істеп тұр. Қазір Қа­­зақстанның Ұлттық электронды кітапхана қызметін әлемнің 60-тан астам елінен пайдаланушылар қол­данып жатыр. Олардың қатарында Қазақстан, Ресей, Қытай, Түркия, АҚШ елдері бар. Сондай-ақ порталды ТМД елдері Финляндия, Германия, Болгария, Румыния, Жапония, Оң­түстік Корея және т.б. мемлекеттер қолданып отыр.

Жуырда сондай-ақ қазақстандық Ұлттық электронды кітапхана «Қа­зақ­­станның ұлттық және мәдени мұ­расының ресурсы ретінде» атты вебинар өткізді. Одан бөлек online кітапхана жобасы іске қосылды. Бұл жоба Қа­зақстанның барлық кітапханашысы мен ел азаматтарына арналады. Қазіргі заманғы жаңа технологиялар бойынша әртүрлі тақырыптағы күнделікті дәрістер өткізіледі.

Пайдаланушылар үшін білімнің барлық саласы бойынша қазақстандық басылымдарға қолжетімділік берілді. Атап айтқанда, сирек кітаптар мен қолжазбаларға, мақалаларға, газеттер мен журналдарға, көркем әдебиетке, мемлекет және құқық, өнер және т.б. Сонымен қатар пайдаланушылар авторефераттар мен диссертацияларға, университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми басылымдарына, сондай-ақ кітапхана жазылған IPR Books және Euromonitor Passport толық мәтінді деректер қорына қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды.

Одан бөлек әлемді алаңдатып отырған ауыр ахуалға байланыс­ты кі­тапханамыз елімізге белгілі ақын-жазушылармен онлайн кездесулер мен дәрістер өткізуді қол­ға алды. Дария Жұ­магелдинова, Кен­жехан Маты­жа­нов, Көпен Әмірбек, Дәулеткерей Кәпұлы сынды белгілі тұлғалармен онлайн кездесулер өт­кізілді. Одан бөлек «Апта» бағдар­ламасы аясында балалардың әртүрлі байқауы өт­кізілуде.

Сонымен қатар YouTube желісінде және басқа да әлеуметтік желілерде Қа­зақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президенттік сыйлықтың лауреаты, журналист Көпен Әмірбектің «Абай ─ сатирик» тақырыбында дәрісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Ибраевпен, прозашы, ақын Б.Әлімжановпен, қоғам қайраткері, ҚХА мүшесі К.А.Ханмен сұхбаттар жарияланды.

Жалпы кітапхананың онлайн қыз­меті бойынша болашақта да көп­теген жұмыс атқарылмақ. Алдағы уа­қытта қазақстандық журналдардың сайттарын іске қосу, оның ішінде ғылыми басылымдарға шолу жасау, кітапхананың атаулы оқу залдарының ұлттық қоры туралы ақпараттық сағат, жаңа терминологиялық сөздіктер мен «XXI ғасырдағы Қазақстан және әлем» онлайн-шолулар, жаңа кітаптар, әдеби кештер, «Қазақстан жазуының және кітаптарының тарихы» видеолекция­лар, балаларға арналған онлайн-поэ­зия және суреттер сайысы, балалар әдебиеті мен ертегі терапия онлайн дәрістер, ақын-жазушылармен, абайтанушылармен онлайн кездесулер, сирек кітаптар мен құнды қолжазбалар онлайн лекциясы, ақпараттық технологиялар жөніндегі вебинар, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай онлайн конференция мен онлайн лекциялар өткізеді. Сондай-ақ болашақта кітапхана ісі және ақпараттық технологиялар бойынша қазақстандық және шетелдік жетекші жазушылар мен сарапшылардың онлайн лекцияларын өткізу жоспарланып отыр.

Әлбетте әңгімеміз кітапхана тө­ңірегінде болғандықтан биыл мерей­тойы кең көлемде аталып өтіп жатқан Абай атамыз туралы сөз қозғамай кету мүмкін емес. Жалпы абайтану мәселесінде науқаншылық басым деген сөз жиі айтылып жатады. Алайда бұл пікір кітапханаға қа­тысты деуге келмейді. Абайды оқып-тану науқаншылық емес. Пре­зидентіміз өзінің аталған мақаласында: «Абай жырларын оқу челленджі биыл, ақын мерейтойы тұсында жаңаша жанданады деуімізге болады. Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерт­теулерді қолға алуы қажет», деп жазған болатын. Мемлекет бас­шы­сының бізге артқан сенімін ақтай отырып, Абай жырларын оқу эстафетасын жаңа форматта, оған жастарды кең ауқымда қатыстыра отырып, тартымды әрі қазіргі заман талабына сай етіп өткізуді жоспарлап отырмыз. Оның үстіне, аталған іс-шараларды науқаншылыққа айналдырмай, тұрақты түрде, жыл сайын өткізіп тұру қолға алынуда.

