Кино • 01 Мамыр, 2020

«Алтынқазған» һәм Аттила

470 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Францияның «Pernel Media» телекомпаниясы түсірген «Алтынқазған» ғұрыптық-жерлеу кешені жайлы деректі фильмнің премьерасы Discovery Science арнасынан алғаш рет көрсетілді. Фильмде Еуропа тарихында терең із қалдырған даңқты қолбасшы Еділ қағанның тарихнамасы мен жорығы туралы кеңінен баяндалады.

«Алтынқазған» һәм Аттила

Батыс Рим империясына қарсы Аттиланың жорығы қан­ша дәуірді артқа тастаса да тарих беттерінде жаңаша көрініс табу­да. Рим империясының тағ­дыры қыл үстінде тұрған бұл кезең Орлеан қаласының түбін­дегі атақты Каталаун шайқ­асы­мен тұспа-тұс келеді. 100 мың әскермен римдіктерді ойсырата жеңген ғұндардың шығу тарихы қалай өрбиді? Тарихтағы ең қуатты империяны қалай басып алды? Міне, «Аттиланың жасырын қабірі» (Attila’s Forbidden Tomb) атты деректі фильм осы тәріз­ді оралымды сауалдарға жауап іздейді. Туындының бас­ты жаңалығы, құпия жағдай­да қаза тапқан Аттила патша­ның жо­ғал­ған қабірі табылуы мүмкін.

France 5 қоғамдық-танымдық телеарнасымен бірлесіп түсірген ғұндар туралы деректі фильмнің бас режиссері әрі сценарисі Лорен Порте. Түсірілім тобы 2019 жылы Маңғыстау өлкесіне арнайы келіп, Алтынқазған діни-қабірлеу кешенін зерттеу бойынша археологиялық қазба жұмыстарына қатысқан болатын.

«Алтынқазған» кешені 2010 жылы Ақтау қаласынан 100 км қашық­тықта табылған. 2017 жылы жергілікті археолог А.Астафьев Новосібір мемлекеттік университетінен келген Ресей археологы Е.Бог­дановпен бірлесе киелі орында зерттеу жұмыстарын жалғас­тырды. Археолог Астафьевтің пікірінше, кешен антик дәуірі мен ерте орта ғасырлар аралы­ғында пайда болған. Аумағы 130 гектар болатын кешеннен жалпы саны 200-ден астам нысан анықталған. Олар бірнеше түрлі тас құрылыстар мен топырақ жамылған 5 қорғанға біріктірілген. Қорғандардың биіктігі шамамен 1,2 метр болса, диаметрі 30 метрге жетеді.

Фильмнің Қазақстандағы түсірілім жұмыстарын үйлес­тіруге қатысқан Бекболат Төле­геннің айтуынша, Алтын­қазған кешенін зерттеудің маңызы өте зор, өйткені дәл осы кезеңде қазақ рулары алғаш пайда бола бастаған. «Түркі әлемінің маңызды тұлғасына арналған фильмді түсірудегі ерен еңбек отандық археологымыз Андрей Астафьевке тиесілі. Ең қызығы, аталған туындының түсіріліміне мемлекет тарапынан бір тиын да кеткен жоқ. Осымен бұл Қазақстан туралы әлемдік экранға шыққан бесінші фильм», дейді ол.

Ғалымдардың пікірінше, Алтынқазған сынды аса ауқым­ды кешеннің дәл Маң­ғыстау­дан табылуы таңғалды­рар­лық жағдай. Табылған заттардың аналогтары – Халық­тардың ұлы қоныс аударуы дәуіріне жататын Еділ бойы, Кавказ маңы, Қара теңіздің солтүс­тік жағалауындағы ескерткіш­тер деп есептеледі, алайда Қазақстан аумағында бұрын-соңды дәл мұндай ескерткіш табылмаған.