Қазақ даласында осыдан сегіз ғасыр бұрын құрылған алып империя Алтын Орданың мерейтойын атап өтіп, негізін қалаушы әрі қазақ хандарының атасы Жошы ханның есімін ұлықтау жөнінде Ел президенті Қ.Тоқаев бастама көтерген болатын.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 10 қыркүйектегі №152 Жарлығының 11-тармағы бойынша Алтын Орданың 750 жылдығына арналған іс-шаралар кешенін іске асыру жоспарланып, Үкіметке тапсырмалар жүктелді. Еліміздегі рухани жаңғыру мәдени іс-шаралар аясында ұлт ұясы – Ұлытаудан бастау алған Алтын Орданың 750 жылдығына арналған шаралар республикамыздың барлық өңірлерінде аталып өтілуде.
Жошы ұлдары – Бату хан негізін қалап, Берке хан іргесін бекіткен Алтын Орда Мөңке Темірдің билігі тұсында, 1269 жылы Талас өзенінің бойында шақырылған Шыңғыс ұрпақтарының құрылтайында тәуелсіз саясат жүргізуге өзара мәміле жасасып, дербес империя екенін толық мойындатуға қол жеткізген еді.
-Бүгінгі таңда төл тарихымызға тереңірек үңіліп, қапы кеткен, кем қалған тұстарын замана талаптарына сай ой елегінен өткізіп жатырмыз. Аймақтық студенттік онлайн-конференцияны ұйымдастырудағы басты мақсат – болашақ ұрпаққа ата-бабамыздан мұра болып қалған Ұлы даланың төрінде өзіндік орын алған тарихи оқиғалар мен Қазақ даласында орта ғасырларда құрылған ірі мемлекет Алтын Орданың тарихын таныстыру арқылы біздің тарихымыздың тереңде жатқандығын насихаттау және тарихи сананы көтеру болатын»,- деп көрсетті конференцияның ашылуында сөйлеген университеттің ғылыми жұмыс және интернационалдандыру проректоры Е.Т.Нұрмағанбет. Ол тарих тереңіне үңіліп, рухани құндылықтарды зерделеуде, студент жастарды Жошы ұлысы мен Алтын Орда мемлекетінің саяси, әлеуметтік-экономикалық тарихын дәріптеп таныстыруда, Ұлы дала төсінде үш ғасырдан астам салтанат құрған Жошы ұлысының тарихына қатысты орын алған бірқатар маңызды өзекті ақпаратпен, ғылыми біліммен таныстыруда және практикалық тәжірибемен алмасуда бүгінгідей ғылыми конференцияның ролі зор екендігін атап өтті. Өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Алтын Орданың 750 жылдығын төл тарихымызға, мәдениетіміз бен табиғатымызға туристер назарын аудару тұрғысынан атап өткен жөн»,- деген.
Алтайдан Альпіге, Ертістен Дунайға дейінгі алқапта билік еткен, Дешті-Қыпшақ даласында шаңырақ көтерген алып мемлекет әдепкіде Ұлық ұлыс деп аталды. Жошы қыпшақ даласына келіп өз ұлысын құрғанымен моңғолдық дәстүр жүрген жоқ еді. Жергілікті қыпшақ халықтарының ділі мен дініне еркіндік берді. Көп ұзамай Жошының ұрпағы жергілікті халықтың салт-дәстүрі мен тұрмысына қарай икемделіп, бір жолата сіңісіп кетті. Жошы ұлысы немесе Қыпшақ даласы атанған ұлан-ғайыр даланың жалпы аумағы 10 млн шаршы шақырымға жетсе, осы Қыпшақ даласында құрылған Жошы ұлысы кейіннен Алтын Ордаға айналды. Оның дәуірі шамамен екі жарым ғасырдан астам уақытқа созылды.
Студент жастардың ғылыми-ізденушіліктеріне сәттілік тілей отырып, конференцияның жұмысын ұйымдастырушы «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент Э.А.Абланова Алтын Орда – Жошы ұлысының орнына құрылған алғашқы мемлекеттердің бірі екендігін, ұзақ уақыт бойы салтанат құрған сәулетті-сәулелі мемлекет тарих көшінде Қазақ хандығының билігіне ұласқан, табиғи-тарихи тұрғыда мұрагерлік құқығын иемденгені жөнінде тамырлы тарихымыздың бедерлі кезеңін қамтитын Алтын Орда тарихы – қазақ даласымен және халқымыздың негізін құраған ру-тайпалармен тығыз байланысты дей отырып, «Жошы ұлысы немесе Алтын Орданың құрылу тарихы» атты тарихи түпдеректер негізінде мазмұнды баяндама жасады.