Жалпы Абайдың 175 жылдығын тойлауды біз жаңа жылдан бастап кет­кеніміз белгілі. Осыған орай кі­тап­хананың мұрындық болуымен Че­хияның Прага қаласында «Абай» ақпараттық-мәдени орталығы ашылып, Словакия, Мажарстан, Германия мемлекеттерінде «Абай оқулары» өт­кізілді. Ал әл-Фарабидің 1150 жыл­ды­ғына орай да кітапхана ұжымы бірнеше жобаны жүзеге асыру үстінде. Еліміздің белгілі ғалымдары мен фарабитанушыларымен бас қосып, арнайы кездесулер ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Жалпы қазақ халқының бай әде­биетімен, оның салт-дәстүрлерімен, мәдени құндылықтарымен таныс­тырып, насихаттаудың жарқын кө­рінісі ретінде Ұлттық академиялық кітапхана 2016 жылдан бастап шет елдердің ұлттық және басқа да ірі кітапханаларында «Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығын ашу» ха­лықаралық жобасын жүзеге асырып келеді. Қазіргі таңда әлемнің 33 елінде Корея, Қырғыз Республикасы, Фин­­ляндия, Мажарстан, Ресей Фе­дерациясы, Армения, Малайзия, Түркия, Қытай, Грузия, Франция, Жа­пония, Швеция, Македония, Бол­гария, Чехия, Италия, АҚШ (Нью-Йорк көпшілік кітапханасы және Конгресс кітапханасы) Якутия Рес­пуб­ликасы, Чуваш Республикасы, Ру­мыния, Иран, Аргентина, Бразилия, Удмуртия, Германия, Испания, Өз­бекстан, Моңғолия, Әзербайжан кі­тап­ханаларында аталған орталықтар ашылып, оқырмандар назарына ұсы­нылды. Бүгінде бұл мемлекеттердің Ұлттық кітапхана қорларында Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Ілияс Есенберлин, Дулат Исабеков, Смағұл Елубай және басқа да қазақтың ұлы жазушылары мен ақындарының шығармалары миллиондаған оқырман қауымы үшін қол жетімді болып отыр.

Сонымен қатар кітапханамыз шет елдердегі орталықтармен ғана емес, жергілікті кітапханалармен де бір­ле­сіп жемісті жұмыстар атқарып отыр­ғанын айта кеткеніміз жөн. Жал­пы әр өңірдің кітапханаларында өлкетану жұмыстары жолға қойылған. Бұл – кітапханашылар атқарып отырған ең үлкен жұмыстардың бірі әр жергілікті  кітапхана өз өңірінен шыққан тұл­ғаларды насихаттайды, олар туралы библиография құрастырады, жаңа технология көмегімен дерек базаларын жинақтайды.

Бүгінгі таңда кітапхана қоры 2020 жылдың қаңтардағы көрсеткішіне сәйкес, кітаптардың 52 пайызын ғылы­ми, танымдық және басқа да ғылыми әдебиеттер құрап отыр. Бұл көрсеткіш кітапхананың академиялық дәрежесі үшін аз. Осыған сүйене отырып елімізде ғылымның жоқтығын немесе дамымай жатқанын аңғарып отырмыз. Қордың қалған құрамын, яғни 55 пайызын көркем әдебиет және басқа басылым түрлері қамтып отыр.

Жалпы кітапхананың биыл атқа­ратын іс-шаралары бір мақа­лада айтып беру мүмкін емес. Ал­ды­мен республиканың барлық кі­тап­ха­насында жас масатшылар қоз­ғалысын қолдайтын «МАСАТ» клуб­тарын құру және олардың жұмысын  тұрақты түрде жүргізіп, жыл сайын түрлі байқау-конкурстарын өткізу, «Балалық шаққа саяхат» қазақстандық кітап апталығын өткізу, Еуразия кі­тап­ханалық Ассамблеясы мен қа­зақ­стандық кітапханалар Альянсы мүшелерінің қатысуымен «Біздің Абай» – «Our Abai» және «Ауылым – ал­тын тұғырым» көркемсуретті альманах жинағын шығару, «Жақсыдан үйрен» еріктілер орталығын құру, «Қа­зақ даласы – бір жарым ғасыр бұ­рын» жобасын, сондай-ақ «Көне түркі әлеміне  –  Орхон ескерткіштеріне саяхат», «Бабалар ізімен» тылсым Тор­ғай өңіріне, «Жидебай-Бөрілі – Ұлылар мекеніне» кітапханалық туризмі жүргізіледі. Осы жобаларды жүзеге асыруға республика өңірлеріндегі кітапханашылар да атсалысқалы отыр.

 

Үмітхан МҰҢАЛБАЕВА,

Ұлттық академиялық кітапхана басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор

 

Соңғы жаңалықтар

Қайырымдылық – асыл қасиет

Аймақтар • Бүгін, 14:59

Алматыда тағы 37 адам Covid-19 жұқтырған

Коронавирус • Бүгін, 10:20

Алаштың ардақтысы ұлықталды

Руханият • Бүгін, 10:02

Тапа-талтүстегі төтенше жағдай

Аймақтар • Бүгін, 08:55

Ертістің суы егістікке пайдалы

Аймақтар • Бүгін, 08:40

Ғасыр зұлматы

Қоғам • Бүгін, 06:55

Ұқсас жаңалықтар