Экономика • 04 Мамыр, 2020

Түлік төлінен өспей ме?!

289 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ақмолалық шаруашылықтарда 502 052 бас ірі қара бар. Оның 143 875-і ауыл шаруашылығы құрылымдарына тиесілі. 91 140-ын шаруа қожалықтары бағып отыр. Ал ауылдағы ағайынның қолында 267 037 бас бар. Биыл төл төгіні жаман емес. Былтырғымен салыстырғанда біршама өсім бар. Қазірдің өзінде малсақ қауым ақ уызға жарып отыр. Тек мал тұқымын асылдандыру мәселесі олқы соғып тұр. Бағымдағы малдың 16,3 пайызы ғана асыл тұқымды.

Түлік төлінен өспей ме?!

Төрт түлік мал өсіруге мүм­кіндік көп. Облыстағы жер көлемі 13 млн 199 мың гек­тар жерді құраса, оның 38 па­йызы егін егуге жарамды жер­лер, қалғаны мал жайылымы­на әбден лайықты. Таяуда об­лыс­­тық прокуратура тексеру жүргізген кезде 1 млн 500 мың гектарға жуық жердің бос жат­қаны анықталды. Ғылыми есеп бойынша, жер құнарына бай­ланысты бір қара малға 8 гектар жер қажет. Егер шаруаға мұ­қият болсақ, осы жерде қан­шама мал басын өсірер едік.

Азық-түлік белдеуіндегі Ақмола облысының малсақ қауымы облыстың ішкі қа­же­т­тілігін өтеумен қатар, Нұр-Сұлтан қаласы тұтыну­шыларының аузынан ақ май ағызуына болады. Бұл ретте ең алдымен қолда бар мал тұқымын асылдандыру қажет. Қазіргі бағымдағы малдың жұқалап айтқанда, 70 пайызға жуығының өнімділігі төмен. Мәселен, ауыл тұрғындарының қолындағы 267 037 бас қара малдың дені тұқымын жақ­сартуды қажет етеді. Ет өнімін еселеу үшін тұқымы белгісіз, өнімділігі төмен малды сіңіре будандастыруды қолға алған жөн. Сонда өзімізде тұқымы сіңіре будандастыру арқылы жақсарған мал құбылмалы ауа райына, табиғаттың жағдайына біршама жақсы бейімделген әрі неше түрлі жұқпалы аурулар­ға бой алдырмайтын төзімді болмақ. Мұндай мал табиғи жа­йылымдарды да жақсы пайдаланып, тез қоң жинайды әрі өсімталдығы да жоғары болады.

Ауылдағы ағайынның ең­бегінің зейнетін көре алмай отыруы да, азын-аулақ малы­ның тұқымын асылдандыруға қолы жетпей жүргендігі­нен. Облыстық ауыл шаруашы­лығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсовтың айтуына қарағанда, қазір мал тұ­қы­мын асылдандыруға аса қажетті сауатты техник-ұрық­­тандырушы саусақпен санар­лықтай. Жеке сектордағы ірі қара малдың басым көпшілігі табиғи және жақын туысқан­­дық шағылыстан өткізілетін­дік­тен бағымдағы мал өнім­ділі­гінің төмендеуіне және бір­тіндеп әрқилы ауруға шал­ды­ғуына соқтыруда. Бұл – ең басты кемшілік. Қазір жеке шаруа қолындағы бірер қара­ның төлін етке тапсырарлық деңгейге жеткенше кемінде 2-2,5 жыл бағады. Ал асыл тұқымды мал бұл көлемді он орап алады. Мәселен, Бұланды ауданындағы «Запорожье-1» ЖШС-ның басшысы Қуан­тай Сұлтановтың айтуына қара­ғанда, шаруашылықтағы ақбас сиыр төлінің тірідей салмағы 18-20 айдың ішінде 700 килоға жетеді екен. Міне, асылдың еңбекті ақтайтын, ырысты молайтатын тұсы осы. Бұл шаруашылықта қазір 2100 ақбас сиыр бар. Бүгінге дейін аналық мал­дың 99 пайызы төлдеді. Шаруа­шылықтағы малдың асылдануына басшылық жасайтын Тимур Андаров мал тұқымын ғылыми негізде асылдандыруға қыруар еңбек сіңіріп жүр. Бағымдағы ішкі қажеттілік үшін ұстап отырған 400 бас жылқы үйірлеріндегі айғыр үш жыл сайын алмастырылады. Жақында шаруашылық Ақтөбеден 27 бас қошқар әке­ліп, отарға қосыпты. Өйткені қой шаруашылығында асыл тұқымды малдан қомақты өнім алатынына көзі жетіп отыр. Жемшөп қорын да өздері да­йындайды. Мәселенің бір мәнісі, осы жемшөп қорын дайындауда.

