Руханият • 01 Мамыр, 2020

Берекенің бастауы – татулық

1019 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қоғамдық келісім мен бейбітшіліктің маңызын ұғындырар ұлағатты ұғымдар санада жаңғырған сәттерде, іргесінен су кетіп, берекесі қашқан, татулық туын жығып алған кейбір елдердегі қиын жағдай­ларды ойлағанда ел ынтымағының, ел бірлігінің қаншалықты маңызды екенін терең түсінесің.

Берекенің бастауы – татулық

Қазіргі таңда әлем бойынша түрлі өзгеріс­тер­ге куә болып отырмыз. Олардың ықпа­лы­мен ешқашан бұлжымастай көрінетін, әб­ден қалыптасқан көптеген қағида мен заң­ды­лықтар, құндылықтар өз мәнін жоғалту­да. Кері­сінше, сол өзгерістер себебінен жаңа қа­ғида­лар мен өзгеше құндылықтар қалыптасуда, өмірі­мізге дендеп енуде. Бұл жағдайлар жаһан­ды оқта-текте теңселтіп, кейде әрі-сәрі күй кеш­тіріп қоятыны бар. Алайда күтілген және күтіл­меген өзгерістердің қабағына қа­рап, соларға кіріптар болып отырған бүгінгі жал­тақ әлемді маңызы мен салмағына, қадірі мен қасиетіне ештеңе нұқсан келтіре алмайтын, балталасаң бөлінбейтін, мәні мәңгілік, өзегі өміршең, негізі ізгілік саналатын қадау-қадау, құдіретті құндылықтар ұстап тұр. Бұл құндылықтарды ештеңе өзгерте алмайды. Сондықтан да олар – адамзат үшін ардақты, әлем үшін қадірлі.

Жаһандағы тіршілікті үйлестіріп тұр­ған осынау құндылықтардың қайсысын алып қарастырсаңыз да, оларды Алланың жаратқаны, қалыптастырғаны, туындысы екеніне көз жеткізесіз. Осы мінсіз құндылық­тардың ішіндегі ең бастысы – ынтымақ, бірлік, бейбітшілік және адами ізгі қасиеттер екені дау­сыз. Бұларсыз тіршілігімізде үйлесімділік пен бейбітшілік салтанат құра алмайды. Осынау құндылықтардың алдына басқаларын шығару – қасірет пен тауқыметтің басы.

Экономикалық даму, ғылым мен техника­ның артықшылықтары адам баласына берілген азды-көпті мүмкіндік саналғанымен, бірақ ол жалпы адамзатты бақытқа жеткізе алмай­тынына әлдеқашан көз жеткізілген. Ғы­лыми-техникалық прогрестің халықаралық қоғам­дас­тықтағы түйткілдерді азайту бағытын­дағы ық­палынан гөрі мәселелерді қорда­лан­дыра түсе­тін күшке мейлінше көбірек ие екені белгілі болуда. Сондықтан адамзат, жекелей айтқанда өзін өзі сыйлайтын ұлттар, болашағынан үмітті мемлекеттер өзінің барлық берекесінің бас­тауы адами асыл қасиеттерден негіз тартқан құн­дылық – ынтымақта, татулықта, бірлікте, толе­ранттылықта екенін мойындау үстінде.

Жаппай қарулану, мемлекеттердің өзара бір-біріне күш көрсету, басыну тәсілі күні өткен амалдар қатарына қосылар кезең де жақындап келе жатқан сыңайлы. Бүгінде әлемге күшпен, қауіп-қатер төндірумен емес, ізгі қадамдары арқылы ықпал ету үдерісі бой көрсете бастады. Бұл, әрине жақсылықтың ны­шаны. Алайда өзінің ішкі бірлігі, ішкі тату­лығы, ынтымағы болмай, ешкім өзгеге ізгілік көрсете алмайды.

Құдайға шүкір, қазіргі таңда елімізде ынтымаққа, өзара келісімге ұмтылу үдерісінің өміршең дәстүрі қалыптасқан. Сайын даламызда ежелден орныққан осынау игілік бүгінгі қоғамымыздағы азаматтық келісім мен теңдіктің қайнары саналады.

Ынтымақ, төзімділік, өзгенің ой-пікіріне құрметпен қарау еліміздегі қоғамдық келісім­нің нығаюына барынша оң әсерін тигізуде. Бұл шын мәнінде Қазақстандағы тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз етіп қана қоймай, ел бірлігін еселей түсер дәстүрлі жолдар мен қағидалардың уақыт талабына сай қайта жаңғыруына ықпал етуде.

Осы арада хакім Абайдың Отыз төртінші қара сөзінің мына бөлігі еріксіз еске түседі: «Адам баласына адам баласының бәрі – дос. Не үшін десең, дүниеде жүргенде туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің – бәрі бірдей, ахиретке қарай өлуің, көрге кіруің, шіруің, көрден махшарда сұралуың – бәрі бірдей, екі дүниенің қайғысына, пәлесіне қаупің, екі дүниенің жақсылығына рахатың – бәрі бірдей екен. Бес күндік өмірің бар ма, жоқ па?.. Біріңе-бірің қонақ екенсің, өзің дүниеге де қонақ екенсің, біреудің білгендігіне білместігін таластырып, біреудің бағына, малына күндестік қылып, я көрсеқызарлық қылып, көз алартыспақ лайық па? Тілеуді құдайдан тілемей, пендеден тілеп, өз бетімен еңбегімді жандыр демей, пәленшенікін әпер демек – ол құдайға айтарлық сөз бе? Құдай біреу үшін біреуге жәбір қылуына не лайығы бар?» дейді.

Иә, Абайдың бұл айтылған сөздерінен терең ғибрат алуға болады. Өйткені әрбір адамның өзгеге тағдырлас, тамырлас, өзектес ретінде қарауы аса маңызды. Сондықтан Абайдың жоғарыдағы ғибратты сөздері өзгенің өмір сүру құқығына қарсылық біл­діріп, төзімсіздік танытқан жанды сабасына түсіріп, адамгершілікке бұрады. Иә, бас­ты құндылығымыз – ынтымақ пен бірлік адам­дардың жақсы қасиеттерімен тамырлас әрі оған тәуелді.