Ұлт тарихын түгендеуде қашанда күрделі мәселелер бар. Тарихтағы өз орнымызды саралауда Алтын Орда кезеңі мен оның ғылыми негізделуіне соқпай кете алмаймыз. Бұл ретте, «Алтын Орда тарихының зерттелуі» тақырыбында баяндама жасаған «Қазақстан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы Г.Е.Өтесова орта ғасырлық мықты мемлекеттің өмір сүру кезеңін жан-жақты қарастырған зерттеулерді дәйекті талдады.
Алтын Орданың алғашқы кезеңдерінде-ақ саяси әкімшілік орталық ретінде көзге түскен Сарайшық тарихы туралы «Хан ордалы – Сарайшық» тақырыбында кафедраның аға оқытушысы Р.А. Сидешова қаланың өз заманы кезеңіндегі жақсы дамыған экономикалық орталық болғанын, сонымен қатар алғашқы хандар пантеоны екендігін дерек негізінде тұжырымдады.
Алтын Орданың гүлденген кезеңінде жергілікті халықтардың жан – жақты дамулары байқалды. Ол тек саяси үстемдік емес, сонымен бірге мәдениетті, халықтардың өркениетін қамтыды. Міне, сол үшін де XII – XIV ғасырларда Еуразия халықтарының тарихы мен мәдениетінің дамуына аса зор ықпал еткен Жошы ұлысының, Алтын Орданың тарихын зерттеу мәселесі ғалымдардың назарын өзіне аудартып отыр. Осы аймақтық конференцияға құнды ізденістері, ғылыми пайымдаулары бар оқытушылар жетекшілік еткен студенттер конференцияның «Ұлық ұлыстың атасы – айбынды Алтын Орда», «Евразия кеңістігіндегі Алтын Орда» атты секциялық жұмыстарында өз зерттеулерін қалың көрерменге ұсынды. Өскелең ұрпақ-студент жастардың Еуразия кеңістігіндегі Алтын Орданың қалыптасу, өркендеу т.т. тақырыптар төңірегінде ғылыми-ізденіс жұмыстарын жүргізуге ұмтылысы негізінде тарихи санасын көтерудің маңызы зор болып табылатындығына баса назар аударылды.
Ұлық ұлыс – Алтын Орданың 750 жылдығына дайындық және оны мерекелеу жөніндегі іс-шаралар аясында осындай конференцияның өткізілуі - тарихымыздың тереңде жатқандығын насихаттауға, Алтын Орда мен көне түркілері арасындағы сабақтастықты зерттеуге, Алтын Ордадан бастау алған қазақ хандығының тарихын жас ұрпаққа үйретуге жол ашуға түрткі болды деп айта аламыз. Яғни, терең ойлары мен құнды ізденістері арқылы студенттердің патриоттық рухын арттыруда, болашақ жастар арасында бабалар тарихына қызығушылық пен құрметті насихаттау мақсатында әр студент өз тарапынан бүгінгі Алтын Орда тарихына қатысты ғылыми ізденістерін одан әрі тереңдете жүргізуге мүдделілігін көрсетті. Және, бүгінгі күнгі шектеусіз ғұмыры бар, тәуелсіз, тұғыры биік, ғылым-білімі дамыған, алдыңғы қатарлы әлем таныған елге айналу идеясы – бабаларымыз көне түркілерден бастау алған «Мәңгілік Ел» идеясын жалғастырған, Қазақ тарихындағы орны айрықша – Алтын Орданың Ұлы Дала төсіндегі ұлы держава ретіндегі рөлін насихаттауға жол тартты.
Тереңнен бастау алған ұлттық тарихымыз арқылы Ұлы далада өмір сүрген, ұзақ жылдар бойы салтанат құрған, сәулетті-сәулелі мемлекет тарих көшінде Қазақ хандығының билігіне ұласқанын, табиғи-тарихи тұрғыда оның тікелей мұрагері – Қазақ елі екенін білу біздің міндетіміз болса, халқымыз әр уақытта бай тарихтың иесі болғандығы ақикат.
Роза СИДЕШОВА,
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар
мен инжиниринг университетінің
«Қазақстан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы