Аймақтар • 03 Мамыр, 2020

Атырау: Теңіз кенішіндегі ахуал бақылауға алынды

523 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау облысындағы Теңіз кенішінде жұмыс істеген жұмысшылардың қауіпті індетке шалдығу дерегі күн сайын көбейіп барады.

Атырау: Теңіз кенішіндегі ахуал бақылауға алынды

Кеше Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік жедел штаб кеніш жұмысшылары арасынан 15 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғанын хабарлап еді. Енді бүгін тағы тоғыз адам аталған індеттің шырмауына ілініпті.  

Дегенмен, облыс әкімдігі Теңіз кенішіндегі ахуалды бақылауға алып отыр. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің мәлім етуінше, қазір арнайы комссия құрылды. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов жетекшілік етеді.

– Мұның бәрі –уақытша қиындық. Күрделі жағдайға қарамастан, жұмысты жалғастыруымыз керек. Теңіз кенішіндегі ахуал бойынша өткен аптаның басында арнайы комиссия құрдық. Оған төрағалық ететін орынбасарым Серік Шапкенов Теңіз кенішіне барып, әлі күнге дейін сонда жұмыс істеп жатыр. Комиссияның басты мақсаты— кеніштегі жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өңірлеріне жіберуді үйлестіру, -деді кен орнындағы ахуалға байланысты селекторлық кеңес өткізген Махамбет Досмұхамбетов.

Кен орнынан 12 мыңға жуық жұмысшы шығарылып, тұрғылықты мекенжайына жеткізілген. Жұмысшылар кеніштен шығарылар алдында қауіпті індетті анықтайтын тесттен өткізіліп, өз өңірлеріне инфекциядан таза болса ғана жіберіледі.

– Шығарылғандардың 3000-ға жуығы –Атырау облысының тұрғындары, -деді селекторлық кеңеске Теңіз кен орнынан тікелей байланысқа шыққан облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік  Шапкенов.

Оның айтуынша, вахталық қалашықтардың барлығында тұрақты дезинфекциялау жүргізілуде. Төтенше жағдай кезіндегі күшейтілген карантин талаптарына сәйкес, әр вахталық қалашықтың арасында өзара қатынауға шектеу қойылды. Ал, Теңіз кенішіне қатынайтын жолдарға төрт блок пост орнатылып, айналма дала жолдары бақылауға алыныпты. Карантиндік аймақта полиция, қауіпсіздік қызметінен құрылған патруль жұмыс істеуде.

– Бұл жағдайды мұқият бақылауда ұстауымыз керек. Өзімнің орынбасарларыма,  «Теңізшевройл» компаниясының басшылығына қызметкерлерді шығаруды тиянақты аяқтауды тапсырамын. Жұмыс орындарының қысқармауы мен жұмысшылардың еңбекақысының сақталуы басты назарда болуы тиіс,- деп тапсырма берді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.