Конференцияның мақсаты - Каспий маңы аймағындағы ғылым мен білімнің басым бағыттары бойынша мәселелерді талқылау және талдау үшін алаң құру, тәжірибе алмасу, отандық және шетелдік зерттеушілер арасында ғылыми байланыстар орнату, сондай-ақ әлеуметтік маңызды бастамаларды қолдау. Оның ішінде алға қойылған міндеттер - Каспий маңы елдері арасындағы қатынастарды одан әрі дамыту жөніндегі кең ауқымды мәселелерді талқылау, Каспий маңы мемлекеттерінің халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастығы саласында жүргізілетін ғылыми зерттеулерді талдау және бағалау, Халықаралық интеграция жағдайында Каспий маңы елдерінің қатынастарын құқықтық реттеу перспективаларын айқындау, Каспий өңірін туризмді, логистиканы және экономиканы дамыту аймағы ретінде қарау, сапалы экономикалық өсуді қамтамасыз етуге, туристік кешен мен Халықаралық экономикалық қатынастарды дамытуға бағытталған өзекті мәселелерді талқылау.
Халықаралық онлайн конференция жұмысына университеттің профессорлық-оқытушы құрамы, республика ЖОО-ның ғалымдары, сонымен қоса жақын және алыс шет елдердің жоғары оқу орындарының белгілі ғалымдары Himmet Karadal - Bolu Abant Izzet Baysal университетінің (Түркия) профессоры; Jalal Malakootifar - «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша Вена университетінің түлегі (Австрия) (Ислам республикасы Иран); Тургаева А.А. - Астрахан Мемлекеттік техникалық университетінің доценті (Ресей); Dababrata Chowdhury - Sufflok университетінің (Ұлыбритания) профессоры қатысты.
Онлайн конференциясының жұмысы Каспий елдерімен қаржы-экономикалық қатынастар және халықаралық ынтымақтастық, Каспий маңы мемлекеттері ұстанымы үшін Каспий аймағының құқықтық мәртебесі, Каспий аймағы: туризм, логистика және экономиканың даму перспективалары бағыттары бойынша жүргізілді.
Конференция барысында спикерлер пандемия жағдайындағы Каспий маңы елдерінің саяси, экономикалық жағдайларына шолу жасап, мемлекеттердің экономикасының дамуы үшін әр ел өз құндылықтарын анықтау керектігі туралы пікірлер білдірді. Еліміз экономикасы үшін мұнай нарығындағы құбылмалы тербелістер, шикізатқа бағытталған экономикадан арылып, өндіру мен өңдеу өнеркісібіне, шағын жəне орта бизнесті қолдауды, туризм мен агроөнеркəсіп кешенін дамытуды қолға алуды қажет екендігі аталып өтті.
Гүлсара ДЖОЛДАСБАЕВА,
Ш.Есенов атындағы КМТжИУ
«Бизнес және құқық» факультетінің деканы