
Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Онлайн өтінім 10 мамыр аяқталады
Ангелина Мельникова биыл Қостанай облысының Кеңарал ауылындағы орта мектепті бітіреді. Қазіргі таңда ҰБТ-ға қызу дайындық үстінде. Ол жақында ҰБТ-ға өтінішін өткізді. Ангелина өтінішін бұрынғы мектеп түлектеріндей дәстүрлі түрде емес, үйде әрі телефонмен-ақ тапсырып қойды. Өйткені жаңа тәртіп солай. «Біз Ұлттық тестілеу орталығының сайтына кіріп, өтініш толтыру батырмасын бастық. Көп құжат та сұралмайды екен, жеке куәлігімді видеоқоңыраумен байланысқан операторға камерадан көрсеттім. Ал өтініштің төлемақысын банкомат арқылы жібердік. Өте ыңғайлы», дейді Ангелина.
Иә, биылғы ҰБТ бұрынғыдан өзгерек болып тұр. Оны өтініш тапсыру түрінің өзгергенінен-ақ байқауға болады. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін өтініштер онлайн қабылданып жатыр. Ұлттық тестілеу орталығының (ҰТО) директоры Дидар Смағұлов: «Біз өтініштерді онлайн қабылдауды өткен жылдан бастадық. Дегенмен еліміздегі орын алған төтенше жағдай бұл бағыттағы жұмысымызды тездетті десек болады. ҰТО ҰБТ-ға қатысатындардан бірде-бір құжатты талап етпеудің жолдарын іздестіріп, оны қанатқақты жоба ретінде әзірледі. Соның бірі – Digital ID қосымшасы арқылы онлайн түрде цифрлық сәйкестендіруден өту. Яғни төлқұжаты мен бет-әлпетін жоғарыда аталған қосымша арқылы онлайн түрде сәйкестендіруден өткізу қажет. Қаңтар айында қанатқақты жоба жақсы нәтиже көрсетіп, 700-ге жуық, ал наурыз айындағы ҰБТ-ға 7 мыңнан аса өтініш онлайн түрде қабылданды», деді.
Маусымдағы ҰБТ-ға онлайн өтініштер 10 мамыр сағат 23:59-ға дейін ent2020.testcenter.kz сайтында қабылданады. Талапкерлер өтінішті тапсыру үшін бір нәрсені ескергені жөн: 18 жасқа толмаған тұлғалардың дербес деректерін жинауға және өңдеуге келісімді олардың заңды өкілдері береді. Егер өтініш беруші техникалық ақауларға кезіксе, ҰТО-ның 8 8000 80 71 77 нөмірі бойынша Call-орталығына хабарласып, көмек сұрай алады. Сонымен қатар info@testcenter.kz қолдау қызметі арқылы хат жолдауға болады. Қоса кетейік, ҰБТ-ға өтінішті биылғы және өткен жылдардағы мектеп бітірушілері, колледж түлектері, сондай-ақ Қазақстан азаматы болмағанымен ұлты қазақ тұлғалар, білім беру ұйымын шетелде аяқтаған азаматтар тапсыра алады.
Осы орайда «ҰБТ-ға төлемді қалай жасауға болады?» деген сұрақ туатыны заңды. Төлемнің екі түрі қарастырылған: Kaspi қосымшасы немесе басқа банктердің картасы арқылы. «Егер сіз төлемді сайттағы тіркеуге дейін жасасаңыз, онда төлем түбіртегін ЖОО-дағы техникалық хатшыларға тапсырасыз. Төлем қабылданады. Төлем 2242 теңгені құрайды», дейді ҰТО.
Биылғы IV тоқсан бағдарламасынан сұрақ болмайды
ҰБТ сұрақтары мектеп бағдарламасының шеңберінде меңгерілетін негізгі тақырыптарды қамтитыны белгілі. Бірақ ҰТО жақында 2020 жылғы ҰБТ-да пайдаланылатын сұрақтарда IV тоқсан бағдарламасының болмайтынын мәлімдеді. Көп адам «Бұл да төтенше тоқсаннан туған тәртіп» екен деп ой түюі мүмкін. Бірақ ҰТО мұндай шешімге келудің себебін бітіруші сыныпты соңғы тоқсанда негізінен бұрынғы өткендерді қайталайтынымен және жаңа тақырыптардың тым аз екенімен байланыстырды.
ҰТО-ның директоры Д.Смағұлов осындай қадам жасамас бұрын мамандардың тест тапсырмалары мазмұнын егжей-тегжейлі талдағанын айтады. «Біз қашықтан оқуға көшу ҰБТ-ға дайындық жағдайына әсер етпейді деп есептейміз, оның үстіне ҰБТ сұрақтары төртінші тоқсанның тақырыптарын емес, жалпы мектеп бағдарламасын қамтиды. Айтпақшы соңғы жылдары фактологиялық материалды жаттау мен есте сақтауға емес, функционалдық сауаттылыққа байланысты сұрақтардың үлесі артып келеді», деді ол. Сондықтан талапкерлерге сұрақтарды жаттаудан гөрі мектеп бағдарламасындағы негізгі тақырыптарды қайталап жаттыққан жөн секілді.
