Руханият • 04 Мамыр, 2020

Негізгі басымдық – елдің азық-түлік қауіпсіздігі

29 рет көрсетілді

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұжымы ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төтенше жағдайдың 11 мамырға дейін ұзартылуына байланысты мәлімдемесін толық қолдайды.

Дүние жүзінде таралған корона­вирустық індет бүкіл адамзатқа қауіп төндіруде. 3 млрд-тан астам адам карантинде жатыр және оның әлі қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Қазақстанда аурудың шарықтау шыңы әлі өткен жоқ. Жағдайдың бақылаудан шығу қаупі әлі де бар. Адам өмірі мен денсаулығы – мемлекеттің басты байлығы, оны қорғап және сақтауымыз керек.

2020 жылғы 24 сәуірде Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында коронавирус індетімен күресу, сондай-ақ ел экономикасын қалпына келтіру және дағдарыстан кейінгі дамуы жөніндегі стратегиялық мәселелер қаралды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев пандемия әсері мен өндірістің жалпы құлдырауынан кейін жаһандық қаржы дағдарысы болатынын атап өтті. Келесі кезеңде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары уақтылы қабылданбаса, жаһандық азық-түлік дағдарысы болуы мүмкін. Бұл үшін елімізде ауқымды жұмыс атқарылуда. Мемлекет фермерлерге 5%-дан аспайтын мөлшерде несие түрінде 70 млрд теңге береді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша аграршыларды қаржыландыруға 100 млрд теңге бөлінді. Бұл шаралар ең алдымен шағын және орта шаруа қожалықтарына тиесілі. Тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 11,3 млрд теңге қарастырылған. Бұған қоса, рес­публикалық бюджеттен шамамен 30 мың тонна тұқым және 830 мыңнан астам дана элиталық көшеттер сатып алуға 2,5 млрд теңге бөлінді. Республикада алғаш рет фунгицидтер мен инсектицидтерге субсидия бөлінетін болды. 2,5 млн тоннаға жуық тұқым себілді, оның 95%-ы талапқа сәйкес келеді. Бұл тұқым материалына қажеттілікті толық қамтамасыз етеді.

Бір ай ішінде университет ғалымдары аграрлық өндірістік кешенінің барлық өзекті мәселелері бойынша аптасына екі рет фермерлер үшін онлайн-конференция өткізуде. Оған апта сайын Қазақстанның барлық аймақтарынан 2 мыңнан астам ауыл кәсіпкерлері қатысуда.

Бүгінгі таңда облыстарда, ірі қа­лаларда, аудандарда, ауылдық округтерде карантинге байланысты жол бөгеттері қойылғандықтан ауылшаруашылық тауар өндірушілері жұмыс істеу барысында қиындықтарға тап болып отыр. Осы қиын-қыстау кезеңде қалалар мен облыс әкімдері халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету және көктемгі дала жұмыстарын ұйымдастыру үшін көптеген жұмыс атқаруда. Ірі агроқұрылымдар көктемгі дала жұмыстарына барынша дайын. Ал шағын шаруа қожалықтары мен үй шаруашылықтарының көпшілігі уақтылы жұмысқа кірісе алмай отыр. Сондықтан ірі ауылшаруашылық кәсіпорындары оларға жерді игеруге және мал өсіруге қолдау көрсетулері керек. Жер телімдері 20-30 сотықтан аспайтын үй шаруашылықтары да жеке жер телімдерін тиімді пайдалануы керек. Оны уақтылы өңдеп, көкөністер, картоп, жеміс-жидек екпелерін отырғызу қажет, өйткені бұл өз отбасыларын азық-түлікпен қамтамасыз етіп, артылған өнімді нарықта сатуға мүмкіндік береді.

Біз – дана қазақ халқы ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мәлімдемесін қолдайды деп білеміз және елдің бірлігі, ұстамдылығы, табандылығы арқасында қатерлі кезеңнен аман өтіп, осы жағдайдан жеңімпаз болып шығатынымызға сенімдіміз!

 

Тілектес ЕСПОЛОВ,

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры,

ҰҒА вице-президенті, академик

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар