Қазақстан • 05 Мамыр, 2020

Ағайын тату болса, ат көп...

432 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Қырғызстан мен Тәжікстан республикаларының әрбіріне гуманитарлық жәрдем ретінде 5000 тоннадан ұн жеткізіп беру ұйғарылды.

Ағайын тату болса, ат көп...

Бұл шешім қырғыз және тәжік та­раптарының Қазақстанға ресми өті­ніштеріне байланысты қабылданған болатын. Бұл туралы Президент Қ.Тоқаев 10 сәуірде өткен Түркітілдес мемлекеттері ын­тымақтастық кеңесінің төтенше бейне­саммитінде COVID-19 пандемия­сы жағдайында еліміз үшін бауырлас мемлекеттердің азаматтарына барынша қолғабыс жасаудың маңыздылығын айта келе, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қырғызстан мен Тәжікстанға қолдау көрсетілетінін (әр елге 5 мың тоннадан ұн беріледі) айтқан болатын.

Өткен аптада Қырғыз теміржолының Бішкек қаласындағы жүктерді қабыл алатын бекетіне Қазақстаннан 12 вагонға артылған 800 тонна ұн келді. Бұл ұнның бірінші партиясы, қалған 4 200 тонна ұн кезең-кезеңімен жеткізілмек.

Қазақстанның Қырғыз Республи­ка­сындағы елшілігінің өкілдері қатысқан жүк­терді өткеріп беру рәсімінде Қырғыз­станның ауыл шаруашылығы, азық-түлік кәсіпорны және мелиорация министрі Эркинбек Чодуев қырғыз тара­­пы Қазақстан Республикасының Үкі­меті көрсетіп отырған жәрдемді жоға­ры бағалайтынын айтып, қолдау көрсет­кені үшін туысқан Қазақ еліне терең риза­шы­лығын білдірді.

Айта кетейік, Қырғызстанға өткен айда Өзбекстан мен Ресей де қолдау көрсеткен еді. Атап айтқанда, Өзбекстан гуманитарлық жәрдем ретінде 1000 тонна ұн және індеттен қорғануға қажетті медициналық бұйымдар алуға қаражат берген. Ал енді, Қырғыз Республикасының Үкіметіне қарасты Мемлекеттік материалдық резерв қоры Ресей Федерациясының азық-түлік корпорациясынан 33 мың тонна бидайды сатып алу жөнінде келісімге қол қойған. Бүгінгі күнде мұның 1800 тоннасы Қырғызстанға жеткізілді.

Ал енді, Қазақстанның жәрдемі өзгеше болып тұр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «қазақ пен қырғыз әлемдегі бір-біріне ең жақын халық» деген сөзі есімізде. Қазақ елі бұл жақындықты қиыншылық заман басқа түскенде тағы да дәлелдеп отыр. Таратып айтқанда, 5000 тонна ұн – 100 мың қап. Демек, жәрдемге мұқтаж қырғызстандық 100 мың отбасы бір қаптан тегін ұн алады.

 

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін

 

Қырғыз Республикасы,

Бішкек қаласы