ҰБТ сынағын тегін тапсырып жатыр
Былтырдан бастап ҰБТ-ны 1 оқу жылының ішінде 4 рет тапсыруға мүмкіндік берілді. Бұл да үміткерлерді психологиялық күйзеліске түсуден сақтап, бірнеше мәрте тапсыру арқылы тестілеуге бойын үйрету мақсатында қарастырылған болатын. Әрі бұған дейін ҰБТ сынағын тапсыру ақылы, яғни 260 теңге тұратын. Енді талапкерлер оны онлайн режімде тегін тапсыра алады.
Наурыздағы ҰБТ сынағы пандемия проблемасына байланысты кейінге қалдырылғанда ҰТО-ның директоры Д.Смағұлов: «117 мың түлекке арналған жақсы жаңалық: testcenter.kz сайтымызда ҰБТ-ның онлайн байқау сынақтарын тегін еттік. Бұған қоса, тесттер базасын максималды түрде жаңартып, әр пәннен 70 бірегей нұсқа енгіздік», деп сүйіншілеген еді. Міне, қазіргі таңда орталықтың мәлімдеуінше, оқушылар сынама тестілерін белсенді пайдаланып отыр.
Айтпақшы талапкерлер кейінге шегерілген наурыздағы ҰБТ-ның қашан өткізілетінін білуге асығып жүр. Бұл сұраққа Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Наурыздағы ҰБТ-ны мамырдың соңына қоюымыз мүмкін. Бірақ бұл да елдегі жағдайдың оңалуына тікелей байланысты. Ал егер пандемия проблемасы өзекті болып қала берсе, инфекция өршіп тұрса, онда маусымдағы негізгі ҰБТ-дан өте алмай қалған талапкерлер үшін тамызда ұйымдастырамыз. Бұл оларға еліміздегі жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне түсу үшін тағы да тест тапсыруға мүмкіндік береді», деп жауап берді.
Қауіпсіздік қалай болмақ?
Біз қауіпсіздік деп пандемия кезінде тест тапсыру жайын сөз етіп отырмыз. Өйткені қандай жағдай болсын, министрлік маусымдағы негізгі ҰБТ-ның кейінге шегерілмейтінін хабарлады. Орталық басшысы Д.Смағұлов карантин алынбаса, маусымдағы ҰБТ-ны өткізудің балама нұсқасы әзірленіп жатқанын жеткізді. Бұл қандай нұсқа? «Біз мұндай жағдайда балалардың арасында 2 метрлік арақашықтықты ұстанамыз. Оған қоса масканың, санитайзерлердің, кварцтың, тазарту жұмыстарының, термобақылау сынды қауіпсіздік шараларына баса назар аударамыз. Жағдай ушығатын болса, одан да көп арақашықтықты ұйымдастырамыз», деді ҰТО-ның басшысы.
Осы ретте ата-аналар да тосын тестілеу талаптарын, ондағы пандемияны өршітудің алдын алу шараларын сақтауды отбасында балаға да кеңінен түсіндіруі керек-ақ. Себебі жылдағы ҰБТ-дан кіру кезегінің сығылысқан жайдайда өтетінін, бірін-бірі итерісіп, ғимаратқа ентелейтінін, қаншама мың талапкерлерге ата-аналардың қосылып адам қатарын көбейтетінін көріп жүрміз. Сол себепті ата-аналардың түсіністігі және балаларына мән-жайды түсіндіруі аса маңызды.
«Төтенше» тестілеу – жаңа мүмкіндік
Биылғы төтенше жағдай 2020 жылғы талапкерлерге жаңа мүмкіндіктерді сыйлап отыр. Мәселен, соңғы сынып оқушылары биыл кешенді аттестаттау емтихандарынан босатылды. Яғни аттестатқа пәндер бойынша жылдық қорытынды бағалары қойылады. Мұның өзі – мүмкіндік. Себебі кешенді емтихан тапсыру да оқушыға салмақ салады, ойын бөледі. Демек, олардың бір жүгі жеңілдеді. Оған төтенше жағдайға байланысты жоғарыда жазған тестілеу сынағын тегін тапсыруға берілген мүмкіндікті қосыңыз. Алаңдап жүріп оқыған IV тоқсан бағдарламасынан ҰБТ-да сұрақтардың келмейтіні тағы бар. Бұған қоса жылдағы қалыптасқан,талапкерлер үйренген тестілеудің форматы өзгерген жоқ. Сондықтан талапкерлер жаңа мүмкіндіктерге толы төтенше жағдайдағы тестілеуге дайындықта лайықты нәтижеге қол жеткізеді деп сенеміз.