Қоғам • 04 Мамыр, 2020

Дәретпен жүрудің әдебі

2348 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақын Әубәкір Кердері бір өлеңінде:

«Шүкір айттың, жарандар,

Жақсы мал шалып құрбанға.

Дәрет алып, намаз қыл,

Суын құйып құманға» - деген екен.

Дәретпен жүрудің әдебі

Сол сияқты ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының да «Тілек батам» дейтін өлеңінде:

Дәреті жоқ аяқтар,

Қорсылдаған саяқтар,

Былғамасын қасыңды,

Қасиетті басыңды, - десе,

атақты ақын Дулат Бабатайұлы:

Иманды бұл дүниеде ер сұрайды,

Тітіреп дәретсізден жер жылайды, - деген екен.

Жоғарыдағы  жыр жолдарына үңілген адам, дәреттің қоғамындағы маңызын түсінер еді. Сол сияқты Шәкерім қажының баласы Ахаттың естелігенде: «Абайдың әжесі Зере Құнанбайды дәретсіз емізбеген» деген деректі айтады. Осыны тілге тиек еткен айтыс ақын Мұхамеджан Тазабек:

Кешегі Кенесары тұлпарына,

Доңыздың басқан шөбін жегізбеген.

Тектілік үлгісіндей Зере әжеміз,

Құнанбайды дәретсіз емізбеген.

Атаның бойындағы тазалықтан,

Абай туды тектілік негізбенен – деп жырлапты.

Дәретпен жүруді атам қазақ ежелден әдет қылған. Ардақты сахаба Әбу Хурайра (р.а.) сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с) былай дегенін жеткізеді: «Алланың дінін ұстанатын құлы дәрет алып бетін жуғанда, оның бетінен сумен бірге көзімен көрген (жасаған) күнәлары кетеді, қолын жуғанда сумен бірге қолымен істеген күнәлары кетеді, аяғын жуғанда сумен бірге аяғымен барған күнәлары кетеді, осылай ол бүкіл күнәларынан босап шыққанша жалғасады» (Мүслім).

Қай кезде болсын дін ғұламалары әрдайым дәретпен жүру үшін тамақты өте аз мөлшерде ішетін болған. Мсыалы, имам Малик үш күнде бір рет тамақтанады екен. Себебін сұрағандарға: «Алла Тағаланың алдында жиі-жиі дәрет бұзудан ұяламын» дейтін көрінеді.

Білген жанға дәрет – діннің бір бөлшегі. Онсыз адам баласы намаз оқып, Қағбаға тауап ете алмайды. Құранды да дәретсіз қолмен ұстай алмайды.