Қоғам • 03 Мамыр, 2020

Ғылыми зерттеулерге арналған арнайы гранттар енгізіледі

227 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл сұраққа Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Egemen Qazaqstan»-ға берген сұхбатында кеңінен баяндады.

Ғылыми зерттеулерге арналған арнайы гранттар енгізіледі

– Алдымен қаржыландыру мәселесіне тоқталайын. Қазақстан Президентінің тамыз конференциясында берген тапсырмасына сәйкес, алдағы 2 жыл ішінде ғылымды қаржыландыру көлемі 2 есе ұлғаяды. 2020 жылдан бастап жаңа бюджеттік бағдарлама іске қосылып, зерттеу институттарының ғылыми инфрақұрылымын жыл сайын жаңартып отыруға қаражат бөлінді. Жалпы, 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыру ІЖӨ-нің 1%-ын құрауы тиіс. Соның нәтижесінде, биылдың өзінде 30 млрд теңге көлемінде кезектен тыс гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру (БНҚ) конкурстары жарияланады.

Елбасының бастамасымен Жастар жылында алғаш рет жас ғалымдардың жобаларын қаржыландыру үшін байқау жарияланды. Қаржыландыру көлемі 9 млдр теңге болатын жоба 2020-2022 жылдарға арналған. Бұл ғылымға жастарды тартуға, оларға қолдау көрсетуге ықпал етті.

Біз сала мамандарымен кері байланыс орнатуға аса мән береміз. Ғалымдар гранттық конкурстарды бұрынғыдай 3 жылда 1 рет емес, жыл сайын өткізу мәселесін көп көтерді. Бұл расымен де өте маңызды, өйткені 3 жыл ішінде зерттейтін жаңа өзекті проблемалар туындайды, оның үстіне грант алмаған ғалым келесі конкурсты 3 жыл күтуі керек болатын. Соның салдарынан кейбір ғалымдар өз қызметтерінің бағытын өзгертті. Бұл мәселе түбегейлі шешілді.  2020 жылдан бастап гранттық және БНҚ (бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру) жыл сайын жүргізіледі. Сондай-ақ, шағын зерттеулер жүргізуге арналған гранттар, іске асырылу мерзімі 1 жылға дейінгі мерзімді гранттар және шетелдік ғалымдармен бірлесе отырып коллаборация негізінде зерттеулер жүргізуге арналған арнайы гранттар енгізіледі, – деді А.Аймағамбетов.

Ведомство басшысының айтуынша,

БНҚ бұдан былай нормативтік-құқықтық актілерге 2019 жылдың соңында енгізілген өзгерістерге сәйкес, нақты ұлттық ғылыми-техникалық міндеттер негізінде ғана бөлінеді. БНҚ аясындағы тақырыптардың, мысалы, «Ауыл шаруашылығын дамыту» деген сияқты көбіне кеңінен қамтылғаны жасырын емес. Бұған қаражат бөлініп, әрі қарай ғалымдар өздерінің мүмкіндіктеріне сүйене отырып, қаржыландыруды алу мақсатында ғылыми зерттеулерін ұсынды. Нәтижесінде, бағыт қаржыландырылды, бірақ фермерлер нақты нәтижені көрмейді. Көрген күннің өзінде олардың шығыны пайдасынан асып кетеді. Сондықтан ендігі жерде қоғамның немесе нарықтың қазіргі және болжамды қажеттіліктерін негізге ала отырып, көзделген нәтижесінің нақты индикаторлары бар міндеттер мен тақырыптар анықталады. Айталық, кең ауқымды «Ауыл шаруашылығын дамыту» деген тақырыптың орнына нақты міндет ретінде белгілі бір топырақ пен климаттық жағдайларда сапалы өнім беретін дақылдардың сұрпын жасау көрсетіледі. Яғни қаржыландыру зерттеу мен өнімі бір-бірімен қабыспайтын ауқымды тақырыпқа емес, нәтижеге жұмсалады.

Жалпы, ғылым мен бизнес тығыз байланыста болғанда ғана өндіріс дамиды. Сондықтан басым көпшілігі бизнес өкілдерінен тұратын және ҒҒТҚН (ғылыми-ғылыми-техникалық қызмет нәтижелілігін) коммерцияландыру жобаларына бағдарланған жеке ҰҒК құру жоспарланып отыр.