20 Қыркүйек, 2013

Қолайлы қаржы – диқанның қолғанаты

250 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Гүлмайра Қуқаева көп жылдардан бері Алтынсарин ауданында егін шаруашылығымен айналысады. 1800 гектар жері бар. Оның 1300 гектарына бидай егіп, қалғанын парға қалдырып отырады. Бидай егу есігіңнің алдына бақша егу емес екендігін ол осы іспен айналысатын жолдасы өмірден қайтқанда бір-ақ білді.

Гүлмайра Қуқаева көп жылдардан бері Алтынсарин ауданында егін шаруашылығымен айналысады. 1800 гектар жері бар. Оның 1300 гектарына бидай егіп, қалғанын парға қалдырып отырады. Бидай егу есігіңнің алдына бақша егу емес екендігін ол осы іспен айналысатын жолдасы өмірден қайтқанда бір-ақ білді.Техниканың қосалқы бөлшектері, жанар-жағармай, тыңайтқыш, алқапты арам шөптен арылту секілді жұмыстар алты ай жаз отырғызбайды. Еңбегіне әркім де құл шығар, алайда осы жұмыстардың барлығы да қаржысыз орнына келмейтінін білгенде Гүлмайраның салы суға кететін. 2005 жылы «Алтын көмек» несие серіктестігіне мүше болып кірді. Кіру жарнасына қаржы тауып берді. Сол жылы осы серіктестік диқандық жұмысты әлі жете білмейтін, әрі қаржыдан тапшылық көріп отырған Гүлмайраны тығырықтан алып шықты. Содан кейінгі жылдары осы несие серік­тестіктің арқасында ол қаржыдан қиындық көрген емес. Өткен жылы 9 миллион теңге қаржы алған болатын. Алайда, көктен тамшы тамбай, құрғақшылық болды да, диқандардың кеусеніне ештеңе ілінбеді. Несие серіктестігі диқандардың абыржуына жол берген жоқ, олардың алған қарызын үш жыл созып төлеуге келісті. Гүлмайра Бексұлтанқызы басқарып отырған «Қуқаев» шаруа қожалығы да бұл жеңілдікті сезінді. Бұл шаруаның еңсе көтеруіне үлкен көмек болды.

– Осы несиенің арқасында тұқым алдық. Егінді уақытылы септік. Енді биыл егіннің реңі жақсы. Ылғал көп түскендіктен орақты кеш бастағанбыз. Қазір бидайды жинап жатырмыз, гектарына 10-15 центнерден келіп қалады деп қуанып отырмыз. Астықты толық жинап болғаннан кейін осы 9 миллион несиенің барлығын биыл қайтып береміз де, келер жылға қайтадан аламыз, – дейді «Қуқаев» шаруа қожалығының жетекшісі Гүлмайра Қуқаева.

Маңдайдың терін сыпырып еткен еңбекке, жақсы ниетке қолтықтан демеп жіберер көмек болмаса іс қиынға соғар еді. Осындай кезде «Аграрлық несие корпорация­сы» акционерлік қоғамының өте қолайлы, бейім шарты ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің адымын ашты.

– Біздің аграрлық несие корпорациясы несиесінің артықшылықтары көп. Алдымен оның үстеме пайызы басқа қаржы институттары берген несиеге қарағанда әлдеқайда төмен. Екіншіден, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер несиені жылына екі рет қана төлейді, яғни астығын жинап болғаннан кейін және жылдың басында. Бұл олар үшін өте қолайлы. Біз несие серіктестіктері арқылы алты бағыт бойынша несие береміз, – дейді «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы Қостанай облысы бойынша филиалының директоры Айбек Жұмашев.

Филиал облыстағы несие серік­тестік­теріне биыл 1 миллиард 400 миллион теңге несие берді. Оны төрт жүзден аса шаруа­шылықтар алып, игілігін көруде. Ал өткен жылы берілген 1 миллиард 500 миллион теңге несиенің 1 миллиард 300 миллион тең­гесінің қайтару уақыты үш жыл мерзімге ұзартылды. «Қайыр қылсаң, бүтін қыл» деген де осы.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан».

ҚОСТАНАЙ