– Құсман Кәрімұлы, әлемді әбігерге салған індет бізді де айналып өтпегені белгілі. Түгел жұрт төрт қабырғаға қамалып, терезеге телмірген шақта сізді қандай ой мазалады?
– Оныңыз рас, әлемде күтпеген өзгерістер орын алып жатыр. Іргемізден ентелей енген індет бәрімізге бір сәт тереңірек ойлануға мұрша бергендей. Қаншама азаматтың өміріне қауіп төндіріп, экономикаға салқынын тигізгенімен, мына дүрбелең ойға салмақ салып, сананы серпілтіп жатыр ма деймін. Мұны айтып отырғаным, қым-қуыт тіршіліктің соңына түскен адамзат баласы кейбір табиғатында бар қарапайым дүниелерден алыстап, қасиет қалыбынан ажырап бара жатқандай еді. Адамдардан мейірім кетіп, жанашырлық азайып, табиғатты аялаудан, өмірді сезінуден қалды. Ең сорақысы, жұмыр басты пенделер ақшаны алдыңғы орынға қойып, бәрін шешеді дегенді берік ұстанымға айналдырды. Жас пен кәрі, бай мен кедей деп жікке бөлмеген жаман індет жаһан жұртшылығына бұл қағиданың қате екенін ұғындырғанын көзіміз көріп отыр. Тарих толқындарын зерделесек, мұндай қатерлер шамамен жүз жыл сайын қайталанып отырған қалыпты жағдай екенін бағамдаймыз. Бұл да Жаратушының адам баласына ескертуі деп ұққанымыз жөн шығар. Жасыратыны жоқ, мәселеден саяси астар іздеп, сананы сан саққа жүгіртетін пікірлер де жаппай белең алып жатқанын көрдік. Меніңше, бұл қате пікір. Әр адам болған жағдайдан сабақ алып, хакім айтқандай, өзін есепке тартып, тіршілікке шынайы көзбен қарауға ұмтылуы керек.
– Әлеуметтік желілерде түрлі челлендждер бастау алды. Мәселен, Мемлекет басшысы карантин кезіндегі бос уақытты тиімді пайдаланып, жұртты жақсы кітаптар оқуға шақырды. Сіз немен айналысып жатырсыз?
– «Әлемнің ең ақылды адамдарымен сырласқың келсе – кітап оқы» дейтін керемет сөз бар. Расында жақсы кітап – жанның серігі. Ол әдеби шығарма немесе басқа да танымдық туынды ма, мәселе онда емес. Ең бастысы, оқыған дүниесі адамның жақсы жағына өзгеруіне оң ықпалын тигізіп, ізгілікке бейілдендірсе игі. Бұған дейін де оқыған Абайды, Шәкәрімді және Достоевскийдің шығармаларын қайыра оқып жатырмын. «Қайталау – ғылымның анасы» демеуші ме еді?! Өзім ерекше бағалайтын данышпандардың еңбегін көңіл көзіммен көруге, жан дүниеммен түйсінуге күш салып жатқан жай бар. Бұдан бөлек «Зайырлы мемлекеттегі дін мен дәстүр сабақтастығы» атты ғылыми жұмысымды аяқтауға жақын қалдым. Алла Тағаланың қасиетті есімдерін жаттауды қолға алдым. Соңғы кездері ұлт танымына қатысты бірқатар жайлар көңілімді тыншытпай жүргенін жасыра алмаймын.
– Көңіліңізге маза бермей жүрген ол қандай алаң?
– Біз әдетте экономикалық, экологиялық дағдарыс туралы көп айтамыз. Әлбетте, мұны қаперде ұстау аса маңызды. Дегенмен рухани дағдарысқа да ұшырап бара жатқанымызды ұмытпасақ деймін. Жоғарыда айтқанымдай, жан дүниеміздің өзін пандемия жайлап алғанын білеміз бе? Кейде маған кейбір ұлттық құндылықтарымыз тасада қалып бара жатқан жоқ па деген ой келеді. Қызмет бабымен әлемді жиі аралаймын. Сонда көп нәрсеге бас шайқауға тура келеді. Мәселен, өзіміздің бауырлас қырғыз ағайындар бастарынан айыр қалпақтарын тастамайды. Тіпті, сол ұлттық бас киімінің құрметіне арнайы күн белгілеп, мемлекеттік дәрежеге көтерген. Олардың ұғымында айыр қалпағын кимеген қырғыз өз ұлтына қырын қарайтын адам болып саналады. Өзбекстан мен Тәжікстанға барсаңыз да, қай мемлекетте жүргеніңізді бірден сезесіз. Бізде де ұлттық болмысымыздың исі кез келген жерде аңқып тұрса деп ойлаймын. Әрине, ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Алайда бізге әлі де ширақтық керек. Көп дүниелерімізді шетел патенттеп алды. Бұл ретте ұлттық сусынымыз қымызды алға тартсақ та жеткілікті. Еліңде тұрып жатқан барша ұлттың баласын сыйлау зайырлы да мәдениетті мемлекеттің ісі. Дегенмен ұлттық кодымызға баланатын мінезіміз бен рухымызды жоғалтып алмауымыз қажет. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» идеясында да тереңнен қаузалды. Бізге осыны жіті түсінетін кез жетті. Өкінішке қарай, дәстүрі мен ділі былай тұрсын, топырағын басып жүрген қасиетті Жер-анасын қадірлемейтін жастар көбейіп барады. Осындай келеңсіздіктерді жеңіп, рухани иммунитетімізді көтеру үшін жастарға көп кітап оқытуымыз керек. Қазақтың салт-дәстүрі тұнып тұрған тәрбие. Сондықтан рухани бастауды алыстан іздемегеніміз абзал.
