Аймақтар • 04 Мамыр, 2020

Ақмолада жерді игеру мәселелері жан-жақты қарастырылды

551 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану барысында кездесіп жатқан бірқатар мәселелер мен өңірде жүргізіліп жатқан жол құрылысы жұмыстарының жай-күйі талқыланды.

Ақмолада жерді игеру мәселелері жан-жақты қарастырылды

Аппарат кеңесінің күн тәртібіне орай жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармашысының басшысы Ерғали Шорин ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану бойынша жүргізіліп жатқан  жұмыстар туралы баяндама жасады. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, өткен жылы облыста 1,5 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерлерінің бос жатқандығы анықталыпты. Аудандық әкімдіктердің мәліметтеріне сүйенсек, 764,3 мың гектардан астам жер пайдалануға берілген, яғни оның 148 мыңға жуық гектары егістік алқаптары болса, 603 мың гектар жер мал жайылымдарына арналыпты. Бос жатқан жерлерді анықтау бойынша бірқатар түйткілді жайлар айтылды. Облыс әкімі аудан басшылары мен аталмыш басқармаға бос жерлерді неғұрлым көбірек анықтап, оларды тиімді пайдалану әрі заңға сай игеруді қадағалауды тапсырды. Аудандарда бұл жұмыс әлі де бәсеңдеу жүргізіліп жатқандығын ескертті. Сондай-ақ, жергілікті орындарда пайдаланылмайтын жерлерді мемлекетке қайтару, оны айналымға жіберу жұмыстарын ұйымдастыруды жандыру қажеттігін атап өтті. Бұл орайда, Атбасар, Бурабай, Целиноград аудандары мен Степногорск қаласында халыққа бос жатқан жерлерді игеру бойынша түсіндірмелік жұмыстар оң нәтижеге ие болғандығы айтылды. Қазіргі уақытта бірқатар аудандарда бос жатқан жерлерді анықтау бойынша жұмыстар веб-портал арқылы жүргізілуде. Дегенмен, жерлердің тиімді игерілуіне тексеріс жүргізуге қазір мораторий жарияланған екен.

Жер қатынастары басқармасының басшысы Бауыржан Ерназаров ауыл шаруашылығы алқаптарын цифрландыру және жеке құрамға жайылымдық жерлерді беру туралы баяндады. Қазіргі уақытта жер қатынастары саласында ауыл шаруашылығы алқаптарын есепке алу, халыққа жеке мақсаттарында пайдалануға жерлерді беру мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп жатыр. Бұл мәселе мемлекет басшысының да жеке бақылауында екендігі белгілі. Облыста ауыл шаруашылығы мақсатында 11 миллион гектарға жуық жер бар. Солардың ішінде бүгінгі күні 10 миллион 356 мың гектары ғана Qoldau.kz порталында есепке алыныпты. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, Ерейментау ауданынан басқа аудандарда жергілікті тұрғындар үшін пайдаланылатын алқаптар тапшы. Өңірдегі 617 ауылды жердің 495-інде мал жаюға арналған жерлер жоқ десе де болады. Осы тұста ауылды аймақтардағы мал жайылымдарының мәселелері, жерді игеруге алған субъектілердің заңнамалық құжаттарды толтырудағы олқылықтары мен жерді игере алмау жағдайларына қатысты даулы жайттардың да бары айқын көрінді. Шынтуайтына келгенде, ауылды аймақтардағы бос жатқан жерлерді кейбір тұрғындар белгілі бір кәсіп бастамақшы болып, атына түсіріп алып, кейін ол жерде не шөп шықпайды, не мал бағуға болмайдының кебін киетіні бар. Осы орайда, ауыл тұрғындары малдарын жая алмай, әрі-сәрі күйге түсіп, малдарының егіндік жерлерге шығып кетпеуіне, біреудің иелігіндегі жерге кетіп қалмауына шыр-пыр болатыны да бар. Қазіргі таңда осы мәселелерді шешу бойынша арнайы жұмыстар жүргізіліп жатыр деді басқарма басшысы. 

Аймақ басшысы сонымен бірге коронавирус пандемиясы бойынша облыста жағдай тұрақты екендігіне назар аударып, індетпен күресіп, науқастарға жағдай жасаған Аршалы аудандық ауруханасының  ұжымына алғыс білдірді. Қазір бұл ауруханадан барлық күдікке алынған адамдар емделіп шықты.