Сұхбат • 04 Мамыр, 2020

Мұрат – рухани тамырдан ажырап қалмау

344 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Карантин кезінде оқырманға оқылымды дүние әзірлеу мақсатында әр саланың көш басында жүрген азаматтарға хабарласып, бос уақыттарын қалай өткізіп жатқаны турасында ой бөліскен едік. Белгілі қоғам қайраткері, кәсіпкер Құсман ШАЛАБАЕВҚА қоңырау шалғанымызда «Қандай кітап оқып жатырсыз?» деген сауалдан бастау алған әңгіме өзегі талай тақырыптың тиегін ағытты.

Мұрат – рухани тамырдан ажырап қалмау

– Құсман Кәрімұлы, әлемді әбігерге салған індет бізді де айналып өтпегені белгілі. Түгел жұрт төрт қабырғаға қа­­малып, терезеге телмірген шақта сізді қандай ой мазалады?

 – Оныңыз рас, әлемде күтпеген өзгерістер орын алып жатыр. Іргемізден енте­лей енген індет бәрімізге бір сәт тереңірек ойлануға мұрша бергендей. Қаншама азаматтың өміріне қа­уіп төндіріп, экономикаға салқынын тигіз­генімен, мына дүрбелең ойға салмақ салып, сананы серпілтіп жатыр ма деймін. Мұны айтып отырғаным, қым-қуыт тір­шіліктің соңына түскен адамзат баласы кейбір табиғатында бар қарапайым дүниелерден алыстап, қасиет қалыбынан ажырап бара жатқандай еді. Адамдардан мейірім кетіп, жанашырлық азайып, та­биғатты аялаудан, өмірді сезінуден қалды. Ең сорақысы, жұмыр басты пенделер ақшаны алдыңғы орынға қойып, бәрін шешеді дегенді берік ұстанымға айналдырды. Жас пен кәрі, бай мен кедей деп жікке бөлмеген жаман індет жаһан жұртшылығына бұл қағиданың қате екенін ұғындырғанын көзіміз көріп отыр. Тарих толқындарын зерделесек, мұндай қатерлер шамамен жүз жыл сайын қайталанып отырған қалыпты жағдай екенін бағамдаймыз. Бұл да Жаратушының адам баласына ескертуі деп ұққанымыз жөн шығар. Жасыратыны жоқ, мәселеден саяси астар іздеп, сананы сан саққа жүгіртетін пікірлер де жаппай белең алып жатқанын көрдік. Меніңше, бұл қате пікір. Әр адам болған жағдайдан сабақ алып, хакім айтқандай, өзін есепке тартып, тіршілікке шынайы көзбен қарауға ұмтылуы керек.

– Әлеуметтік желілерде түрлі чел­лендж­дер бастау алды. Мәселен, Мемлекет басшысы карантин кезін­дегі бос уақытты тиімді пайдаланып, жұртты жақсы кітаптар оқуға ша­қыр­ды. Сіз немен айналысып жатырсыз?

– «Әлемнің ең ақылды адамдарымен сырласқың келсе – кітап оқы» дейтін керемет сөз бар. Расында жақсы кітап – жанның серігі. Ол әдеби шығарма немесе басқа да танымдық туынды ма, мәселе онда емес. Ең бастысы, оқы­ған дүниесі адамның жақсы жағы­на өзгеруіне оң ықпалын тигізіп, ізгілік­ке бейілдендірсе игі. Бұған дейін де оқыған Абайды, Шәкәрімді және Дос­тоевскийдің шығармаларын қайыра оқып жатырмын. «Қайталау – ғылымның анасы» демеуші ме еді?! Өзім ерекше бағалайтын данышпандардың еңбегін көңіл көзіммен көруге, жан дүниеммен түйсінуге күш салып жатқан жай бар. Бұдан бөлек «Зайырлы мемлекеттегі дін мен дәстүр сабақтастығы» атты ғылыми жұмысымды аяқтауға жақын қалдым. Алла Тағаланың қасиетті есімдерін жат­тауды қолға алдым. Соңғы кездері ұлт танымына қатысты бірқатар жайлар көңілімді тыншытпай жүргенін жасыра алмаймын.

– Көңіліңізге маза бермей жүрген ол қандай алаң?

