Бұл тақыртып бойынша архивтік деректер негізінде зерттеу жүргізген журналист, ұлттық қауіпсіздік саласының ардагері Амантай Ғазизұлы, тіпті соғыс басталмай тұрып, яғни 1941 жылы 16 мамыр күні немістер болашақта қолға түсетін кеңестік тұтқындарға не істеу жайлы үкім шығарып қойған. Осы құжатта: большевизммен уланған кеңестік тұтқындарға қатаң көзқарас қолданылсын; соның ішінде азиаттарға тіпті қатаңдық көрсетілсін деген баб болғанын айтады.
Жоғарыдағы құжатқа негізделген қатаң көзқарастың кесірінен 1941 жылдың күзінде Польша лагерлерінде тұтқынға түскен 132 мыңдай азиаттардың 1942 жылдың көктемінде 22 мыңы ғана тірі қалса, сол сияқты Ченстохова (Czestohowа) лагерінде 1941 жылдың күзінде тұтқынға түскен 32 мыңға жуық түркістандықтардың 1942 жылдың көктемінде 262-сі ғана тірі қалған екен. Бұл фашистердің азиаттарға аса мейірімсіз қатал саясат ұстанғандығының айғағы.
«Осындай қиындыққа тап болған азиаттар аман қалудың амалын ойлап немістер тарапынан жасақталған «Түркістан легионы» қатарына кіруге мәжбүр болған» деп жазыпты журналист Досан Баймолда мырза. Бұл құрамға – өзбек, қазақ, түрікмен, қырғыз, белуж, дұңған, иран тектестер, қашғарлықтар, шұнғандар, тараншы ұйғырлар және шығыс татарлары тартылғаны жайлы білеміз.
Осы жауынгерлерге өздері тілін білетін кеңестік қару-жарақ беріліп, үстеріне неміс әскерінің формасы кигізіліп, жеңінің оң жағына «Аллаһ биз билан» («Алла бізбен бірге») деген жазу бәдізделіп, Хожа Ахмет Ясауи мавзолейінің суреті салынған, оның астына «TURKISTAN» деп таңбаланған эмблема (Амантай Кәкен «Жұлдыз» журналы, 2008 жыл, қыркүйек) таққан екен.