Экономика • 30 Сәуір, 2020

Шаруаларға шарапаты тиді

131 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 31 наурыздағы мәлімдемесінде кәсіпкерлік секторды қолдауға бағытталған бірқатар міндеттер белгіленген. Соның ішінде Президент агроөнеркәсіптік кешенді үздіксіз қамтамасыз ету, шағын және орта бизнесті несиелеуді арттыру қажеттігін ерекше атап өткен болатын.

Шаруаларға шарапаты тиді

«ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниясы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге жеңілдетілген шағын несие беру үшін биыл 36 млрд теңге қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Қор соңғы 2 жылда осы бағдарлама аясында жалпы сомасы 160 млрд теңге болатын 53 мыңнан астам шағын несие бергенін айта кетейік. Соның нәтижесінде 53 мыңнан астам ауыл халқы жұмыспен қамтылды.

Қазір ауыл-аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына көңіл бөлініп жатқаны рас. Әрине, бәрін керемет деуге болмас, бірқатар мәселелер әлі де бар. Дегенмен мемлекеттік бағ­дар­ламалардың аясында ауылдағы ағайынға қолдау көрсетіліп, мал шаруашылығымен қатар, басқа да түрлі кәсіппен айналысуды қолға алған азаматтардың қатары көбейіп келе жатқаны анық.

 Қой қоздап, қорада шу...

Несие қаржысына азын-аулақ мал сатып алып, қой шаруашылығымен айналысуды бастаған қыз-келіншектер де бар. Мысалы, қорасын қойға толтырып, биыл алғашқы төлін алып жатқан Сәуле Айдарқан Сарыағаш ауданына қарасты Ақниет ауылында тұрады. Кәсіпкер «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, бизнес негіздерін меңгерген. Сосын Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Түркістан филиалынан 2 млн теңге несие алып, 63 бас қой мен 3 қошқар сатып алды. Қазір қойлары қоздап, мал басы көбейіп жатыр.

Осы орайда айта кетейік, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры мал шаруашылығымен айналысамын дейтіндерге 6 пайызбен 6,5 жылға 4 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие береді. Несиенің жеңілдік мерзімі де бар.

Ырғыз ауданында тұратын Болат Тұяқбаев бала күнінен жылқыға құмар азамат. Ол көптен бері жылқы шаруашылығымен айналысуды жоспарлап жүрген. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы мен Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының несиені кепілдендіру жобасы арқылы жоспарын іске асырып отыр. Ақтөбе облысындағы «КТ Ырғыз» ЖШС құрамына кірген ол 5,4 млн теңге несиеге қол жеткізіп, 16 бас жылқы мен мал азығын сатып алған.

Айта кету керек, бұл сомаға қол жет­кізуіне Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры ұсынған кепілдеменің көмегі көп болған. Қор алған несиесінің 50 пайызына дейін кепілдеме берген.

– Біз сияқты ауылдықтар үшін жобамызды іске асыруға қаржылық кепілдеме құралы үлкен мүмкіндік. Өйткені ауылдықтар несие алайын десе, кепілдік мәселесі туындайды. Мемлекеттің осы бағытта қолдау көрсеткеніне ризамын, – дейді Болат.

 Бизнесін кеңейткен кәсіпкер

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан жеңілдетілген несие алып, жаңадан іс бастаған және бұрыннан бар бизнестерін кеңейтіп жатқан кәсіпкерлер баршылық. Мысалы, Павлодарда тұратын жеке кәсіпкер Г.Мажинова былтыр жыл соңында қордың Павлодардағы филиалынан несие алды. Ол ақшаға «Сакура» эстетикалық медицина орталығына құрал-жабдықтар сатып алды және айналым қаражатын толықтырды. Қазір орталық халыққа қызмет көрсетуге да­йын. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіппен айналысамын дегендерге 5 жылға 6 пайызбен 6 млн теңгеге дейін несие береді. Бір жылға дейінгі жеңілдік мерзімі тағы бар.

Дәл осы кейіпкерлердей қаншама кәсіпкер мемлекеттің қолдауына ие болып отыр. Еңбек етемін деген адамға ештеңе бөгет бола алмайтынын, бұрынғы жылдардағыдай емес, мүмкіндіктің бар екенін жұрт қазір жақсы біледі. Шикізат бағасы құлдырап, басқа да салалардағы өндіріс кейіндеген кезеңде ауыл шаруашылығы саласын өркендету еліміздің басты экономикалық стратегиясы болуы шарт деген ойдамыз. Шикізатқа иек артатын заманның артта қалғанын әлемдегі ахуал аңғартып отыр.