Қоғам • 03 Мамыр, 2020

«Академиялық адалдық» принциптері жетілдіріледі

941 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл сұраққа Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қазақстандық ғылымды дамыту бағыттары жөнінде жеткізген сұхбатында қысқаша жауап берді. 

«Академиялық адалдық» принциптері жетілдіріледі

– Қазір Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама ұлттық орталығының базасында бітіру жұмыстарының (дипломдық жұмыстардың, магистрлік және докторлық диссертациялардың) Бірыңғай репозиторийі құрылуда. Зерттеулер мен академиялық мәдениет сапасын жақсарту үшін ғылыми және жазбаша жұмыстарды «Интернет» жүйесі мен халықаралық деректер қоры арқылы тексерістен өткізу міндеттелді. Диссертация қорғау кезіндегі жарияланымдарға қойылатын талаптар да қайта қаралып жатыр. Бүгінде докторант қорғауға шығу үшін 7 мақала жариялауы тиіс, дегенмен оның мазмұнына ерекше бір талап қойылмайды. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін сапасы күмән тудыратын журналдарда жарияланады. Біздің ғалымдардың мақалалары халықаралық базаға енбейтін журналдарда жарияланған жағдайлар жиілеп кетті. Әлбетте, бұл тәжірибені өзгерту керек. Қағида қарапайым – «беделсіз» журналдардағы бірнеше жарияланымның орнына жоғары сапалы журналдағы бір мақала болғаны дұрыс. Бұл ретте гуманитарлық және әлеуметтік мамандықтар бойынша мақалаларға қойылатын талаптар оның ерекшелігіне қарай сараланады, – деді министр.