– Біз әдетте экономикалық, эколо­гия­лық дағдарыс туралы көп айтамыз. Әлбетте, мұны қаперде ұстау аса ма­ңыз­­ды. Дегенмен рухани дағдарысқа да ұшы­рап бара жатқанымызды ұмытпасақ деймін. Жоғарыда айт­қа­нымдай, жан дүниеміздің өзін пан­демия жайлап алғанын білеміз бе? Кейде маған кейбір ұлттық құн­ды­лықтарымыз тасада қалып бара жатқан жоқ па деген ой келеді. Қызмет бабымен әлемді жиі аралаймын. Сонда көп нәрсеге бас шайқауға тура келеді. Мәселен, өзіміздің бауырлас қыр­ғыз ағайындар бастарынан айыр қа­лпақтарын тастамайды. Тіпті, сол ұлт­тық бас киімінің құрметіне арнайы күн белгілеп, мемлекеттік дәрежеге көтерген. Олардың ұғымында айыр қалпағын кимеген қырғыз өз ұлтына қырын қарайтын адам болып саналады. Өзбекстан мен Тәжікстанға бар­­саңыз да, қай мемлекетте жүрге­ніңіз­ді бірден сезесіз. Бізде де ұлттық бол­мысымыздың исі кез келген жерде аңқып тұрса деп ойлаймын. Әрине, ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Ауқымды жұмыс атқа­рылып жатыр. Алайда бізге әлі де ши­рақтық керек. Көп дүниелерімізді шетел патенттеп алды. Бұл ретте ұлттық сусынымыз қымызды алға тартсақ та жет­­кілікті. Еліңде тұрып жатқан барша ұлттың баласын сыйлау зайыр­лы да мәдениетті мемлекеттің ісі. Деген­мен ұлттық кодымызға баланатын міне­зіміз бен рухымызды жоғалтып алмауымыз қажет. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» идея­сында да тереңнен қаузалды. Бізге осыны жіті түсінетін кез жетті. Өкінішке қарай, дәстүрі мен ділі былай тұрсын, топырағын басып жүрген қасиетті Жер-анасын қадірлемейтін жастар көбейіп барады. Осындай келеңсіздіктерді жеңіп, рухани иммунитетімізді көтеру үшін жастарға көп кітап оқытуымыз керек. Қазақтың салт-дәстүрі тұнып тұрған тәрбие. Сондықтан рухани бастауды алыстан іздемегеніміз абзал.

– Иә, өте өзекті мәселенің тамы­рын басып отырсыз. Жаңа зайырлы мемлекеттегі дін мен дәстүр сабақ­тастығын өзек еткен ғылыми еңбе­гіңіз туралы да айтып қалдыңыз. Осы­ған сәл кеңірек тоқталып өтсеңіз?

– Халқымыздың мәдениетінде Ислам дінінің алатын орны ерекше. Тұтас алғанда Ислам діні қазақ мемлекеттігінің қалыптасуына айтарлықтай оң ықпал етті. Яғни қазақ халқының салт-дәстүрін Ислам діні ерекше түрлендіріп жіберді. Өкінішке қарай, кейбір керітартпа діни ағымдар дәстүрлерді қабылдамай қарсы шығады. Молаларды қирату, келіннің сәлем салуын ширкке балау, батаға қарсылық, домбыраны ысы­ру, айтыстан бас тарту, наурыз мере­кесін тойламау т.б. соларға тән қылық­тар. Мысалы, біз жоғарыда сөз еткен беташардың тәрбиелік мәні зор. Қазақ­та жас келіннің екі жағына тұратын әйелдердің жесір, жеңілтек болмауы алдын ала ескерілетін болған. Жырау беташар жырында жаңа түскен жас келінге ата-енесін, үй-ішін таныстырады, қандай туысқандық жақындығы бар екенін, беделін, қадір-қасиетін шебер тілімен жеткізіп, әрқайсысына жеке-жеке сәлем жасатады. Дәстүр бойынша, жаңа түскен келінді беташар жоралғысы жасалмастан бұрын қыз-келіншектерден басқа ешкім көрмеген. Жас келін келген жағымен таныса отырып, әрбіріне өзінің ізетін сәлем салу арқылы білдірген. Мұны құбыжық етудің еш реті жоқ. Сәбиге ат қоярда әкесі оң құлағына азан, сол құлағына қамат оқиды. Бұл да Ис­ламмен сабақтасып кеткен салт. «Әкем­нің азан шақырып қойған аты» деп айту қазақтың құлағына сіңісті жайт. Әз Наурызға келсек, дәстүрлі қазақ дүние­танымында Ұлыс күні жыл басы саналған. Мерекеге арнайы дайындық жасалып, бұл күндері ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қа­ғыстырады; әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындалған наурызкөже ішуге шақырады. Әдетте, осы күні ауыл ақсақалдары аралары суысқан ағайын, туысты бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған, ел ішінде көмекке зәру қиналғандар болса, ортақтаса көмек берген. Наурыз мерекесінің тарихи маңызы тереңде. Қытымыр қыстан шыққан ел күн жылынып көктемге жеткеніне қуанған. Бәрі де жаңа жылды ерекше қуанышпен қарсы алатын болған. Қазақ мерекелері әрдайым ұлтты ұйыстыруға қызмет еткен. Бұдан басқа да, неке отбасылық қатынастарға діннің әсері болғаны айқын көрінеді. Адам туылғаннан бас­тап өмірден өткенге дейінгі аралықтағы әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріміздің көбі дінмен тығыз сабақтасып, астасып жатыр. Жерлеу салттарымыз да әлі күнге тек мұсылман ғұрпына сай өткізіледі. Осы себепті біз ешқашан өзіміздің ұлттық келбетімізді жойып алмауымыз керек. Ол үшін ұлттың тілі, діні, тарихы үнемі жаңғыртылып, заманға сай ілесіп отыруы тиіс. Өзінің ұлттық тамырынан ажырау адамды дүбәра, мәңгүрттікке бас­тайды. Онда елдің болашағы бұлыңғыр. Ендеше, қазақ үшін дін мен дәстүр егіз ұғымды білдіреді. Біздің дінімізге де, дәстүрімізге де құрметіміз жоғары болуы тиіс. Кез келген тәуелсіз ұлт өзі­нің ата-бабасының сүйегі жатқан жер­ге зор құрметпен қарайды, ата-баба мұра­сын көздің қарашығындай сақ­тайды. Біз де осы жайттарды назардан тыс қал­дырмауымыз керек.

 

 Әңгімелескен

 Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»