– Иә, өте өзекті мәселенің тамырын басып отырсыз. Жаңа зайырлы мемлекеттегі дін мен дәстүр сабақтастығын өзек еткен ғылыми еңбегіңіз туралы да айтып қалдыңыз. Осыған сәл кеңірек тоқталып өтсеңіз?
– Халқымыздың мәдениетінде Ислам дінінің алатын орны ерекше. Тұтас алғанда Ислам діні қазақ мемлекеттігінің қалыптасуына айтарлықтай оң ықпал етті. Яғни қазақ халқының салт-дәстүрін Ислам діні ерекше түрлендіріп жіберді. Өкінішке қарай, кейбір керітартпа діни ағымдар дәстүрлерді қабылдамай қарсы шығады. Молаларды қирату, келіннің сәлем салуын ширкке балау, батаға қарсылық, домбыраны ысыру, айтыстан бас тарту, наурыз мерекесін тойламау т.б. соларға тән қылықтар. Мысалы, біз жоғарыда сөз еткен беташардың тәрбиелік мәні зор. Қазақта жас келіннің екі жағына тұратын әйелдердің жесір, жеңілтек болмауы алдын ала ескерілетін болған. Жырау беташар жырында жаңа түскен жас келінге ата-енесін, үй-ішін таныстырады, қандай туысқандық жақындығы бар екенін, беделін, қадір-қасиетін шебер тілімен жеткізіп, әрқайсысына жеке-жеке сәлем жасатады. Дәстүр бойынша, жаңа түскен келінді беташар жоралғысы жасалмастан бұрын қыз-келіншектерден басқа ешкім көрмеген. Жас келін келген жағымен таныса отырып, әрбіріне өзінің ізетін сәлем салу арқылы білдірген. Мұны құбыжық етудің еш реті жоқ. Сәбиге ат қоярда әкесі оң құлағына азан, сол құлағына қамат оқиды. Бұл да Исламмен сабақтасып кеткен салт. «Әкемнің азан шақырып қойған аты» деп айту қазақтың құлағына сіңісті жайт. Әз Наурызға келсек, дәстүрлі қазақ дүниетанымында Ұлыс күні жыл басы саналған. Мерекеге арнайы дайындық жасалып, бұл күндері ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырады; әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындалған наурызкөже ішуге шақырады. Әдетте, осы күні ауыл ақсақалдары аралары суысқан ағайын, туысты бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған, ел ішінде көмекке зәру қиналғандар болса, ортақтаса көмек берген. Наурыз мерекесінің тарихи маңызы тереңде. Қытымыр қыстан шыққан ел күн жылынып көктемге жеткеніне қуанған. Бәрі де жаңа жылды ерекше қуанышпен қарсы алатын болған. Қазақ мерекелері әрдайым ұлтты ұйыстыруға қызмет еткен. Бұдан басқа да, неке отбасылық қатынастарға діннің әсері болғаны айқын көрінеді. Адам туылғаннан бастап өмірден өткенге дейінгі аралықтағы әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріміздің көбі дінмен тығыз сабақтасып, астасып жатыр. Жерлеу салттарымыз да әлі күнге тек мұсылман ғұрпына сай өткізіледі. Осы себепті біз ешқашан өзіміздің ұлттық келбетімізді жойып алмауымыз керек. Ол үшін ұлттың тілі, діні, тарихы үнемі жаңғыртылып, заманға сай ілесіп отыруы тиіс. Өзінің ұлттық тамырынан ажырау адамды дүбәра, мәңгүрттікке бастайды. Онда елдің болашағы бұлыңғыр. Ендеше, қазақ үшін дін мен дәстүр егіз ұғымды білдіреді. Біздің дінімізге де, дәстүрімізге де құрметіміз жоғары болуы тиіс. Кез келген тәуелсіз ұлт өзінің ата-бабасының сүйегі жатқан жерге зор құрметпен қарайды, ата-баба мұрасын көздің қарашығындай сақтайды. Біз де осы жайттарды назардан тыс қалдырмауымыз керек.
Әңгімелескен
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»