Мал шаруашылығын дамыту үшін аймақтық жемшөп қорын жасау, құрама жем тәрізді мал азығын пайда­лану ең үлкен мәселенің бірі. Бізде бұл жағы әлі де сын көтермейді. Әлемдегі мал ша­руа­­­шылығымен етене айналысатын дамыған мем­ле­к­еттердің тәжірибесіне қа­расаңыз, ет және ет өнім­дерін молайту ең алдымен таза тұқымды, дені сау мал өсі­ріп, табиғи жайылымдарды кеңінен пайда­ла­ну арқылы жүзеге асырыла­ды. Мәселен, АҚШ-та еттің 74 пайызы жемді мейлінше аз жұмсап, табиғи жайылымды молынан пайдалану арқылы өндіріледі.

– Бұл арада мынаны ес­керуі­міз керек, – дейді басқар­ма басшысының орынбасары Қасым Итқұсов, – мал ша­руа­шылығы табысты сала­ға айналуы үшін ең алдымен тұқымын асылдандыру мәсе­лесіне ден қою керек. Әри­не, ірі шаруашылық құры­лым­дарының мүмкіндігі мол, ал жеке шаруашылықтың қолы әлі жетпей жатқаны жасырын емес. Мәселен, техник-ұрық­тандырушылардың же­тіс­­пеу­шілігі өте өткір күйін­де. Біз бұл жұмыстың мау­сым­­­дық жұмыс екенін жақсы тү­сінеміз. Бірақ мына бір жай­ды айта кетелік, техник-ұрық­­тандырушыға әр сиырды ұрықтандырғаны үшін 1500-2000 теңге төлемақы төленеді. Ол бір маусым ішінде 300 бас­қа дейін ұрықтандыра алады. Демек, тәп-тәуір қара­жат тауып тұр.

Бұл мәселенің бір жағы облыстағы ет және ет өнімдерін молайтуға ықпал етсе, екінші­ден мал сүмесімен күн көрген ағайынның ахуалы көп-кө­рім жақсарып қалар еді. Үй шаруа­шылығындағы тұқымы азған, әйтпесе, тұқымы белгісіз сиырлар мен құнажындарды етті бағыттағы асыл тұқымды герефорд немесе сүтті бағыттағы алатау бұқасының ұрығымен ұрықтандыра алсақ, ет пен сүттің молшылығын жасар едік. Мына бір деректі еске сала кетелік. Герефорд тұқы­мының будандастырылған тобындағы бұ­қашықтардың тірідей сал­мағы 18 айдың ішінде 400 килодан асып кетсе, жергілікті малдың төлі осы уақыт ішінде небәрі 200 кило салмақта болады. Қайсысының тиімді екені айтқызбай-ақ көрініп тұр.

– Ірі шаруашылық құры­лымдары төл төгінін желтоқсан, қаңтар, ақпан айларына жос­парлайды, – дейді басқарма басшысының орынбасары Қасым Итқұсов, – Арқаның аязына пісіп, тез өсіп-жетілген жаңағы төл көктемдегі шөп­тің бар шырынын пайдалана алады. Көктемде бұл бұзау­лар­дың салмағы 100-120 ки­лоға жетіп қалады. Ал ауыл тұр­ғын­дарының қолындағы тұқымы азған малдың төлі ақпан, нау­рыз айларында туады да, кеш жетіледі.

Біздің көзқарасымызда өзін­дік құны арзан болуы үшін қазақтың ақбас сиырына жететін мал жоқ. Өйткені асыл тұқымды бұл мал өз аяғы­мен жүріп оттайды. Демек, жоғарыда біз атап көрсеткендей АҚШ, Канада, Англия тәрізді елдер табиғи жайылымдарды мүмкіндігінше көп пайдаланады. Оларда селекциялық-асылдандыру жұмыстары жақ­сы жолға қойылған. Біз де дамыған елдердің деңгейінен табылу үшін қолбайлау кемші­ліктен арылуымыз қажет. Бұл кемшіліктердің қатарына инф­ра­құрылымдардың қалып­тас­п­ауын, мал азығы қоры­ның сапасыздығын, жеке шаруа қожалықтарының қан­ша алға ұмтылғанымен, мүм­кін­дігінің аздығын, сондай-ақ, тек­серіл­меген мал басының көбе­юін, мал дәрігерлік-сани­тар­лық ере­желерді дұрыс сақта­май­тыны­мызды қосып қойыңыз.

Міне, осындай қолбайлау кемшілік алға аяқ бастырмай тұрған кезде қажетті мөлшерде өнім өндіру тіпті де мүмкін емес. Сондықтан қолда бар малдың өнімділігін арттыру үшін тез арада мал тұқымын асылдандыруға мән беруіміз қажет. Санын көбейтіп, сапасын арттырсақ, өнім көрсеткіші де жақсарып қалар еді.

 

Ақмола облысы