«Егемен» – елдің үні, ұлттың мінбері. Қазақ тарихының жүз жылдық жылнамасы. Сондықтан бас басылым арқылы ел-жұртпен тілдесудің маңызы зор», - деді Президент газет басшысы Дархан Қыдырәліге берген сұхбатында.
Мемлекет басшысы осы сұхбатында елдегі төтенше жағдай режіміне байланысты ахуалға, коронавирус індетіне қарсы күрес пен экономиканы, шағын және орта бизнесті, қарапайым халықты қолдау шараларына кеңінен тоқталып, алда атқарылатын істер мен жоба-жоспарларға қатысты пайымдарымен бөліскен.
Еске сала кетейік, бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік лауазымға кіріскелі бері «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланып отырған екінші сұхбаты. Президенттің бұған дейінгі сұхбаты өткен жылы газетімізде «Барымыз да, бағымыз да – Тәуелсіздік» деген тақырыппен жарияланған болатын. Ішкі және сыртқы саясатты қамтыған кең көлемді сұхбатта Қазақстанның басым бағыттары, әлеуметті толғандырған тақырыптар қозғалды.