Мұхит Әзірбаев бірінші кезекте «Қарғалы» ықшамауданындағы өзен арнасының жұмысымен танысты. Онда тұрғын үйлерді су баспауы үшін каналдарды қалпына келтіру, сондай-ақ, жаяу жүргіншілер тротуарларын орнату, балалар мен спорт алаңдарын салу, сыртқы жарықтандыру желілерін жүргізу, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.
– Бұл ауданның қалаға қосылғанына көп бола қойған жоқ. Мұнда жеке тұрғын үй құрылысы нысандары көп, ал балалар мен спорт алаңдары, тұрғындардың демалатын орындары тым аз. Аудан халықтың игілігі үшін осындай нысандарды тұрғызу мақсатында жақсы дайындалды, Егер біз ойымыздағыны түгел сәтті жүзеге асыратын болсақ, онда мұнда тұрғындардың серуендеуіне, жайлы өмір сүруіне, уақытын тиімді өткізуіне арналған демалыс орындары көп болады. Ал қазір біз болашақта осы жұмыстарды қолға алатын мердігерлердің осы ауданның қай жеріне қандай демалыс орындарын салу керектігін нақтылап, тағы бір пысықтап жатырмыз, – деп атап өтті Мұхит Әзірбаев.